Қазақ ауызша дәстүрі оғыз тарихының кілті

 

Источник: http://e-history.kz/kz/contents/view/ombinin_alash_dapteri__2396
© e-history.kz

 

 Қазақ ауызша дәстүрі оғыз тарихының кілті

 

Қазақ жері Еуразиялық құрылықтың орталық бөлігін алып жатыр. Шығыста Сарыөзеннен басталып Батыста Дунаймен шектелген алып далалық аймақтың ортасын ұсақ шоқылар өрнектеген Бұл жер Еуразия өркениетінің алтын бесігі. Қазақтың ұлан-байтақ даласының орталық аймағы оғыз тарихының көне қабаттарының керемет сырларын бойына сақтаған қазына сияқты. Әрине, ғасырлар өткен сайын кез-келген оқиға мен құбылысты замана шаңы басып көмескілене береді. Келмеске кеткен тарихи оқиғаларды қалпына келтіру қиын шаруа. Тарихшыға сондай бір қиындық туғызатын кезең – ұлы дала тарихының ежелгі қатпарлары. Бұл тарихи кезеңдер бүгінгі күнге дейін шешімі табылмаған методологиялық және практикалық мәселелерге толы деп айтуымызға болады. Біздің тарих ғылымы осы күнге дейін ежелгі тарихты тек археологтың күрегіне, Шығыс пен Батыстың кезбелерінің және жылнамашыларының үстірт және лақапқа айналған жазбаларына тапсырып, соған қанағат қылды. Ал қарап отырсақ қазақтың ауызша дәстүрінде, оның ішінде шежіресі мен қария сөздерінде қаншалықты игерілмеген байлық бар ?! Біз мыңдаған жылдардың қазынасы –қазақтың ауызша дәстүрінде деп есептейміз. Алтын бесіктен ертерек ажыраған халықтардың жазба әдебиетінде, соның ішінде эпикалық жырлары мен әфсаналарында қаншалықты дерек жатыр десеңізші ?! Оғыз мәселесі әлем ғылымын қызықтырмады деуге болмайды, өкінішке орай зерттеушілер оғыздың түп-тамырын ортағасырлардан ғана іздеуді тәжірибе қылды. Осы күнге дейін Рашид-ад-диннің өз заманында (ХІІІ-ХІУ ғ. басы) Ұлы даланың қарияларының ауыз екі әңгімелерінен жазып алған «Оғыз-намасы» біздің елімізде ғылыми түсініктермен академиялық деңгейде жарияланған жоқ. Оған қарағанда эпикалық дәстүрде жазылған «Оғыз қаған туралы жыр» зерттеушілердің назарына көбірек түскенін айта кеткен жөн. Ресейлік ғалымдардың ішінен В.В.Радлов, В.В.Бартольд бұл тақырыпқа қалам тартса, кеңестік дәуірде А.М.Щербак, А.Н.Кононов зерттеулері белгілі (20; 7; 18; 11). Қазақ ғалымдарының арасынан «Оғыз қаған туралы жыр» тақырыбына арнайы еңбек жазған Ә.Марғұланды, Қ.Өмірәлиевті, Ә.Қоңыратбаевты атаймыз (17; 19). Бұл жырдың хатқа түскен уақыты туралы да пікірлер көп, ғалымдардың біразы оны ІХ-Х ғғ. жатқызса (Риза Нұр бастаған түрік ғалымдары), екіншілері ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІУ ғасырдың басында Турфан қаласында жасалды дейді (П. Пелльо бастаған Еуропа ғалымдары). Орыс ғалымы А.М.Щербак «Оғыз-наме» ХУ ғасырда Жетісу өлкесінде жазылып алуы мүмкін деген ұсыныс айтады (18,с.105-107). Осындай қарама-қайшылықтар жырдың тілі мен мазмұнына қатысты да орын алған. Жоғарыда көріп отырғандарыңыздай зерттеушілер Оғыз туралы жырға қатысты «Оғыз-наме». «Оғыз қаған туралы жыр» атауларын қатар қолдана береді, біздің ойымызша деректерді бір ережеге түсіретін мезгіл жетті. Шетел ғалымдарына шартты түрде «Оғыз-наме» атаған аңыздың жазбаша нұсқасының бірнеше варианттары белгілі. Солардың ішінде аса бағалы деп есептейтін нұсқамыз Рашид-ад-диннің «Жәмиғ ат- тауарих» кітабына арнап дайындаған қолжазбасы. Кітаптың негізгі мазмұнына кірмей қалған бұл нұсқа Стамбулда Топқапы кітапханасында Бағдат Кешку қорында сақталған. Біз осы қолжазбаның әзірбайжан ғалымы Р.