Ұрпақ­тың ұясы ұлт болғаннан кейін, ұлттың тарихы ұлтқа керек»

Саркенова Клара

 

Ұрпақ­тың ұясы ұлт болғаннан кейін, ұлттың тарихы ұлтқа керек»

Тарих сөзінің мағынасы өте ауқымды. Оны кей сәттерде халық­тардың қажетті де киелі кітабы деуге болады. Яғни тарих халық­тар­дың тұрмыстары мен қызметтерінің айнасы немесе ата-бабаның өз ұрпағына қалдырған өсиеті. Ал «ұлт – ұрпақтың ұясы. Ұрпақ­тың ұясы ұлт болғаннан кейін, ұлттың тарихы ұлтқа керек»[1]. Плиний айтқандай, шебер жазылмады деген тарихтың өзі сүйкімді, ал ел тарихы одан да қымбат. Әлем тарихы ұлы естеліктерімен ақылды қозғаса, ал отан тарихы жүректі тербейді[2]. Бүгінгі заманда қазақ халқы өзін, тілін сақтап қалуы үшін де ұлттың, елдің тарихын білуі абзал.

Қазақ ру-тайпаларының бай мұраларын жинақтай отырып, соның негізінде қазақ тарихын жазып шығу, сонымен бірге жалпы түркі халықтарының адамзат өркениетіндегі үлесін айқындау мақсатында жүргізілмек іргелі ізденістер келешекте де өз жалға­сын табады деген сенімдеміз.

Тамыры өте тереңге кететін «Бай» этнонимі, кейін «Байұлы бірлестігіне» кірген 12 тайпа – Адай, Алаша, Байбақты, Беріш, Есентемір, Жаппас-Алтын, Қызылқұрт, Масқар, Таз, Тана, Шер­кеш, Ысық атаулары да жеке зерттеулерді қажет ететінін түсіндік.

Қазақ халқын құраған әрбір тайпаның немесе рудың өмір жолын­да этностық, саяси-әлеуметтік ортақтық заңдылықтармен қатар өзіндік ерекшеліктері де аз болмаған. Оларды зерттеп-білу ұлт тарихының толыққанды жазылуына ықпал етері сөзсіз. Яғни ұлтымыздың тарихындағы әрбір рудың орнын және рөлін айқын­дау – тарихымызды түгелдеу ғана емес, сонымен бірге халқымыз­дың ұлттық тарихи ерекшеліктерін ескеру де болып шығады. Бүгінде әркім өз руын ғана дәріптейтін көзқарастың заманы өтті, керісінше, әрбір азамат өз ата-бабасының ұлттың өркендеуіне қосқан үлесін айқындап, дұрыс пайымдайтын уақыт басталды. Кезінде «осы маңызды да күрделі мәселені бүгінгі қоғамымызда кеңестік кезеңнен қалыптасқан «рушылдық» пиғылдардан сақтану психологиясының жолына «құрбандық» еттік. Рушылдық тәрізді өркениетті қоғамға жараса бермейтін ұнамсыз құбылыстан құтылу­дың айқын жолы, біздіңше, өзіңнің руыңды, шыққан тегіңді, ата-баба шежіресін ұмыту емес. Керісінше ұзақ тарихи даму жолда қазақты ұлт етіп құраған осы рулар мен тайпалардың нақты тари­хын терең және жан-жақты білу ғана ортақ мүддені ту етіп көтере­тін иманды қазақ азаматын қалыптастырады. Яғни ұлтымыздың әлеуметтік рулық құрылымы туралы терең білім ғана ұлтты жаңа сапалы деңгейге көтереді. Рулар тарихын арнайы және тереңдетіп жазу әрбір қазақ азаматының ата-бабаның ерлік істерін, салт-дәс­түрін, рухани-діни наным-сенімін құрметтеуіне жол ашады, оның ұлтын, елін, туған жерін бар жан жүрегімен сүйетін нағыз патриот болып қалыптасуына зор мүмкіндіктер береді»[3].

Халық атауы оның өткен жолдарымен, тарихымен тығыз байланысты екені белгілі. Сондықтан халық атауын, яғни оның этнонимін анықтау этностың шығу тегін жан-жақты зерттеуге көмектеседі. Халықтардың бірінің қазақ, бірінің орыс немесе грек, т.б. аталуы неліктен әрі ондай атауларды оларға кім берді? Тіпті, кейбір халықтардың атаулары тамыры бірнеше ғасырларға кететін айтыс-тартыстар да туғызады. Демек, бұл мәселер ешқашан зерт­теу нысанынан тыс қалмақ емес. Ал халықтардың шығу тегі, олардың атаулары немесе этнонимия ғылым саласының тиянақты дамуы ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңында ғана басталды. Этнос туралы кеңестік теория, негізінен, мемлекеттің ұлт саяса­тына орайластырыла дамыды. Этностың ортақтық сипатын және оның иерархиясын мемлекеттік-саяси құрылымдармен байланыс­тыру мақсатында «этнос сөзінің тар аясы» немесе этникос (бір ұлттың адамдары немесе этнос), сонымен бірге «кең мағына­сындағы» этноәлеуметтік ортақтық, яғни халықтың, дәлірек айтқан­да,«әр ұлттың өз ұлттық-мемлекеттік құрылым шеңберінде өмір сүруі» түсініктері қалыптастырылды. Ал қазіргі заманғы ұлттардың қайта өркендеуі және халықтардың сана-сезімінің артуы ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін де жаңаша қалыптастас­тыруға итермелейді. Яғни этнос, субэтнос, метаэтнос, халық, ұлт мәселері секілді сұрақтар заман талабына қарай зерттелуді қажет етеді. Мысалы, дағыстандар – ұлт, ал ноғайлар неге ұлт емес не­месе бір адам өзін славянға (метаэтнос) да, орысқа (этнос) да, казакқа (субэтнос) да жатқызады[4]. Неліктен? Яғни «антропосфера қарапайым тілде халық, ғылыми – ұлт, тіпті, таза ғылыми тұрғыда этнос делінетін қауымдастыққа бөлінеді. Антропосфера мозаика секілді, оны этносфера десек дәлірек болады. Неміс, француз, ағыл­шын, т.б. ұлттардың арасында айырмашылық бар ма әрі ол қандай деген сұрақ туады. Сұрақ тым қарапайым көрінгенімен, оған жауап табу өте қиын»[5].

