Найман қалалары

Источник: http://e-history.kz/kz/publications/view/4527?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com
© e-history.kz

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ

Найман қалалары

 

05 Қазан 2018 556 0 Найман қалалары Найман мемлекеті Орталық Азияның шығысындағы көшпелілердің ең күшті ұлысы емес, ең өркениеттісі болды. Орхоннан бастап Жетісуға дейінгі өлкеде Ақбалық, Шамбалық, Бесбалық, Найман Сүме қалаларын салды Алтайдың қойнауы малдың кіндігі екені белгілі.

Жер бетінде адам өмір сүруге қолайлы бір жер болса, ол – Алтай тауы. Шоқанның досы Г.Н. Потанин 1877 жылы Ертістің жоғарғы жағында экспедицияда болып былай деп жазған екен: «Эта местность, где мы живем, настоящая родина человека. Здесь возник первый культ (солнца). Реки здешние представлялись первым людям материнскими лонами, отцов они видели в горных вершинах. Рай Адама и Евы, я теперь уверен, находился в верховьях Иртыша…» (Потанин Г.Н. Собрание сочинений в 3-томах. Т.1-3. Павлодар, 2005. Ответ. ред. Ж.О. Артыкбаев., т.1. с.11).

Алтайдың қойын-қойнауын жайлаған сегіз-оғыздар да ертеден малды кәсіп қылғаны белгілі. Кейін жеке мемлекет құрған уақытта да Найман хандығының тұрғындары негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Кейбір деректерде наймандардың Орхон, Қара Ертіс өзенінің бойында арпа-бидай егіп келгені, отырықшылыққа көше бастағаны туралы мәлімет кездеседі. Қият-боржігін әулетінің өкілі Темучин билігі жаңа қалыптаса бастаған уақытта Найман мемлекеті Орталық Азияның шығысындағы көшпелілердің ең күшті ұлысы ғана емес, сонымен бірге ең өркениеттісі болды. Осы кезеңде Орхоннан бастап Жетісуға дейінгі кең-байтақ өлкеде Ақбалық, Шамбалық, Қаялық (Қойлық), Бесбалық, Найман Сүме қатарлы қалалар салды. Ә.Х. Марғұлан өзінің «Найман, керей, оңгіттердің жазулары» атты мақаласында наймандардың Гоби шөліндегі атақты Қара-Хото қаласына қатысы бар дейді: «Қала Езен (Эдзин гол – Ж.А.) өзенінің төменгі оң жақ жағасында несториан (тарса) ү.лгісімен жасалған. Керейіттер, оңгіттер, наймандар, ойғырлар, таңғұттар отырған. Онда тарса (несториан) дініне табынатын көп аббаттар, мектептер, көп үйлер болған» (Марғұлан Ә.Х. Тарихи дәуірдегі қазақ тайпаларының жазу мәдениеті // Қазақ этнографиясының кітапханасы. 8 том. Астана, 2007. – 110 б.). Әлекең бұл деректі Марко Поло саяхатының күнделігінен алып отыр. Атағы аңызға айналған саяхатшы Танғұт елі туралы баянында ол жерде христиан-нестроиандардың да бар екенін жазған. Негізінен тибеттіктер жайлаған бұл патшалық Хуанхэ (Қарамурен) өзенінің орта ағысында, Ордос үстіртінде, Көкінор көлінде, Эдзин гол және Сулэхэ өзендері бойында орналасқан. Эдзин голдың төменгі ағысына салынған Қара-Хото – расында да ірі сауда орталығы және діни ғибадатханалардың көп кездесетін жері. 1227 жылы осы патшалықты, қытайлар Сися, моңғолдар Таңғұт деп атайды, жаулап алғаннан кейін Моңғол империясының құрамында болды. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Таңғұт еліне жорық нақты суреттеледі. Әлекең бұл қаланың қолөнер орталығы болғанын да жазады: «Бұл қаланың ерекшелігі ерте дәуірде қолданылған орхон, ойғыр, сирия жазулары көп табылған, сонымен бірге қолөнер бұйымдары көп кездескен. Шіркеу-аббаттардың қағазға, жібекке жазылған «тарса» (икон) жазушылары шыққан. Оларды түркі және сирия тілінде жазған керейіттер, оңгіттер, наймандар, ойғырлар». Бұл тақырып Советтік шығыстануда біраз қарастырылған және Н.В. Пигулевская, Е.И. Лесенченко, Т.К. Шафрановская сияқты зерттеушілердің еңбектері бар (Пигулевская Н.В.. Сирийские и сиро-тюркские фрагменты из Хара-Хото Турфана // Советское востоковедение, 1940. №1. с. 220-223; 62). Н.В. Пигулевская зерттеулерінде Хара-Хота түркіше жазуларының Шығыс Түркістаннан көрі бізге бір табан жақын болғаны айтылады. Найман мемлекетінің Оңтүстік Алтайда орналасқан қаласының бірі – Ақбалық. Әлекеңнің жазуынша Ақбалық қаласы Қарақорымда, яғни астанада тұратын ел басшыларының-хандардың, сұлтандардың, бектердің аң аулайтын –қорық-жерінің шетіне орналасқан. Атақты саяхатшы Марко Поло Ақбалық қаласы туралы деректерді Қарамүрен, яғни Хуанхэ өзенін сипаттап, одан кейін Шэнси аймағының бас қаласы Кенжин-фу туралы баяндай келе жазған. Соған қарағанда Ақбалық түркі халықтары Сарыөзен, моңғолдар Қара мүрен, қытайлар Хуанхэ атаған өзенге жақын орналасқан. Сары өзен қазіргі уақтытта Қытай территорясында болғанымен, ежелгі және ортағасырларда түркі халықтарының иелігі. Сарыөзен туралы деректер әсіресе Ғұн дәуіріне қатысты, олардың сүйікті қонысы ретінде көп айтылады. Марко Поло: «Как проедешь двадцать дней тамошними горами, тут область Акбалек Манги, вся она на ровном месте, и много тут городов и замков. Область эта лежит на запад. Народ идолопоклонники, торговый и ремеслами занимается. Много в этой области рождается инбирю, и расходится он по всей большой области Катай; а тамошним жителям большая прибыль и выгода от него. Есть у них и пшеница, и рис, и всякого другого хлеба вдоволь, и он дешев; земля тут плодородная. Главный город называется Акбалек Манги, а значит это -город пограничный с Манги» дейді. «Манги» немесе «Манзу» деп ол заманда Қытайды атайды. Сарыөзеннің (Хуанхэ) жағалауынан оңтүстікке қарайғы аймаққа қатысты қолданылатын бұл атау қазақ және қалмақ арасында ХУІІІ ғасырға дейін қолданынылып келді. Сонымен Шығыс әдебиетінде қытайлықтардың ата жұрттарына