М.Шукюрова орысшаға аударған нұсқасын пайдаландық (21). Кейбір зерттеушілер оғыздар туралы алғашқы мәліметтер Қытай деректерінде кездеседі деген пікірді білдіреді. Белгілі дәрежеде бұл гипотезаның авторлары деп Ресейдің қытайтанушы ғалымдарын айта аламыз. Солардың ішінде ерте кезеңдегі қытай деректерімен көп жұмыс істеген Н.Я.Бичурин, К.Е.Таскин, С.Г.Кюнер, С.Г.Кляшторный сияқты ғалымдар бар. Осы аталған зерттеушілердің ішінде Н.Я.Бичурин Оғыз қағанды Қытай өлкесімен шекаралас, ұлы даланың шығыс бөлігін мекендеген ғұн тайпаларын билеген Мөде қағанмен байланыстыруды негіздеп кетті. Қазақтың ерте қайтыс болған талантты зерттеушісі Қ.Өмірәлиев те «Оғыз қаған туралы аңыз-әңгіме –түрік халықтарына тән аңыз-әңгімелердің (фольклорлық шығармалардың) бізге келіп жеткен ең ежелгі, ең көне үлгісі» дей келіп осы үлгіні Мөде қаған заманымен байланыстыруды қолдады (19, 9 б.). Біз болсақ «Оғыз –наме» жырының уақыт мөлшерін анықтау барысында А.Н.Бернштамның пікіріне ден қойған дұрыс деп есептейміз. Ол бұл жырдың Ұлы дала тарихының бес үлкен кезеңін қамтитынын жазады: патриархалдық қарым-қатынастар (ата билігі) кезеңі; таптық қарым-қатынастардың қалыптаса бастаған уақыты; ғұн дәуірі; көне түрік дәуірі (УІ-УІІІ ғғ.) және қыпшақ-печенег заманы (ІХ-ХІІ ғғ.) (8, с.42-43). Өкінішке орай Оғыз қаған тақырыбына Кеңес заманында А.Н.Бернштамнан басқа тарихшылар терең бара алған жоқ. Көне дүниенің жаңғырығындай болған «Оғыз-нама» жыры да, Оғыз қағанға қатысты әфсана-аңыздар да Еуразия тарихының көне қатпарларының сырын ашуға тиісті дерек көзі есебінде әлі күнге пайдаға аспай келеді. Османлы-түріктеріне қатысты бірнеше тамаша еңбек жазған белгілі ресейлік тарихшы Д.Е.Еремеев Оғыз қағанның өмір сүрген уақыты туралы «Среднеазиатские тюрки недолго терпели господство арабов. Уже в ІХ в. они создают свою державу во главе с ханом Огузом, вождем огузских племен. Огузы вытесняют из Средней Азии своих соперников-печенегов, другое тюркское племя. Печенеги уходят в русские степи…» дейді (9, с.18). Осы қысқаша сөйлемнің өзінде бірнеше күмәнді мәселе бар. Ең алдымен Оғыз қаған ІХ ғасырда өмір сүрді деген не ауызша, не жазбаша дерек жоқ. Екіншіден печенегтердің батысқа қоныс аударуына оғыздардың қатысы бар, бірақ негізгі соққыны олар қыпшақтардан алды. Әбілғазы баһадүр ханның «Түркімен шежіресінде» оғыздардың батысқа жылжуына печенегтердің себеп болғаны айтылады: «Уруг Бечене, подняв из самих себя правителей (төре), стал враждовать с салорским илем; они постоянно совершали набеги друг на друга… Иль Бечене одолел салорский иль, а потому салорский иль прозвал народ Бечене –Ит Бечене. У иля Бечене был государь по имени Тоймадук. Он пришел с войском, напал на салорский иль и, захватив в плен Джаджаклы, мать Салор-Казан-алпа, ушел. Спустя три года он (Салор-Казан-алп), послал своего кетхуду Энкеша с богатым выкупом, и тот сумел вернуть Джаджаклы домой. Из этих слов следует, что когда захватчики обосновались в их юрте, то те из илей, которые подвергались нападениям и которым (удавалось) спасаться от врагов, бежали в Мавереннахр. Так большинство туркмен оказалось в этом вилайете, и лишь