Сонымен этнос деген не? Бір этностың екіншіге өтуі қалай жүреді? Этносты біз көреміз, сезінеміз. Жарық пен қараңғыны, суық пен ыстықты айырғандай неміс пен поляктың айырмашы­лы­ғын да айқын сеземіз. Бірақ оны ұғыну оңай емес. Этностардың пайда болып, жойылып кету үдерісін тек тарихи оқиғалар тізбегін бір-бірімен байланыстыра қарау арқылы ғана түсіндіруге болады. Демек, халықты тану немесе этнология үшін тарих қосымша мате­риал. Тарихты қажетінше біле отырып, географияның да рөлін айқындаймыз. Этнос тарихын түсінуде географияның, әсіресе физи­ка­лық географияның рөлі ерекше. Ал тарихи оқиғалар мен физикалық географияның байланысын Людвиг фон Берталанфи ұсынған түр деп аталатын ілім арқылы ұғуға болады. Түр – ашық жүйе. Ашық, жабық, қатаң және корпускулярлы жүйе деген бар. Жер шары – ашық жүйе. Үйдегі пеш – жабық жүйе. Отқа жағылған ағаш арқылы ол бір рет энергия алады да процесс тоқтайды. Сол секілді этнос та жабық жүйе. Бір рет энергия зарядын алған этнос қоршаған ортамен бір қалыпты арнаға түседі немесе бөлшектеніп кетеді. Яғни этнос биологиялық та, әлеуметтік те емес. Ол марги­нальды (латын сөзі «margo» – шекара деген мағынаны береді) жүйе, демек, ол материя қозғалысының әлеуметтік формасын таби­ғаттың бар түрлерімен байланыстырады. Яғни адамның табиғатқа ықпал етуі әрі адамның табиғаттың бар байлығын қабылдауы және оны өз мәдениетіне айналдыруы. Демек, этнос – homo sapiens түрінің өмір сүру формасы[6].

Біздің тақырыбымыздың мақсаты – 12 ата Байұлы бірлестігі арқылы қазақ этносына қатысты этнонимдердің тарихын, олардың пайда болуы мен жоғалуын, яғни этногенезін ұғыну. Қазақ руларының ежелгі тарихына барғанда түркі тайпаларының ортақ шығу тегін де ұмытпауымыз керек. Қазір ғылымда қабылданған түсінік бойынша, түркі халықтары ру-тайпаларының қалыптасуы Алтай дәуірінен басталады. Бұл әсіресе тілдік ерекшеліктерден айқын байқалады. Белгілі түркітанушы Н.А.Баскаков сызбасында түркі тілдес халықтардың тарихи отаны Саян – Алтай өңірі екендігі көрсетілген. Яғни алғашқы түркі тайпаларының рулық-тайпалық бірлестіктері және мемлекеттік одақтары негізінде осында дүниеге келіп, қазіргі қазақ жері арқылы батысқа қанат жайған.Зерттеуші М.Исхаков ежелгі түркі ескерткіштерінің географиялық ареалына сүйене отырып, түркі тілді автохтонды халықтар шығыста Якутия­дан, батыста Дунайға, солтүстікте қыпшақ даласы мен оңтүстікте Тұранға дейінгі аумақтарды мекендеді деп тұжырымдай­ды.Архео­лог С.В.Киселев б.з.б. ХҮІІІ ғасырдың Андронов мәдениеті ескерт­кіштерінің Минусинск қазаншұңқыры және Енисей алабынан кездесетінін әрі олардың Төменгі Еділ, Донецк және Дон аймақ­тары Қима мәдениетімен сәйкес келетінін айтады. Олар Төменгі Еділден Моңғолияға, солтүстік-батыста Орал тау жоталарынан Орта Азияға дейінгі аймақтарға таралған[7].

Әрине, 12 ата Байұлы бірлестігіне кірген ру-тайпалар атау­ларының қалыптасуында әлі толыққанды шешілмеген күрделі мәселелер баршылық. Мысалы, Байұлы бірлестігі, жалпы Кіші жүз тайпаларының қалыптасуына негіз болған халықтардың бірі – динлин (мәселен, қытайлар Саян тауын ертеде ‘Динлин’ деп ата­ған). Динлин[8] халқының биік арбалылар, теле сияқты ұрпақтары Сүй, Тан патшалықтары тұсында Гоби шөлінің бүкіл солтүстік аудандарына таралып, халқы бір миллион түтінге жеткен. Олар Гоби шөлінің солтүстігіндегі жер көлемі ауқымды да халқы көп этностардың бірі болды.