қатысты Шың-Машын атауы да қазаққа белгілі. Машын атауы жоғарыда көрсетеілген «Манги», «Манзу» атауларынан шығады. Ал енді Қытай немесе Қатай атауы бұл аймаққа Қидан (Қарақытай) билігінен кейін ғана тарап бекіне бастады. Марко Поло жазбасында «Как пройдешь пять дней из упомянутых десяти городов, говорят, есть город красивее и больше других, называется Акбалук, здесь заканчиваются в этом направлении заповедные места охоты государя, где никто не смеет охотиться кроме государя, его семейства и тех, чьи имена записаны у начальника сокольничьих» деген Ақбалыққа қатысты дерек бар (Книга Марко Поло. Серия: путешеаствия, Открытия. Приключения. Алма-Ата,1990. с. 271). Бір заманда моңғол императоры, шамасы Құбылай туралы айтылып отыр, бұл қорыққа ат ізін салмай, қорықта жабайы аңдар, әсіресе қоян тым көбейіп кетіп, маңайдағы елдің егінін түгел жеп қоя беріпті. Осыдан кейін елдің наразылығы ханға жетіп, ол бүкіл ордадағы нөкерлерін ертіп келіп аңдарды азайтқан екен. Найманның Ақбалық қаласы моңғол үстемдігі тұсында Шаған-Балғасын атала бастады. Бұл да Ақбалықтың тікелей аудармасы, «шаған» – ақ, ал «балық» – «балғасын», яғни қала деген сөз. Кейін ежелгі Найман мемлекетінің жерлері Қытай иелігіне көшкен уақытта бұл қала Чжэндин аталған дейді деректер. Шаньси (қазіргі уақытта Хэбэй) аймағының ірі қалаларының бірі болса керек. Енді Шамбалық қаласы туралы деректерді түгендеп көрейік. Әлкей Марғұлан В. Бартольд жазбаларына сүйеніп бұл қала «наймандардың қирап қалған қаласының бірі Шамбалық Ертіс аймағында орналасқан» дейді. Онда тұрған халықтар: найман, меркіт, оңгіт. Әлкей Марғұлан Жоңғар Алатауында да наймандардың бір қаласы болды дейді. Ол ерте уақыттан берің белгілі қала Махмұт Қашғари картасында Кемі -Талас, Марко Поло кітабында Жингин-Талас (Чингин-талас, Шинжин-кала) аталса, өзінің ежелгі атауы кіші Талас еді дейді. Жоңғария жеріндегі Кіші Талас наймандардың жалғыз қаласы емес, ол жерде ертеде нестриандар мекен еткен Тарса Кент деген қала да болған. Алакөл жағалауында наймандар мен қарлұқтар мекен еткен бір қала белгілі. Сонымен бірге зерттеушілер Найман хандығының бас қаласы, саяси орталығы Найман-Сүме туралы жазады. Ә. Марғұлан «Найман-Сүме – Моңғолия жеріндегі бір үлкен қала» дейді. Қала тақырыбын әрі қарай жалғастырып Әлекең Орталық Қазақстан өңіріндегі Қарақорым қаласы туралы да көптеген мәліметтерді келтіреді. Соның ішінде академиктің Қарақорым қаласында ертеде мекендеген бітікшілер туралы да сөз қозғағаны қызық. Әлекең «Демек, Бұланты, Байқоңыр өзендері бойындағы қаптап тұрған суреттерді, жазуларды, тамғаларды түсірген осы Қарақорым қаласында тұрған бітікші, абыздар екені сөзсіз» дейді (Марғұлан Ә.Х.