немногие остались (на прежнем месте)» (11, с.56). Түркімен-салорлардың бір бөлігі Шығыс өлкеге қаша көшіп кеткені белгілі және қазірде олардың тұқымдары Батыс Қытай жерінде өмір сүреді. Біздің ойымызша шежіреде баяндалып отырған оқиға ортағасырлық оғыздардың тарихына қатысты. Біз оғыздардың батыста бағытталған қозғалыстарын бірнеше кезеңге бөліп қарастырған жөн деп есептейміз. Кейінгі оғыздардың батысқа ығысуына қыпшақтардың да, печенегтердің де қатысы бар, себебі көшпелі тайпалардың Шығысқа, Батысқа, не әлемнің басқа жақтарына қарай бағытталған қозғалыстары белгілі бір заңдылықтарға сүйенеді. Егер біз оғыздардың ерте қозғалыстарын алсақ оның астарында бірнеше саяси және экономикалық ерекшеліктерді көреміз. Оларды зерттеу барысында қазақ тілін білетін түріктанушы ғалымдарға қазақ аңыздары мен тарихи жырлары тамаша дерек көзі ретінде қызмет істейді. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» османлы түріктерінің тарихын «Ыслаболдағы Ғұсманлы түрік сұлтандары»деген бөлімінде қарастырады. Автор осы тарауды көшпелілердің шығыстан батысқа қарай қоныс аударуларымен байланыстырғаны ерекше қызық: «Ең ескі заманда Алтайдан түріктер күнбатыс жаққа бара берген. Сол түріктің Са, яки Саха деген халқы Ғайса пайғамбардан 200 жылдай бұрын Алтайдың күнбатысында жүрді» деп бастайды осы бөлімді шежіреші, «Оларды Тибет нәсілінен юечжі дегендер орнынан қуып, онан да күнбатысқа таман жіберген. Соның бір тобы Қаңлы атанған еді». Шәкәрім түрік-османлының тарихын осы жоғарыда аталған қаңлы қауымымен байланыстырады. Оның пікірінше бұлардың батысқа аууына негізгі себеп болған моңғол шапқыншылығы: «Онан соң Шыңғыс ханның әскері Орта Азиядағы елді шауып быт-шыт қылғанда, әр ел толқынып, ауғанда жоғарғы айтылған қаңлының Қайхан дегенінің халқы 50 мың үйдей қаңлы ауып Ұрым (Византия-Ж.А.) жеріне барды. Біраздан соң соғыс басылған кезде, Қайының баласы Сүлеймен елін алып қайта келе жатқанда, Фрат (Эфрат –Ж.А.) дариясына суға кетіп өлген соң, Сүлейменнің баласы Тоғұрыл 400 үйдей еліменен Арыз Рұм маңында қалыпты. Өзі батыр болып маңындағы елдерді алып жүргенде Қоние патшасы Ғалаиалдин деген Шыңғыстың баласы Шағатайдың әскерімен соғысып жатқанын көріп, Ғалаиалдинге болысып, көп қайрат көрасеткен соң, Ғалаиаддин разы болып Аскуд-Қараша тау, Томаншы деген жерлерді беріп, Ер Тоғұрылды әскербасы қылыпты» (16, 101-102 бб.). Өкінішке орай Шәкәрім оғыздардың ерте және ортағасырлық миграцияларының ара жігін аша алмаған. Жоғарыда баяндалған оқиғалар оғыздардың кейінгі қозғалыстарына қатысты. Шәкәрімнің «Қазақтың түп атасы» өлеңінде: «Қаңлының ханы болған Қия деген, Жер алып, ерлікпенен ел билеген, Ол өліп, жалғыз ұлы ер Сүлеймен, Сол жерден қайта көшіп, жөнеп берген» деп бертіңгі оқиғалар баяндалған. Ал Шәкәрімнің аңыз деректері негізінде жазылған «Қазақтың түп атасы» жырында оғыздардың ерте заманғы тарихының негізгі кейіпкері Оғыз хан туралы тамаша бояулармен өрнектелген шумақтар бар: Кім білмес баяғы өткен Оғызханды, Қаратқан қол астына талай жанды. Басында Азияны түгел билеп, Ұрым, Парсы, Арабтың да көбін алды. Жазады талай елдің жазушысы, Адамның өзгеше деп қылған ісі. 3400 жыл бұрын пайғамбардан, Атағы жер жүзіне шыққан кісі (16, 259 б). Оқырман бірден осы жырдағы «пайғамбардан 