Динлин тайпаларының азиялықтар болғанына Шығыс Сібір қорғандарынан табылған бас сүйектер дәлел.Хұн мемлекеті тұсында динлиндердің қазіргі Оңтүстік Сібір – Байкал өңірінен Енисей өзенінің жоғарғы ағысына дейінгі аумақты қамтығанына Оңтүстік Сібір Қарасу мәдениеті жұртының табылуы айғақ. Динлиндердің қабірлері үйсін, қаңлылардың зираттарына ұқсас. Қытай жылнамалары бойынша «шаштары ақшыл, көздері көк үсундер (үйсін – автор) аралығында сэ және юечжи тайпалары» болған. Ал ондағы сэ дегеніміз сақ. Яғни динлин, сэ, юечжи – барлығының да ақшыл түсті, көк көзді, қалың қабақты келуі оларға тән ортақ түр-сипат болған[9].Р.Груссе б.з.б. 750 – 700 жылдары қазіргі оңтүстік Ресейдің далалық кемерлерін Түркістан мен Батыс Сібірден келген скифтердің ығыстырып шығарғанын: «Народ, известный грекам под именем скифы (Skithai), назывался ассирий­цами ашкуз (Ashkuz), а персы и индийцы дали имя сака (Saka)»,[10] – деп жазған-ды. Ал «сақтардың шығыс бөлігі дегендерге, – деп жазады Н.Мұқаметханұлы – үйсін, қаңлы (кангюй), аландар (яньцай) жатады. Бұлардың түркілігі олардың тілдік, дінинаным­дық, салт-саналық ерекшеліктерінен айқын байқалады»[11].

Демек, «сақа» – туыс көшпенді тайпалардың үлкен тобының өзіндік атауы. Өз-өзін ортақ халық ретінде сезінумен, көшпелі сақтарөздерінің пайда болуын ортақ сиқырлы тотем ата-баба сақа /«бұғыға»/) жатқызған; кейін динлиннің бір тармағы пугу немесе бугу, яғни бұғы – қазақ, қырғыз халықтарының негізін салуға қатыс­қаны да белгілі. Мысалы, Х ғасырда Еділді мекендеген бұл­ғар тайпасының бірі Берсилия елінің[12] басты тұрғындары бугу немесе пугу[13] болған, яғни олардың шығу тегі Орхон, Селенгі­дегі теле тайпа бірлестігінен[14], одан да бұрын динлиннен бастау алады. Бұхара қаласының ертеде Бумискат аталуы әрі оның маңында Байкент және Кермен (Байұлы Жаппастың бір аталы­ғы) қалалары­ның орналасуы динлиннің бома (Алаша этнони­міне де қатысты) тармағынан хабар береді[15].ІҮ ғасырдан бастап Қытай деректерінде кездесетін динлиннің боманемесе түркілік алатэтнонимі кейінгі уақыттағы алаша, алақ-бұлак, алка-бұлақ, бұлақ-ат, ала-иондлуг, алан, алачин,[16]т.б. түрлерінде белгілі бол­ға­нын әрі олар кейінгі бөлшектенудің және жергілікті тайпалар­мен этностық араласудан өзінің бұрынғы тегін жоғалтқаны Алаша тайпасын зерттеу барысында байқалды[17].

Және бір ескерер жайт, ол хұндарменсегіз ғасыр аралас-құра­лас өмір сүрген динлиндерден кейін гаогюй[18] тайпасы қалыптасып, оның құрамына әуелі цян, сосын сәнби элементтерінің енуі. Сәнби жерінде Байұлы бірлестігі ру-тайпаларының ата-бабалары, яғни динлин тармағы байлан-цян-дардың мекендегеніне Бай-лан-хэ (Лао-ха-хэ өзені) этнотопонимі де айғақ[19]. Қыпшақтардың да дин­лин ұрпағынан екендігі оның Сарық аталуынан байқалады. Сарык этнонимі де «сары», «ақ», «ақшыл сары» мағынасын береді. Соны­мен қатар хазар қаласы Саркел – «Белая Вежа» деген түркі сөзі де сары – «аққұба» дегенді білдіреді. Қытай жылнамаларының көрсе­туінше, қыпшақтар да көк көз, жирен шаш болған[20]. Т.Рымжанов «Тарихымыздағы қотандар жөнінде не білеміз?» деген мақала­сында: «Қыпшақ елінде әрідегі аруг (аруг гүн) гүндерді сарби, сары-би (сарылар) деп атаған; қытай жазбаларында аруг гүндерді сійаңби деп жазған. Орыстар оларды сяньби деп, біз сәнби деп жүрміз. Сол сарыларымыз половцылар деп те аталады»,[21]– дейді.

VІІІ ғасырда Әмудария мен Зерафшан алқабында орналасқан Самарқан (Соғды) немесе Қан мемлекетінің теріскейін теле жұрттарының бірі «қыпшақ» мекендеген деген деректер бар[22]. Бұхара, Самарқан және Бай-шуй-ху[23] қалаларының салыну тарихы да динлин тайпаларымен тығыз байланысты. Мысалы, Байұлы бірлестігінің шежірешілері ру-тайпалардың орналасуына байла­нысты өз баяндауларында «Жайықтың Бұхар беті, Жайықтың Самар жағы (яғни қазіргі Ресейдегі Самара қаласы)» деген тіркес­терді жиі қолданады. Бұған қарап та бір кездері динлин халқының бірқатар бөліктерінің Сарыөзеннен (Хуанхэ өзені) Ферғана бағытына, одан Сыр және Арал арқылы Еділ – Жайық өңіріне жылжығанын байқауға болады. Байырғы заманда Сарыөзен бойын алтай тілді халықтар мекендеді, яғни  «баба түркі тілділер ең әуелі Сарыөзен бойына қытай тілі қалыптасып болғаннан кейін барған емес, қайта Сарыөзен бойында қытай тілінің қалыптасуына арала­сып, қытай тілін ең алғашқы түбір сөздермен қамдаған халық»[24] деген пікірдің де бар екенін айту парыз. Гоби шөлінің солтүстік аймағына қоныс аударғандинлиндерөздерінің бастапқы отаны – Сарыөзен өзен алабымен қарым-қатынастарын кейін толықтай үзіп, кейін Алтай – Саян динлиндеріде ұсақ тармақтарға бөлініп кеткені белгілі. Г.Е.Грумм-Гржимайло Солтүстік Қытайдан ығыс­қан хұндардың үлкен тобының солтүстікке, ал қалған бөлігініңтилэ, тъле атауымен батыстан Каспий теңізіне дейінгі далалық аймаққа қоныс аударғанын, яғни қазіргі Оңтүстік орыс далаларына енген ғұндардың осы шығыс түркі тайпалары өкілдерінен құрал­ғанын жазады[25].Яғни Солтүстік Моңғолиядан Еділге дейінгі аумақты мекендеген «теле, телэ, телестер – түркі тілдес тайпалар бірлестігінің жалпы атауы. Қытай жазбаларында те-лэ деп аталған. Жылнама деректерінде теле – ғұндардың түп атасы. Бірлестік құрамындағы сйяңто, циби, хуйке, дубо, гулигән, доләңге, пугу, байегу, тунло, хуңбу, сыцзие, хуса, си, адйе, байси секілді жұрттар­дың барлығы телелерге бағынған. С.Кляшторный VІ ғасырға дейін-ақ теленің ауқымды бөлігінің Кавказ және Қара теңіз аймақ­тарына жеткенін айтады»[26].Қытай мен Жапония тарихшылары «биік арбалы», «дили», «чылы» делінген динлиндерді кең мағы­нада телелердің, ал тар мағынада түркілердің арғы тегіне жатқы­зады. Және олардың тұжырымы бойынша түркі шежіресі б.з.б. ІІІ ғасырдағы қытай жазбаларында жазылып қалған динлиндерден бастау алады[27].

