Асқар таудың асқақтығын алыстағанда аңғарасың…

kurmetpen,

dr., prof. Zhetpisbay Bekbolatuly

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби ат. ҚазҰУ
баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі

     Қабылахат Сейдахмет,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қостанай қаласы

 

Асқар таудың асқақтығын алыстағанда аңғарасың…

 

Марат Барманқұлов…Қазір Қазақстандағы электрондық ақпарат жүйесінде еңбек етіп жүрген журналистердің арасында бұл кісі туралы естіп-білмеген жан кем де кем болар, сірә…

Ал Мараттың 1930-жылдарғы зұлматтың зардабын шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәтінен бастап сезінген жандардың бірі екенін онымен қоян-қолтық араласып жүрген, үзеңгілес замандастарының да көбі біле бермейтін…

Торғайда 1864 жылы Ыбырай Алтынсарин ірге тасын қалаған мектеп осы өңірдің біраз талапты жастары үшін тек білім ошағы ғана емес, өмір мектебі де болды. Кезінде Торғай өңіріне әйгілі Баймырза батырдың кіндігінен тараған ұрпақтың да біразы осы мектептен тіл сындырып, сауатын ашқан болатын. Қалмұқанбет Танкин-осы мектепті үздік бағамен тамамдаған талантты жастардың бірі болатын. Өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған жас жігітке патша үкіметі жер жанннаты-Жетісу өңіріне барып еңбек ету туралы ұсыныс жасайды. Бұл туралы деректі Орынбор облыстық мұрағатынан тауып алдым. Қалмұқанбет атамыз Әулиеата уезіндегі бір болыста тілмаш-хатшы қызметін атқарып жүріп, жер жұмағы Жетісуда басына шаңырақ көтеріп, отау тігеді. Үлкенге ілтипатты іні,кішіге қамқор аға бола білген Қалмұқанбетті ауылдастары да айрықша құрмет тұтады. Қалмұқанбет атаның Әулиеата өңірінде шаңырақ көтеріп, қоныстануының сыры тереңде жатыр. Біздің атамыз Мерген (шын аты Теңізбай,атқыштығына қарай «Мерген»деп кеткен) батырдың нағашы жұрты-Албандар. Нағашы жұртына барған бір сапарында жергілікті азаматтармен бірге жоңғарлармен соғысқа қатынасады. Бұл туралы Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» повесінен оқуға болады. Ал Мерген бидің де 18-ғасырдағы  Қазақ-Ресей елдері арасында орын алған даулы мәселелерді шешуге  қосқан үлесі туралы тарихи деректер еліміз тәуелсіздік алған соң ғана жарық көре бастады. Жорықтан келе жатқанда Ұлы Жүздің атақты қолбасыларының бірі, Шымыр Дулат Қойгелді Сартұлының апасы Асыл анамызға үйленеді.Түп нағашыларызбен біздің елдің байланысы 32-жылдың аштығы мен 37-нің сұрапылына дейін үзілмепті. Осы Мерген батырдан Қалмұқанбет Танкиннің атасы Пугачевтің өзі көмек сұрап арнайы хат жазып, елші жіберген Торғай бойын мекен еткен Әйдерке Арғын, атақты Баймырза батыр Мерген ұлынан тарайды. Марат аға-осы кісілердің тікелей ұрпағы. Қалмұқанбет Танкинің өз замандастарына сыйлы азаматтардың бірі болғандығын қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол,тайғақ кешу» атты естелігінде айрықша атап көрсеткен. Онда Колчактың құрсауынан әрең құтылып шыққан Сәкенді ол бұрын таныс болмаса да туғанынан артық құрметтеп, күткендігі туралы жазылған.

