Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,

 

Құсни Қорлан

Динара Сұлтан

Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,

Табиғат берген екен күн мен айын.

Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,

Дариға арманым көп не қылайын.

 

Қайырмасы:

Ахау, арман,

Құсни, Қорлан,

Екеуі туған екен бір анадан,

Екеуі туған екен бір анадан.

 

Бозбала, қалма қапы бұл жалғанда,

Жігіттің арманы жоқ Қорланды алған.

Әуелде жас болған соң болмайды екен

Дариғай арманым жоқ не қылайын? –

Жанболат Аупбаев

Естай – Қорлан

 

       Маралды облысының (Солтүстік- Сібір өңірі) Өрік ауылында қыпшақ руынан шыққан Сұлтан деген атақты бай тұрған. Сұлтанның Хұсни және Хорлан атты екі қызы болған. Хорлан атымен жиырма жастағы жас композитор шығарған “Хорлан” әні көпшілікке жақсы мәлім. Бұл әннің шығу тарихы мынадай: Ертіс өңірінде Ақкөл ауылынан елу шақырым жерде Сүлеймен дегенбай өзінің малын ұстайды. Оның ұлы Шошанның қалыңдығы Маралдыдан болған. Қалыңдығы мен оның ата-анасын , көру үшін Шошан бірнеше атты Естайға беріп, оның қасына осы сапарда дос немесе серіктес ғана емес, үлкен рудың құрметті әншісі ретінде еруін сұрайды. Естай шақыруды қуанышпен қабылдайды. Шошанның қалыңдығының үйі Сұлтан ауылында болады. Күйеу жігіттің құрметіне барлық ауылдардан жігіттер мен қыздар жиналады. Дәстүрлі көңілді ойын-сауық басталады. Жастардың арасында Сұлтанның қыздары Хұсни мен Хорлан да бар еді. Өте сәнді киінген, басқа ақындар мен әншілерге ұқсамайтын Естай Хорланға бірден ұнайды. Естайға қыз да ұнайды. Қыз бен жігіт оңаша қалған сәтте, бір-біріне сүйетіндіктерін білдіреді. Хорлан айттырылып қойылғандықтан, үйлену туралы әңгіме де болуы мүмкін емес. Сондықтан, Естай қызды ұрлауға бел байлайды. Қыздың келісімін алған Естай туған ауылы Ақкөлге келіп, достарымен, туғандарымен ақылдасады. Достары оны қуанышпен қолдайды. Бір жыл өткен соң әнші өзінің досымен Маралдыға қайта келеді. Естай көрші ауылда қонақ бола отырып, Хорланға адам жібереді, бірақ қызға үйінен кетуге мүмкіндік болмайды. Жастардың ойлағаны туралы барлығына белгілі болады. Ашу кернеген әкесі қыз атастырылған жаққа жаушы жіберіп, “ақысы төленген” қалыңдықты алып кетулерін талап етеді. Асығыс той жасалып, Хорлан өз тағдырына мойынсұнып, алыс ауылға келін болып кетеді. Естай көзі жұмылғанша Хорланды ұмыта алмайды. Өзінің өмірлік қайғысы, орындалмаған арманы жөнінде ол атақты “Хорлан” әнін шығарады.

Жігіттер қапы қалма бұл жалғаннан, Жігіттің арманы не сүйгенді алған, Сірә, сіздей жан тумас, Туса туар артылмас. Бұл ғаламды шарықтап, О, дариға ләуліктас, Бағдат, Мысыр, Шынмашын, Іздесем Хорлан табылмас.

Естай жастық махаббатына берік, адал болады. Ол ұзақ жылдар сынауынан өтеді. Алпыс жеті жасқа келген Естай “Хорлан” әнін ерекше толғаныспен орындайды. Домбыраны қолына алған ол ұзақ үнсіздіктен соң, көзінен аққан жасын сүртіп, сосын ойнай бастайды, – дейді көзі көргендер, – “Домбыра шегін ол бос қоятын, сол себепті дыбыс та төмен, аса қайғылы, тұншығып шықты. Оның әні жылдар сынағынан өткен нәзік сезіммен өрілген махаббаттың қайғысы мен азабы туралы болады. Әншінің қолындағы үлкен, алтын сақина болатын. Естай оны, “Хорланнан қалған естелік” деп ерекше бағалаған.

 

Тарих: Естай ғашық болған Қорлан ашаршылық жылдарында азап шегіп қайтыс болған

 

 

     2010 жылғы шілде айы еді. Елді елең еткізген бір оқиға болды. «Ол не?» дейсіздер ғой. Атақты Естай ақын әнінің прототипі Қорлан апамыз бар емес пе?! Міне, сол асылымыздың зираты табылыпты. Білмей келіппіз, сұлулық символы болған ғазиз жанның бейіті оқиға болып, ән туған Павлодар өңіріндегі Маралды маңайында емес екен. Ол сонау Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Славгород төңірегінде болып шықты.