Тағы бір мәселе, ол Хазар және Ұлы Бұлғария мемлекет­терін­дегі Байұлы бірлестігі ру-тайпаларының тарихы. Немесе қазақ этногенезіне ерте ортағасырлық ғұн-вар(Днепр өзенін ғұндар осылай атаған[28]) және бұлғарға дейінгі субстраттың қатысуы.Сонымен бірге ғұн ұрпақтары – кутригур (бүгінгі сиық-байұлының арғы атасы) мен утигур, ути немесе юечжи – аорстар делінетін пікір және юечжиге қатысы бар әрі Байбақты тайпасына жалғасқан тохар мәселесі; Түркия ғалымы А.-З.Валиди Тоғанның VІІІ ғасырдағы Еділ өзенінің атауынА-дедеп көрсетуі немесе»А-де» дегенді – «Идель» деп түсіндіруі;[29]Қиыр Шығыс пен Қиыр Солтүс­тікте, Алтайда, Тобылда, Енисей бойында якут, самоед, остяк, вогулдармен[30] қатарлас өмір сүрген Адай мен Таз аттарының сол жерлердің жер-су атауларында, халқында қазірге дейін сақталуы; Адай тайпа атауының АҚШ-тың Луизиана штатынан кездесуі немесе американдық үндістерге жататын осы мемлекеттің байырғы adai халқы мәселесі, т.б. да неғұрлым тез жауап беруді талап ететін сұрақтар қатары молынан екенін ескерткіміз келеді.

Қуатты Түркі державасын құруға қатысқандардың бірі – оғыз тайпасы[31]. Бартольд, Мелиоранский, Маркварт секілді ғалымдар­дың пайымдауынша, оғыз – түркі атауын иеленген Түркі мемлеке­тін құрған тайпалардың бірі. Зерттеуші Маркварт өзінің “Die Chronologie der alttürkischen Inschriften” еңбегінде оғызға тонгра, байырқу, хунь, сы-цзе (сукит), си-цзе (сап), эдиз және тоғыз ру немесе тоғыз-оғыз аталған ұйғырлар кіреді дей отырып: «Огром­ное значение, которое приписывается этому народу, покоится очевидно на том, что он задолго до появления на сцену турок был уже политически организован и играл некоторую роль», – деп жазады. Оғызға батыс түркілерінің тағы он руы қараған. Олар өздерін он-оғыз деп атады. Демек, оғыз – теле тайпаларының бірі[32].«Оғызнама» дастанында ябғуды қолдаушылардың ішінде Докер (дока – тоқа) елінен Таш бек ұлы деген кездеседі. Қазақ шежіре­сінде қарпық, яғни қарлықтың үлкен бір тармағы – Тоқа болып таратылады. Бұл қарлық тоқа-таз арасында белгілі бір байла­ныстың бар екенін көрсетеді[33].

Сонымен қатар қытай деректерінде жиі кездесетін Ташкента­тауы да көңіл аударарлық мәселе дегіміз келеді. Мысалы, Ташкент атауымен белгілі болған грек нұсқасындағы Čāč (Чач), парфиялық Šаš (Шаш). Виденгрен (Widengren) Хосроу Ануширванның соғыс­тары туралы Дайнавари мен Мирхондтың айтқандарына сүйене отырып, түркілердің Šаš, Ферғана, Самарқан, Кеш, Насаф және Бұхараны жаулап алғанын айтып өтеді.Ташкент қаласының түбін­дегі Топыраққала, Варахшадағы патша сарайының қалдығы (Бұха­ра­дан 35 км)[34] эфталит (Байұлы Таздың бір атасы – Абдал немесе Эфталит) заманынан қалған археологиялық ескерткіштер. Čаč-тан да ертерек «Тас» мағынасын беретін деректер қатары да бар. Э.Пулейбланк ежелгі Chin («тас») атауын сюнну (сиуңну) тайпасы­мен байланыстырады. Нақтырақ айтқанда, Пулейбланк Цин-шу дерегіне сүйене отырып, Chin атауын сюннудің оңтүстік тармағы дейді. Хәндәуірінде олар Ташкент округін мекендеген. Пулейб­ланк: «Канцзюй иран тілді халық делініп келді. Бірақ олардың Да-юань (тaxwar, тохар) және юечжилермен тығыз байланыста бол­ғаны белгілі. Олар да үсундер (үйсін – автор) сияқты his-hou ябгу[35]титулын пайдаланды», – деп жазады[36].Ю.А.Зуев те осы пікірге саяды. Оның айтуынша, Кейінгі Чжао (319 – 352 жылдар) мемле­кеті патшалық фамилиясы цянцзюй тайпасынан Ши («Тас») бол­ды: «В тысяче с лишним ли к северо-востоку от их (племени байарку) страны течет река Кангань. Там растет сосновое дерево. Если опустить его в воду на два года, оно превращается в ка­мень…» Представление о камне как обители бессмертного божества, «доме бога, его воплощение известно многим народам древности… Названия «кангха», «канка», «канг», «каменное царст­во» (Ши го) и «каменный город» (Ташкент) – это символы культа великой богини Сырдарьи»[37].Ал Таз құрамындағы Абдал этнони­мін зерттеушілер б.з. ІV – VІ ғасырлары аралығында Орта Азия, Ауғанстан мен Пәкстан, Үндістанның солтүстік-батысы және Түркістанның оңтүстік бөлігін, сонымен қатар қазақ жерінің оңтүс­тік өңірін «Эфталит мемлекетімен»[38] байланыстырады.