Қалмұқанбеттің Халық, Әбік, Қапар, Жапар деген төрт ұлы болған. Жастайынан әке тәрбиесін көріп өскен олар атадан балаға мирас адамгершілік қасиетті өздерінен тараған ұрпақтың да бойына дарытуға тырысқан. Халық Қалмұқанбетұлы Танкин – өз заманының талабына сай терең білім алған, сол дәуірдегі алаштың озық ойлы ат төбеліндей азаматтардың қатарында болған. Халық Танкиннің Ташкенттегі Орта Азия университетін «үздік» бағамен бітіргені туралы кезінде М.Дулатовтың қызы Гүлнәр апай да жазған болатын. Отбасымен Әулиеатаға жер аударылып келген Міржақыпқа, Қалмұқанбет Танкин: «қонақ келгенде үйіңнен құрауыз кетпесін» деп, күн ара бір саба қымыз, сойысқа бір қой жіберіп тұрыпты». Бұл туралы да Гүлнар апай сол зар заманда өз отбасының бастан кешкендері жайлы естелік кітабында тебірене еске алған болатын. Қазақстан Үкіметі Алматыға көшіп келгеннен бастап Халық Танкин Жетісуда түрлі билік органдарында қызмет атқарып, көпшіліктің құрметіне бөленген. Мұрағат деректерінде Халық Танкиннің 1930 жылдардың бас кезінде Жер Халық комиссарының орынбасары міндетін атқарғаны айтылады. Бұл кезде Торғайдағы Ыбырай мектебінің түлегі, Торғай «Алашордасы» басшыларының бірі-Кәрім Тоқтабаев Жер Халық Комиссары болып істеген болатын. Ал кейін Кәрім Тоқтабаев «Торғай Алашордасына қатынасты»деген айыппен қуғынға ұшырап, Ресейге жер аударылған. Оның үзеңгілес серігі – Халыққа да саяси айып тағылып, қуғынға түскен. Алматы темір жолы бастығының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген Халық Қалмұқанбетұлы 1937 жылы жалған жаланың жазықсыз құрбаны болған кезде оның тұла бойы тұңғышы Мараттың туғанына санаулы ғана айлар өткен еді. Халық Танкин сол тар қапасқа қамалғаннан отбасына қайта оралмады. Анасы басқа кісіге тұрмысқа шыққан соң, Марат ағаның да төлқұжаттары сол кісінің атына жазылып кете барады. Алдарындағы асқар таудай ағасынан абайсызда айрылып қалған Әбік, Қапар, Жапарлардың оның соңында қалған жалғыз тұяғының тілеуін тілеп жүруден басқа амалы болмағанға ұқсайды. «Ата көрген оқ жонар» дегендей Марат та жастайынан өнер-білімге құштар жан еді-дейді Мәкеңнің көзкөрген ,сыйлас замандастары. Тағы да бір айта кететін жағдай-Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, арқалы ақын Ғафу Қайырбековтің Мәкеңмен туысқандығы туралы. Ғафаңның әкесі Қайырбек Танкин. Оның әкесі Сәрсенбаймен Қалмұқанбет Танкин бірге туады. Демек, Марат Барманқұлов пен Ғафу Қайырбеков немере туыс жандар. Біз Мәкеңмен аталас ағайынбыз. Қалмұқанбет атадан тараған Әулиеатадағы ағайындарды Бидаш Қонарбаев атамыз 1950 жылдардың аяқ кезінде газет-журналдар арқылы сұрау салып жүріп тауып алып, табысты. Өрттен аман қалған жалғыз түп жусандай, 1937-жылдың зұлматынан кейін немере ағасы Халық Танкиннен қалған жалғыз тұяқ-немере бауыры Марат Барманқұловпен Ғафу әкеміз өзі өмірден озғанға дейін араласып, ағалы-інілі болып сыйласып тұрды. Ғафекең бұл туралы кітабында да жазған болатын.

«Марат – қазақ журналистикасының Робеспьері болды», деп жазған еді Мәкеңнің үзеңгілес досы,белгілі ғалым Сағымбай Қозыбаев. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің телерадио журналистерін дайындайтын бөлімінде ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Шәкірттеріне тек ғылыми негізде ғана білім берумен шектелмей, олардың қауырсын қаламдарының бекуіне талмай көмек көрсетті. Оның “Телевидение: деньги и власть”атты еңбегінде осы заманғы ақпарат кеңістігінде жұмыс істеу ерекшеліктеріне терең талдау, түйінді тоқтам жасалды. «Ол Республикалық «Казахстанская правда» газеті редакторының орынбасары міндетін атқара жүріп, өзін көсемсөз жанрының хас шебері ретінде таныта білді.Ол кезде қазақтың республикалық деңгейдегі орыс тілді басылымды басқармақ тұрмақ, онда қызмет істеуінің өзі сирек кездесетін құбылыс еді» деп еске алады белгілі ғалым Сағымбай Қозыбаев.