Міне, сол жерде бүкіл бір халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, ұлт махаббатына айналған қазақтың хас сұлуы 30-жылдардың аяғында мәңгілік сапарға аттаныпты.     Сол жылы бейіт басына көк тас-белгі қойылып,ас берілді. Жұртшылық алдына Қанат Назымбекұлы атты қария шақырылды. Сұрастырып білсек, бұл кісі Қорлан апамыздың туған немересі екен. Ақсақал өз сөзін ертедегі осы өңір қазақтарының тарихына шолу жасаудан бастады, деп хабарлайды kazakh-tv.

Ондағы әңгімеге қарағанда апалы-сіңлілі Құсни мен Қорланның әкелері Сұлтан би, ал ағасы Сұңқарбек осы Қаранай аймағының болысы болған адамдар екен. Қорлан кәмелеттік жасқа жеткен кезде бойжеткенді іргелес ауылдағы Қуат байдың ұрпағы Нұрмұханбетке ұзатады. Алланың жазуы, аталарының ұйғаруы бойынша отау құрған жұбайлар өмірде сыйластықпен ғұмыр кешеді. Нәсифолла, Ғабдыжаппар, Ғабдұлхамит, Зейнелғабиден, Назымбек есімді бес баланың әке-шешесі атанып, 30-жылдарға дейін бақытты өмір сүреді. Содан кейінгі тәркілеу мен ашаршылық Қуат байдың әулетін қатты есеңгіретеді. Ал 37-нің зобалаңы тіпті сұмдық еді.

Жергілікті билік қазақ ауылдарындағы оқыған азаматтарды атып-асып болған соң, араларында Нұрмұханбет бар топты шахта мен темір жол жұмысына апарып салу үшін Приморьеге айдайды. Сол аласапыран уақытта Қорлан анада бір ғана үміт болған дейді білетіндер. Ол өзінің шиеттей бала-шағасы – бес ұл, бір қызын қалай да аман алып қалу үшін 60 шақырым жердегі нағашыларына жету еді. Жетеді де. Бірақ перзенттерін өзі іздеп келген отбасына табыстап бола беріп, күзгі қара суықтағы азапты жолдан қалжыраған ғазиз жан үзіліп кетеді. Қарғыс атқыр 37-дегі Қорланның жағдайы осылай болса, ері Нұрмұханбеттің тағдыры басқаша өрбиді. Ол кісі итжеккендегі лагерьде жүргенде елдегі бес ұлының үшеуі соғысқа алынады. 1942 жылы олардың арасындағы Зейнелғабиден Сталинград түбінде қаза табады. Сол уақыттағы заң бойынша бір отбасынан екі немесе үш адамның майданда болуы репрессияға ұшыраған ата-анаға жеңілдік әкеледі екен. Приморьеде жүрген Нұрмұханбет үкіметтің осындай пәрменімен лагерьден босайды. Бұл 1943 жылдың көктемі-тін. Елге келген соң бар жағдайға қанығады.

Балаларын жинап алып оқытып, оларды адам қатарына қосуға әрекет жасайды. Ешкімге үйленбей, ұл-қыздарының тілеуін тілеген күйі 1966 жылы өмірден озады.

Сол жерде композитор Жоламан Тұрсынбаев жанында отырған Қорлан апамыздың немересі Қанат Назымбекұлы қарияға екі сауал қойды. Оның алғашқысы Естайдың «Құсни-Қорлан» әнінің туу тарихы да, одан кейінгісі Құсни қыздың тағдыры туралы сұрақ еді.

– Ресейдегі мына Славгород, Құлынды өңірі мен Қазақстандағы Маралдының арасы жақын, – деп бастады сөзін Қанат ақсақал. – Үлкендерден ес­туіміз бойынша бір жазда апалы-сіңлілі Құсни мен Қорлан сол ел жақтағы тойға барады. Онда Естай ақын да болыпты. Жастарға арналып тігілген киіз үйдегі ойын-сауықта атақты әнші өздері де, киімдері де өзгеше екі сұлу қызды көріп қалады. Сөйтеді де бір сәттік көріністі ұмыта алмай, терең толғанысқа беріледі. Ал Қорлан ше? Тойдан келген бойжеткенді бұрынғы атастырып қойған жеріне ұзатылу күтіп тұрған еді. Оны естіген Естай ақын түрлі ойға беріледі. Ақыры соның, яғни сан түрлі сезімнің әсерінен кейін ол «Құсни-Қорлан» әнін тудырады.

Апамыз көрші ауылға келін болып түскен соң, Маралды, Кереку жаққа қайтып бармаған. Бүкіл өмірі осы төңіректе өткен. Естайдың да бұл жаққа жолы түспеген. Осылайша тойдағы бір сәттік көрініс әсерінен ақын артында аңызға айналған ғажайып ән қалған. Ал Құсниға келсек, ол кісіні ешкім білмейді. Қайда, кімге ұзатылған? Тағдыры қалай болған? Қашан өмірден өткен? Міне, мұның бәрі сол замандағы жөн білетін аталарымызға да, одан кейінгі біздерге де жұмбақ? Еш жерде ешқандай дерек қалмаған.

Жанболат Аупбаев