Еділ – Жайық татарларының қалыптасуы мәселелерімен айна­лыса отырып, Орал аймағының (Каманың сырты) этносаяси карта­сын жасаған Қазан қаласының этнолог-ғалымы Д.М.Исхаков өзінің башқұрттар мен иштяктар туралы зерттеулерінде «остяк» пен баш­құрт­тың қалыптасуындағы айырмашылықтарды көрсетеді. Мы­са­лы, автор «остяктарға» Белая (Ағеділ[39]) өзенінің төмені мен солтүс­тік башқұрт топтарын – гайна/еней, терсак, тазлар, сызгы, балыксы, кошсо, упей, юрмий және юрматтарды жатқызады[40].Сөз арасында Ә.Марғұланның «академик В.В.Бартольдтың анықтауын­ша, ғұндардың тілі ең ескі түркі тілінің бірі. Ғұндар ІІ ғасырда Жайық өзені бойын қоныстап отырғанда, Птоломейдің хабарла­уын­ша, олар ол жерді Даиқ деп, кейін Менандр Дайх деп жазады, демек Яик деген сөз. ‘Яик’ сөзін ерте кезде ғұндар қолданғаны анық», – дегенін де айта кетуге болады[41].Осы жерде тағы бір қосымша айтсақ, ол Алтайдың Косогол маңын мекендеген теле тайпалық бірлестігі – ки-би, съ-янь-то (шюеянто – Қ.Ынтыхан­ұлы), до-лань-гэ, ху-се, тун-ло, пу-гу, си-цзе, сы-цзе, ба-е-гу, гу-ли-гань, бай-си, юань-хэ, хунь, а-де тайпаларының Каспий мен Қара теңіз аралығына, Еділ – Жайыққа, Солтүстік Кавказғажеткеннен кейін Алтай – Селенгадағы  атақонысы Косогол[42]көл (косог гол/көл[43]) атауын Кавказдағы қоныстарына (Касахия) да беріп, өздерінің касог немесе косог аталу мүмкіндігі. Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның «Энциклопедиялық сөздігі» (Спб., Брокгауз-Ефрон, 1890-1907) бойынша, Косогол Моңғолияның солтүстігінде Иркут­ск аумағының оңтүстік шекарасында орналасқан көл. Моңғолша аталуы – Хубсугул-далай, Урянхайша (Оранхай – автор) Эджь (әже, ана – автор) мағынасын береді. Ауданы – 2620 км2. Ұзын­ды­ғы – 134 км, ені – 35 км-дей, деңгейінің биіктігі – 1645 м, тереңдігі – 238 м-ге барады. Косоголдан Эгийн Гол (Селенгі алабы) өзені ағып шығады. Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның «Энциклопедия­лық сөздігінше» Косоголдың маңын урянхай немесе свойот секілді түркі халықтары мекендеген. Косогол (қазіргі Хубсугул) Байкалға өте ұқсас. Оны Байкалдың інісі деп те атайды екен. Кейбір мәлі­мет­тер бойынша, Хубсугул мен Байкал­дың су астын өзен байла­ныс­тырып жатыр. Себебі екі көлдің де су көтерілу деңгейлері бір­дей. Қазіргі күнге дейін жергілікті халықтар арасында буддамен қатар шаман да қолданылады. Жергілікті халықтың айтуынша ол жер­де сақталған 13 оба әрі тасқа қашалған белгісіз жазу дашаманға жатады[44].