Тарихи дәуірдегі қазақ тайпаларының жазу мәдениеті // Қазақ этнографиясының кітапханасы. 8 том. Астана, 2007. 113 б.).

 

Бұл – қазіргі ғалымдардың қашанда есінде жүретін пікір.

Найман қалалары мен мәдениеті туралы айтқанда Қарақорым қайта-қайта еске түсіп отырады. Автор: Жамбыл АРТЫҚБАЕВ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Источник: http://e-history.kz/kz/publications/view/4527?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com
© e-history.kz

Найман мемлекеті

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Jump to navigation Jump to search

A.

Наймандардың XIII ғасырда орналасқан жері.

Найман мемлекеті Найман ұлысы, Найман хандығы, 11 – 13 ғасырларда Қазақстанның шығысында өмір сүрген. Негізгі аумағы Ертістен Орхонға дейінгі Алтай мен Хинган таулы өлкесін қамтыды. [1]

Найман мемлекетінің пайда болуы

Батысында Ертіс өзеніІ бойындағы қаңлылар, солтүстігінде қырғыздар, шығысында Орхон, Селенга бойын алып жатқан керей, меркіттермен және оңт-нде Ұйғыр, Ся жұртымен іргелес тұрды. Жазба деректер бойынша алғашқы билеушілері 1143 жылдан бастап белгілі. Найман мемлекеті 12 ғасырдың аяғында билік еткен Инаныш Білге Бұқа хан тұсында нығайды. Ұлы Жібек жолында орналасқан. Найман мемлекетінің [2] көрші елдермен саяси, сауда байланыстары жақсарды. Рашид әд-Дин “Наймандардың хандары қадірлі, қуатты, олардың халқының саны көп, әскері де қуатты болды” деп жазды. Найман мемлекетінің хандары мұрагерлік жолмен сайланды. Белгілі тайпа билеушілері, батыр, қолбасшылары хан кеңесінің құрамына кірді. Хан ұлыс жасағының бас қолбасшысы болды. Ұлыста іс қағаздары жүргізіліп, хан жарлықтары хатқа түсіріліп, оған ханның төрт бұрышты алтын мөрі (таңба) басылған. 12 ғасырдың аяғынан бастап Найман мемлекетінің хандары “Бұйрық”, “Күшлік” деп аталды.Инаныш Білге өлген соң, оның екі ұлы Таян хан мен Бұйрық хан таққа таласып, Найман мемлекетін екіге бөлді. Екі иелікке бөлінген ұлыстың әрқайсысы өз алдына дербес әрекет етіп, өзара қырқысты. Бұл ішкі саяси дағдарыс Шыңғыс хан әскери күшінің артуымен тұстас келді. Шыңғыс хан және керейлер ханы Тоғрыл(Уаң хан) бастаған қол 1199 жылы Бұйрық ханның, 1204 жылы Таян ханның ұлысын басып алды. Олардың Жамұқа бастаған тайпалар одағының күшімен бірігіп, моңғолдарға қарсы тұрмақ болған әрекеттері нәтижесіз аяқталды. Жетісу жеріне келіп, Найман мемлекетін саяси-әлеум. жағынан қайта күшейтуге тырысқан Таян ханның ұлы Күшлік ханды Шыңғыс ханның Жебе бастаған қолы өлтірді.

Найман мемлекетінің ыдырауы

A.

Осылайша Найман мемлекетітолығымен күйреп, тарих тұғырынан тайды. Найман мемлекеті жұртының бір бөлігі моңғолдарға бағынышты болып, ата мекенінде қалып қойса (Ертіс, Зайсан, Марқакөл)[3], қалғандары оңт. батысқа (Жетісу,Сарыарқа, Сыр бойына) қарай ойысты. Олар осы аймақтағы ұлыстар мен халықтардың құрамына енді (қ. Наймандар). Найман мемлекетінің тұрғындары негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Кейбір деректерде наймандардың Орхон, Ертіс өзенінің бойында арпа-бидай егіп келгені туралы мәлімет кездеседі. Найман мемлекеті Орта Азия [4] шығысындағы көшпелілердің ең өркениеттісі болды. Орхоннан Алтай, Іле, Жетісу, Ұлытауға [5] дейінгі кең өлкеде Ақбалық, Шамбалық, Қаялық(Қойлық), Бесбалық[6], Найман Сум қатарлы қалалар салды. “Тамғалы тас” ескерткіші олардың жазу мәдениеті болғандығын дәлелдейді. Олар ежелгі ұйғыр жазуын қолданған.

Дереккөздер

 

  • Қазақ Энциклопедиясы|”Қазақ Энциклопедиясы”, 6 том
  • Маргулан А., Найман // Казахи, Л., 1930
  • Әбілғазы Баһадүр, Түрік шежіресі, А., 1992
  • Қинаятұлы З., Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары: 9 – 12 ғасырлар, А., 2001.
  • Рашид ад-Дин, Сборник летописей, т. 1, кн. 1, 2, М., 1952

Бейсенбайұлы Ж., Қазақ шежіресі, А., 1994