3400 жыл бұрын» деген мәліметке назар аударуы керек, яғни ғылыми хронологияға салсақ Оғыз қағанның өмір сүрген уақыты қазіргі жыл санауымызға дейінгі 2800-ші жылдар. Шәкәрім бұл межені ойдан шығарып отырған жоқ, ол өзіне дейінгі тарихшылардың еңбектеріне, соның ішінде Әбілғазыға сүйеніп отыр. Бір сөзбен айтқанда Оғыз хан біздің заманымыз бен Алаша хан заманын, яғни энеолиттегі алғашқы жылқышылық дәуірді жалғастырған алтын көпір деп айтуға толық келеді. Себебі Оғыз ханның ата-тегі аты аңызға айналған Алаша ханға өрлейді. Шежіренің Рашид-ад-дин нұсқасы бойынша: “Алаша хан, оның баласы Диб-Бакуй, оның баласы Қара хан, оның баласы Уыз хан (Оғыз)”; Әбілғазы нұсқасы бойынша : “Алаша хан, оның баласы Моңғол, оның баласы Қара хан, оның баласы Уыз хан (Оғыз)”. Біздің Алаша ханға қатысты зерттеу жұмыстарымыз бұл тарихи кезеңді қазақ жерінде жылқыны қолға жаңа үйреткен энеолит заманымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Себебі «алаша» сөзінің мағынасы әлі күнге дейін бірнеше түрік халықтарында жылқы дегенді білдіреді. Славян халықтарындағы «лошадь», германдықтардағы «алман», латын тілдес халықтардағы «пегас» т.б. бәрі Алаша хан дәуіріне нұсқайды (3, с.248-271). Оғыз хан заманы көшпелілердің ұлы көшіп-қонуларымен белгілі үндіеуропа және алтай тілдес халықтардың арасы бөлектенген б.з.б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтар. Осының бір белгісі батысқа Еуропа ғалымдары «хетта», «хет», т.б. атап жүрген Кіші Азия өңірінде қазіргі өркениеттің негізін салған, тамаша тарихи ескерткіштер қалдырған халықтың баруы. Хеттердің жылқы туралы аңыздарынан біз қазақ арасында кең танымал Толыбай сыншы туралы әңгімелердің шешімін көреміз. Тіпті өзге деректі қабылдамаған күнде де «Көрұғлы» жырының көне нұсқаларын қарасақ оғыз-түркімен арасында тараған жырдың түп-төркіні қазақ жері екенін аңғарамыз. Бұл қызық мәселе Толыбай сыншының ұлы Раушанбек бастап осы елдің бір атасының Кіші Азия, қазіргі Түркия жеріне қоныс аудару оқиғасымен байланысады. Біз осы тақырыпты бұдан әрі тереңдетудің бір жолы қазақ этникалық құрамындағы негізгі компоненттердің бірі, Шоқан қазақ даласының аборигендері атаған Кіші жүз тайпаларының ішіндегі үлкені кетенің аңыздарын зерттеу деп білеміз. Б.э.б. ҮІІ ғасырдың 70-ші жылдары Ишпақай бастаған скифтердің (скуз, ишгуз) мидиялықтармен, маннейлермен бірігіп Ассирияға қарсы жорыққа шығатыны, сол кезде Шығыс әлемінде ірі күшті мемлекет саналатын Ассирияның патшасы Асархаддон скиф аяғына жығылып, сепаратты бейбітшілікке әзер деп қол жеткізгені белгілі. Одан әрі скифтердің Сирия мен Египетке шабуылы, І Псаметихтің /663-613 жж. б.э.д./ скифтердің алдынан тарту алып шығып шабуылдың бетін қайтаратыны белгілі. Осы деректерде айтылатын Ишпакай кім? Біз осы мәселені де қазақ аңыздарына сүйеніп Ишпақайды қазақ шежіресіндегі Толыбай сыншының ұлы делінетін Ішпекбай образымен салыстырар едік (4, с.70-79). Оғыз тарихының тамаша деректерінің бірі -«Көрұғлы» түрік халықтарының арасында аса кең тараған батырлық эпостардың бірі. Зерттеушілер жырдың жазба нұсқасы Еуразияның он үш этносынан жазып алынғанын нақты деректермен дәлелдейді. Олардың ішінде әзірбайжан, өзбек, қазақ сияқты түрік тілдес этностармен бірге, өзге этностық жүйелердің өкілдері армян, грузин, тәжік, күрд бар. Әрине, әр зерттеуші «Көрұғлы» жырын өз ұлтына жақындатқысы келеді, көпшілігі жырдың Әзірбайжан мен Кіші Азиядағы ХУІ ғ.