Қондыбай VІІ – ХІ ғасырларда Қобаң (Кубань) – Таман (Тму­тара­кань) аймағында өмір сүрген касог, косог, касах деп аталған­дар этностық жағынан бұлғарға дейінгі альциагар-кутригур тайпа­сының жергілікті алан, адыге субстратымен араласқан ұрпақтар болған дейді.Ол өзінің «Маңғыстау-нама» еңбегінде: «Х – ХІV ғасырлар бойына Солтүстік Батыс Кавказда белгілі болған касах, касог, козак атауын сақтап келгендер – дондық, солтүстік кавказ­дық қыпшақтар (половецтер) болды. Нақ осы қыпшақтар бүгінгі Байұлы бірлестігінің негізгі этностық субстраты. ХІІІ ғасырдың аяғында (немесе ХІV ғасырдың басында) Солтүстік Кавказ бен Дон – Днепр далаларын мекендеген, Шыңғыс пен Батудың, олардың ұрпақтарының жорықтарынан аман қалған дондық-солтүстік кавказдық половецтердің көпшілігі мекендеп жатқан жерлерінен Еділ – Жайыққа, бүгінгі Атырау және Батыс Қазақстан облысына көшірілген еді. ХІV ғасырдың орта тұсында Үстіртке (Қырға) шыға бастағандар байұлы-половецтердің фольклорлық жады сақтап келген «қазақ» атауын жаңа жерде, 400 жылдық уақыттан кейін жаңа заманда қайтадан жаңғыртты», – деп жазады[45].Н.М.Карам­зин өзінің «История государства Российского» еңбегінің V томын­да орыс жеріндегі казактардың шығуын ежелгі касогтармен байла­ныс­тыра келе, «казак» сөзінің еркіндік, батылдық, ержігіт мағына­ларында қолданылғанын айтады: «В истории следующих времен увидим Козаков Ордынских, Азовских, Ногайских и других: сие имя означало тогда вольницу, наездников, удальцов, но не разбойни­ков». «Заметим, что летописи времен Василия Темного в 1444 году упоминают о Козаках Рязанских, особенном легком войске, слав­ном в новейшие времена[46]. Итак, Козаки были не в одной Украине; но вероятно, что оно в России древнее Батыева нашествия и при­над­лежало Торкам и Берендеям, которые обитали на берегах Днепра, ниже Киева. Торки и Берендеи назывались Черкасами: Козаки – также. Вспомним Касогов, обитавших, по нашим лето­писям, между Каспийским и Черным морем; вспомним и страну Казахию», – деп жазады[47]. Осы еңбектің 964 – 966 жылдардағы Святославтың қызметіне байланысты тарауында да: «Святослав победил еще Ясов и Касогов: первые – вероятно, нынешние Оссы или Оссетинцы – будучи Аланского племени, обитали среди гор Кавказских, в Дагестане, и близ устья Волги; вторые суть Черкесы, коих страна в Х веке именовалась Касахиею: Оссетинцы и теперь называют их Касахами», – дейді[48]. Бұдан шығар қорытынды, ХVІІІ ғасырдың ортасынан бері толастамаған «қазақ» сөзінің түп-төркіні зерттеушілер назарынан ешқашан тыс қалмақ емес. Оған байла­нысты қалыптасқан әртүрлі пікірлерді талдаудың өзі жеке арнайы зерттеуді қажет ететіні де күмәнсыз. Біздің тақырыбымызға қатыс­ты 12 ата Байұлының үлкен тайпасының бірі – Шеркештің тағы бір атауы касог болғанына орай біз де бұл мәселеден аттап өте алмағанымызды ескерткіміз келеді.

[1]«Алаш» тарихи-этнологиялық журналы. – Алматы, 2008, №2(17). – 3-б.

[2]Карамзин Н.М. История Государства Российского: ХІІ томов в 3-х книгах. Книга 1. Т. І – ІҮ. – М.: ОЛМА-ПРЕСС, 2004. – 8-, 9-б.

[3]Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Керейт. ІV том. – Алматы: Алаш, 2006. – 8-, 9-б.

[4]Беджанов М.Б. Этнические образования и межнациональные отношения // http:elibrary.ru

[5]Гумилев Л.Н. Конец и вновь начало: популярные лекции по народоведению. – М.: Айрис-пресс, 2009. – 20-б.

[6]Гумилев Л.Н. Струна истории. Лекции по этнологии. – М.: Айрис-пресс, 2011. – 22-, 31-, 32-, 35-, 41-, 44-б.

[7]Асқаров А. Арийская проблема: новые подходы и взгляды. – «Алаш» тарихи-этнологиялық журналы. – Алматы, 2007, №3(12). – 57-, 60-б.

[8]«динлин» – орман халқы немесе агач-эри деген мағынаны береді. Д.Еремеевтің айтуынша, «при анализе тюркской этнонимии выделяется несколько групп этнонимов со сходной морфологической структурой. Прежде всего это названия народов и племен, имеющие окончание -ар: татар, хазар, булгар (болгар, балкар, малкар), авар (абар, апар), маджар (мадьяр, мишарь), кангар (кенгер), сувар (субар), каджар (кеджер, качар, гаджар), кабар и др. Уже давно было высказано мнение, что окончание -ар в этих этнонимах восходит к слову ар/эр/ир сохраняет близкое значение – «мужчина», «муж». Этнография знает немало примеров, когда народы и племена называют себя «люди» или в этноним входит слово «человек». Например, этноним хунны можно сопоставить с монгольским словом хун «человек», тюркский этноним агач-эри переводится как «лесные люди», тюркские этнонимы алтай-кижи, туба-кижы, чу-киши значат «алтайский человек», «человек туба», «человек с реки Чу» и т.п. // Еремеев Д. К семантике тюркской этнонимии. – «Алаш» тарихи-этнологиялық журналы, 2009. – №3(24). – 103-б.

[9] Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т.2. – Л., 1926. – 6-б.

[10] Груссе Р. Империя степей. История Центральной Азии (с древности до тринадцатого века). Перевод К.Салгариной. – Алматы: Санат, 2003. – 26-б.

[11] Мұқаметханұлы Н. Үйсін мемлекеті жөнінде // Қазақ тарихы.  – 2004-2. – 12-б.

[12]Генинг В.Ф., Халиков А.Х. Ранние болгары на Волге (Больше-Тарханский могильник). – М.: Наука, 1964. –108-б.

[13]Пу-гу (бугу, Schlegel, Аристов) – VІІ ғасырда Орта Азияның шығысында орналасқан теле тайпаларының (ки-би, съ-янь-то, до-лань-гэ, ху-се, тун-ло, си-цзе, сы-цзе, ба-е-гу, г-ли-гань, бай-си, юань-хэ, хунь, а-де) бірі. Олар басқа теле тайпаларына қарағанда солтүстікке қарай тун-ломен аралас, яғни Орхонның төменгі ағысында және Селенгінің төменгі алабында өмір сүрген // Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т.2… – 247 – 251-б.