Мәкең аға спорт десе ішкен асын жерге қоятын. Жұмыстан қолы қалт ете қалған кезде алты ай жаз Алатаудың шатқалдарын аралап, альпинизммен айналысқанды ұнататын. Өмірінің соңғы жылдарында Марат көне түркі әлемі тарихының халықтың көңілінен тыс қалған көлеңкелі тұстарын зерттеп, зерделеуге баса назар аударды. Орыстың әйгілі ғалымы Л.Гумилев негізін қалаған евразиялық үрдіске қазақ топырағында алғашқылардың бірі болып,үн қосты, оны насихаттауға талмай тер төкті. Көне түркі, қала берді одан бертіндегі қыпшақ қауымының Ресейдің рухани дамуына қосқан үлесі туралы келелі ойын нақты дәлелдермен түйіндеп берді. Оның бұл еңбегі тың тоқтам, түйінді ой толғамдарымен тек қазақстандық ғалымдар ғана емес, шетел зиялыларының да назарына ілікті, қолдауына ие болды. «Қыпшақ даласының жусаны» атты атышулы еңбектің авторы, ресейлік ғалым Мұрат Аджи оған өз еңбегімен қатар фотосуретін сыйға ұсына отырып, оның сыртына «Мұраттан Маратқа» деген естелік-жазу қалдырған екен. Бұның өзі ойы да, арман-тілегі де бір замандастардың бір-біріне деген қимастық сезімінің қысқа да болса нұсқа, айқын белгісі тәрізді. Мәкеңнің тарихи тақырыпқа арналған «Хан Иван», «Хрустальные мечты тюрков о квадронации», «Наследники Белого Лебедя», «Тюркская вселенная» атты еңбектерінің қазақ түркология ғылымында алар орны айрықша. «Аль-Халел» халықаралық ақпарат агенттігі шығарған «Золотой человек, золотые награды» атты топтама еңбектегі «Жұлдыздар арасындағы алғашқылар…» айдарында алғашқы тараудың Марат Барманқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналуы ол кісі туындыларының әлемдік деңгейде де танылып, бағаланғандығын аңғартса керек. Жерлесіміз қазақ журналистикасына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Қазақстан Республикасы Журналистика Академиясының «Алтын Самұрық» сыйлығымен де марапатталды. Қазір Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде арнайы «Барманқұлов оқулары» атты шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Ал оның атамекенінде тәлім алып жатқан жас журналистердің біразының Марат Халықұлы Барманқұловтың қандай жан болғандығын да біле бермейтіні өкінішті. 

Еліміз ғана емес шетелге де аты мәлім қаламы жүйрік журналист, белгілі ғалым Марат Барманқұловты өз жерлестеріне таныстыруды облыс орталығында тұратын зиялы қауым өкілдері қолға алды. Былтыр Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап кітапханасында М.Барманқұловты еске алуға арналған Қостанайдағы алғашқы кеш өтті.Оған облыс орталығында тұратын әдебиет қайраткерлері мен ғалымдар, журналистер бас қосып, қазақ көсемсөзі мен ғылымында өзіне тән ізін қалдырған М.Барманқұлов туралы жүрекжарды лебіздерін ортаға салды. Кітапхана қызметкері Салиха Юсупова ғалым-журналистің өнегелі өмір жолы туралы тағлымды баяндама жасады. Мараттың әрі жақын жиені, әрі замандас досы Қуаныш Орманов, шәкірттері аймақтық «Костанайские новости» газетінің бас редакторы Сергей Харченко, «Біздің Қостанай» қалалық газеті редакторының орынбасары, жазушы Оразалы Жақсановтар Мәкең туралы естеліктерін ортаға салды. Жиналғандар Марат Барманқұловтың ғылыми еңбектерінің тағлымды тоқтамдары туралы өзара пікір алысып,оның жас журналистерді тәрбиелеуге қосқан зор үлесі жөніндегі естеліктерін ортаға салды.

Биыл Алматы мен Астанда үзеңгілес достары мен шәкірттері Марат ағаның 80-жасқа толған мерейлі мерекесін салтанатты түрде атап өтті. БАҚ арқылы осы хабарды естігенде «Батырдың аты,ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығы еріксіз еске түсті. Халқымызда «Асылын ардақтаған ел азбас» деген қанатты сөз бар. Марат Халықұлындай асыл ағамызды ардақтап,еске алған қос астанамыздың зиялы қауым өкілдеріне біздің, ол кісінің ағайындарының айтар алғысы шексіз.

Тамыры тереңге кеткен, мыңдаған жыл бойы табиғаттың сан сынына төтеп беріп тұрған алып емен ағашты кезінде шағын ғана шыбықтан өсіп шығады дегенге көңілің иланғанымен, көзіңнің сене қоймасы анық. Ал сол нәзік шыбықтың да кішкентай ғана бүршіктен бой алатындығын ескерсең, табиғи тылсым күшке еріксіз бағынуға мәжбүр боласың. Тағдырдың сан сынына сағын сындырмай, сол алып емендей иілмей өткен арыстардың бірі – Торғай өңірінің төл перзенті – Марат Барманқұлов еді. «Асқар таудың асқақтығын алыстағанда аңғарасың» дегендей асыл ағамыздың алар орнының ауқымды екендігін ол өмірден өткеннен бері тереңірек сезіне бастағандаймыз…

Қабылахат Сейдахмет,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қостанай қаласы