соңы мен ХУІІ ғ. басындағы тарихи оқиғлармен байланыстырғанды жөн көріп, жырдың түпкі қайнар көздеріне көңіл аудара қоймайды. Осы тезисті дәлелдеу барысында зерттеушілер қазақ арасында «Көрұғлы» жыры ХУІІІ ғасырда ғана эпос түрінде қалыптасты деген пікірді ұсынады, яғни Еуразияның батыс аймақтарында қалыптасқан бұл эпикалық жыр бірнеше ғасырдан кейін ғана қазақ өлкесі сияқты Орталық Азиядағы далалық өңірге келді дейді. Егер біз эпосқа батыс түріктерінің емес, қазақтың немесе қазақпен көрші халықтардың көзімен, тарихи түсініктері тұрғысынан қарасақ қалай болады ? Батыс түріктері Көрұғлының бабасы Толыбай сыншы, оның ұлы Раушанбек туралы түп бастауда тұрған мифтік сюжеттерді жәй ғана шолып өте шығады да, негізгі әңгіменің бәрін Көрұғлының ерліктері маңында баяндайды. Сөз жоқ эпостың бұл тараулары қазіргі Әзірбайжан, Иран және Түркия жерінде туған, қалыптасқан, сол өлкелерде болған әртүрлі тарихи оқиғаларды бойына әбден сіңірген. Бізге қызығы жырдың қазақ арасында айтылатын алғашқы тараулары. Зерттеушілердің тағы бір назар аудармай келе жатқан мәселесі «Көрұғлының» қазақ версиясының алғашқы тарауларына негіз болған «Тұлпардың дүбірі» сияқты әфсаналар. Біздің пікірімізше бұл әфсаналар қазақ жерінде тіршілік еткен ежелгі жылқышы тайпалардың ортасында дүниеге келіп, олардың батысқа қоныс аударған ұлы көші-қоңдарының кезінде қазіргі Әзірбайжан және Кіші Азия аймақтарында өз жалғасын тапты. Әрине, жаңа ортада ежелгі әфсаналар тың сюжеттермен толығып, шүйгін өріс тауып, бітімі бөлек тұлғаларды өз қатарына қосып алды. Соныменен әр түрлі дерек көздерінде «ғұз», «оғыз», «уыз» атанып жүрген елдің, Ертіс пен Сыр арасындағы қазақ сахарасын бірнеше мың жыл мекен қылған, көшпелілердің бірнеше алпауыт империяларына негіз болған жұрттың тарихы тек қазақ ауызша дәстүрін барынша пайдаланғанда ғана толық ашылмақ. Біздің оқулықтарымыз оғыз тарихын орта ғасырлармен шектейді де одан әрі бара қоймаймыз. Шын мәнінде оғыз тарихы Еуразия тарихының бірнеше мыңжылдық ауқымды бөлігін алып жатыр, бұл ежелгі бақташылық дәуірден басталып, сол дәуірдің тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен ескерткіштерін де қамтиды. Біз бұл дәуірді шартты түрде протооғыздық кезең деп атаймыз, осыған байланысты оғыз тақырыбын игерудің бірнеше ережесін ұсынамыз: Біріншіден, біздің жыл санауымыздан бірнеше мың жыл бұрыңғы протооғыз кезеңімен ортағасырлық оғыз тарихын шатастыруға болмайды; Екіншіден, протооғыздық кезеңді қазақтың Уыз хан, Толыбай сыншы, Көроғлы туралы тарихи аңыздары мен кейбір көне рулардың шежірелерін пайдаланбай зерттеу мүмкін емес; Үшіншіден, ортағасырлық оғыз тарихын толық түсіну үшін шығыс, оның ішінде араб, парсы тілді жазба деректерін барынша молынан пайдалану керек; Төртіншіден, оғыздар туралы араб деректерінің пайда болуына Орталық Қазақстан аймағындағы кен өндірісі және солтүстік аймақтан келетін аң терісімен сауда әсер етті деген пікірдеміз; Бесіншіден, ортағасырлық оғыз мәселесін түсінуге араб, парсы тілді жазбаларға қоса қазақ жеріндегі ортағасырлық қалалар туралы ақпараттар мен зерттеулердің қызметі зор.