[14] Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т.2… –249-б.

[15]Бронников, Н. А. Кангюй, Кангалы или Кан и Юечжы: (К исторической Географии Русского Туркестана): Из Записок Императорского Московского Архео­логического Института.Вып. 1914 г. – М.,1914. – 6 – 7-б.; соңғы зерттеу­лердегі Қазан қаласының түп-төркінін Керменмен байланыстыруы да көңіл аударарлық мәселе деп ойлаймыз // Древности Поволжья: эпоха средневековья (исследования культурного наследия Волжской Булгарии и Золотой Орды). – Казань, 2005. – 157-б.

[16] ІХ ғасырға дейін теле конфедерациясы құрамындағы алакчиндер Ферғана аңғарын мекендеді. ІХ ғасырдан қимақ-қыпшақ тайпалары одағына кірді. Г.Е.Грумм-Гржумайло жазатын «қайсар да намысқой, бойшаң да  аққұба, көк көз қырғыздар өз көршілері түркілермен және самоед-меркітпен, сол сияқты э-чжы (косоголдық оранхайлар), ду-болармен, өздеріне туыс динлиндер – бо-ма, е-ло-чжы (алачин, алчин – Аристов) цзюнь-ма немесе би-ла секілді ақ түсті тайпа­лармен жиі-жиі соғысып отыратын» деген жолдардан қырғыз халқының этностық тарихын зерттеуші Т.Акеровтің «ортағасырлық алакчиндердің тұқымдары қыр­ғыздардың, қазақтардың құрамында алакчин, алаш және алшын деген атаулармен сақталып қалған» деген тұжырымын байқауға болады // Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т. ІІ… – 353–354-б.; Акеров Т.А. (Табылды Акертегин). Древние кыргызы и Великая Степь (по следам древне­кыргызских цивилизаций). – Бишкек, 2005. – 29-б.

[17]Тортаев С.Ә. Алашаның арғы тарихы // «Алаш» тарихи-этнологиялық журналы, 2006-3. – 69 – 70-б.

[18]К.Иностранцев өзінің «Хунну были скорее всего тюрки» атты еңбегінде: «мы должны указать на то, что до нас дошла целая хуннская фраза, правда в китайской транскрипции… По древне-турецки фраза эта будет звучать следующим образом: «Сÿси сÿläгäн, Пугу туткан»; по значению своему она тождественна переводу, сообщенному китайцами… имя Хунну дается тому народу, из которого произошли все позднее встречаемые в истории Средней Азии народы турецкого племени. Так, говоря о Гаогюйцах, несомненных Турках, китайцы замечают, что «язык их сходен с хуннскими, но есть небольшая разница. Некоторые говорят, что предки гаогюйского Дома происходит от внука по дочери из дома Хунну…», – деп жазады // «Алаш» тарихи-этнологиялық журналы, 2008. – №4(19). – 4-, 5-б.

[19]Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т.2… – 193-, 228-б.

[20] Еремеев Д. К семантике тюркской этнонимии… – 105-б.

[21]«Алаш»тарихи-этнологиялық журналы, 2008. – №4(19). – 30-б.

[22] Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. – Алматы, 1994. – 39-б.; осы жерде Ж.Бейсен­байұлының мәліметіне сүйенген С.Қондыбайдың қазақтың Байұлына қатысты мынадай пікірін қосымша бере кетсек дейміз: «Қазақ халқының тарихи зерттелуі жағынан ең соңғы орын алатындары – алшын рулары болса, оның ішінде – байұлы руы болып табылады… ХІІІ ғасырдағы Шыңғысхан жорығынан кейін Венгрияға кеткен қыпшақтың 60 мыңдық жасағынан қалған, бүгінгі мадияр халқының 10%-ын құрап отырған куншаг (қыпшақ) ұрпақтары – шортан, бұржоғлы, тоқсоба, алаша, тазлар, кішішеркеш, нодшеркеш этнонимдері бүгінгі байұлдардың ішкі руларына кіреді. Мұндағы таз, алаша, шеркеш рулары өз аттарымен, ал тоқсоба руы байұлының асқар-байбақтысындағы ішкі ру-ата есімі болып жүр. 1239 жылдан бергі венгриялық қыпшақтар өз руларының ішінен тек байұлдық ру есімдерін сақтауы сол қыпшақтардың өзінің де байұлдардан екендігін көрсетеді, өйткені ең қарапайым қисын бойынша баяғы кеткен қыпшақтардың ішкі рулары тек бүгінгі қазақ-байұлдардың есімін сақтап тұрған болса, онда 1239 жылы Венгрияға кеткен қыпшақтардың рулық құрамы да осы байұлылық болған // Қондыбай С. Есен-қазақ. Толық шығармалар жинағы. Т. 4. – Алматы, 2008. – 307-, 312-, 313-б.

[23]Бай-шуй-ху қаласы – Chavannes бойынша,араб авторларында Исфиджаб деген атаумен кездесетін қала. Исфиджаб – қазіргі Шымкенттен шығысқа қарайғы бірнеше шақырымда орналасқан қала // Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т.2… – 260-б.;сонымен біргеБай деген қала аты Шығыс Түркістанда Моғол хандары тұсында аталады // Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т.2… – 627-, 645-б.; Исфиджаб – қазіргі Сайрам қаласы. Рузбехан ХҮ ғасырда Аркукты(қазір Қызылорда облысында көне қала орны сақталған) Самарқан мен Бұхарадан Дешті Қыпшаққа шығар жолдағы «Түркістанның алғашқы қамалы» деп жазған-ды // Түркістан. Халықаралық энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2000. – 90-, 346-, 591-б.

[24] Құмарұлы Я. Баба түркі тілділер Сарыөзенге (Хуаңхыға) қашан келген. – «Алаш» тарихи-этнологиялық ғылыми журналы. – 2009, № 2(23). – 38-б.; қытайтанушы Т.Әбенай­ұлы­ның айтуынша, «…біздің ата-бабаларымыздың жазу-сызу мәдениеті өте жоғары болған. Олар ерте кезде пішік (иероглиф) жазуын пайдаланған. Оған дәлел – қытай тілінде әлі сақталып келе жатқан «үй», «әже» сөздері ертеде енген түркілік сөздер». – «Алаш» тарихи-этноло­гиялық журналы, №4(7), 2006. – 9-б.

[25] Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т.2… – 195-б.

[26] Түркістан. Халықаралық энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2000. – 316-, 576-б.

[27] Сиуңну «Хан» кітабынан. Аударып, құрастырған Қ.Салғараұлы. – Алматы, 1998. – 25-, 116-б.

[28]Артамонов М.И. История хазар. – Л., 1962. – 61 – 62-б.

[29]Валиди Тоган А.-З. История башкир. Перевод с турецкого А.М.Юлдашбаева. – Уфа, 2010. – 23-б.

[30] Живая старина. Отделения этнографии Императорского русского географического общества под ред В.И.Ламанского. – Спб., 1896. Вып. ІІ. Год шестой. – 273-б.

[31] Қытайдың Гансу өлкесіндегі Чи-лиән тауының теріскейін мекендейтін түбі бір түркі халқының бірі – сарыұйғырлар өздерін ешқашан «сары ұйғырмыз» демейді, олар «иоқырмыз», яғни оғызбыз дейді. Оғызды қытай жылнамалары оғұ, ұғыр деп, кейін құйғыр аталып кеткен // Ынтыханұлы Қ. Ағырғы оғыздар. – «Алаш»тарихи-этнологиялық журналы, 2007. – №5(14). – 51-б.

[32]Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т.2… – 286-б.

[33]Әміржанұлы А. Ақиық-арман. Кіші жүздегі Таз руының шежіресі Т. 2. – Ақтөбе, 2009. – 433-б.

[34] Толстов С.П. Древний Хорезм. – М., 1948. – 492 – 493-б.; Әміржанұлы А. Ақиық-арман. Кіші жүздегі Таз руының шежіресі. Т.2. – Ақтөбе, 2009. – 378-б.

[35] ябгу, йабғұ, джабу – байырғы әлеуметтік термин. Оның бастапқы мағынасы «Йабтың/Джабтың/Йамның (қолынан билік құқын алған) билеуші» дегенді білдіреді, яғни юечжи кезеңінде қалыптасқан (бірде «сақтардікі, бірде юэчжи­лердікі делінетін «javuga» термині) түркілік термин // Серікбол Қ. Арғықазақ мифологиясы. Үшінші кітап. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004. – 49-б.

[36]Акишев А.К. Пентти Аальто. «Имя Ташкент»: Перевод и комментарий // Труды Центрального Музея. ІІ. –Алматы: Балалар әдебиеті, 2009. – 265-б.

[37]Зуев Ю.А. Ранние тюрки: очерки истории и идеологии. – Алматы: Дайк Пресс, 2002. – 99 – 100-б.

[38] Советская историческая энциклопедия. Том 16. – М., 1976. – 688-б.

[39]ҚСЭ. Т. 2. – Алматы, 1973. – 215-б.

[40]Асылгужин Р., Юсупов Ю. Племя гирей (кирей): страницы политической и этнической истории Башкортостана. ХҮІІ – ХҮІІІ ғасырдың 1-жартысындағы Бащқұрт руларының картасы. – Уфа, 2011; Исхаков Д.М. От средневековых татар к татарам нового времени. – Казан, 1998; Юсупов Ю.М. История Башкортостана ХҮ – ХҮІ веков (социально-политический аспект). – Уфа: Гилем, 2009. – 9 – 10-б.

[41]Маргулан А. Труды по культуре казахского народа. – Павлодар, 2005. – 190-б.

[42]Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т.2. – 181-б.

[43] Я.Құмарұлы Сарыөзенге қатысты мынадай пікір айтады: Қиыр Шығыстағы өзен-су аттарының қытай тіліндегі «хы» атауы арғы ерте заманда галделінген немесе түркі тілдерінде көлемді жиналған су «көл» дегенді білдіреді// Құмарұлы Я. Баба түркі тілділер Сарыөзенге (Хуаңхыға) қашан келген. – «Алаш»тарихи-этнологиялық журналы, 2009. – №2(23). – 35-б.

[44] косогол/ozero-xubsugul-mongoliya-otzyvy-foto.html; dic.academic. ru

[45]Қондыбай С. Маңғыстау-нама. Т. 7. – Алматы, 2008. – 35 – 36-б.

[46] ХІХ ғасырда да Ресей империясының әскери авангардын Кавказ  казактары, алғашында терліктер, кейін кобаңдықтар құрағаны туралы В.Л.Величко 1904 жылы  былай жазған-ды: «Оно несомнънно представляетъ собою замъчательное воинство, – и недаром конвой Государя Импъратора состоитъ изъ казаковъ» // Величко В.Л.Кавказ. Русское дело и междуплеменные вопросы. – Баку: Элм, 1990. – 187-б.

[47]Карамзин Н.М. История государства Российского. Книга вторая. Т.V – VІІІ. – М.: ОЛМА-ПРЕСС, 2005. – 182-, 183-б.

[48]Карамзин Н.М. История государства Российского. Книга первая. Т. І – ІV. – М.: ОЛМА-ПРЕСС, 2004. – 105-б.