Әдебиет:

Агаджанов С.Г. Очерки истории огузов и туркмен Средней Азии ІX–XІІІ вв. Ашхабад,1969.

ал-Идриси. Нузхат-ал-Муштак фи ихтирак ал-Афак //Сурат ал- Ард// Материалы по истории туркмен и Туркмении. Т.1.–М.-Л., 1939.

Артыкбаев Ж.О. Кочевники Евразии в калейдоскопе веков и тысячелетий. Спб.,2005 Артыкбаев Ж.О. Казахское историческое сказание о Толыбай сыншы, родоначальнике племени канжыгалы (канглы, ангаласов)// «Ақселеу Сейдімбек: ғылыми мұрасы және тәуелсіздік (ауызша тарих мәселелері). Халықаралық ғылыми-теориялық конференция. 8 желтоқсан 2012 жыл. Астана, 2012, с.70-79.

Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. Алма-Ата,1989.

Әбілғазы. Түрік шежіресі. Ауд. Б. Әбілқасымов.- Алматы, 1992. Бартольд В.В. Извлечения из сочинения Гардизи Зайн ал-Ахбар: Прил. к «Отчету о поездке в Среднюю Азию с научной целью.1893-1894 гг.» //Соч. Т.8. М.,1973.

Бернштам А.Н. Историческая правда в легенде об Огуз-кагане// Советская этнография. 1935.№6. с.42-43.

Еремеев Д.Е.На стыке Азии и Европы. Очерки о Турции и турках. М.,1980. Историко-культурное наследие кимаков и кипчаков. Сост. Н.Е.Кузембаев. Павлодар, 2006.

Серия: Кочевники. Кононов А.Н. Родословная туркмен. Сочинение Абу-л-гази хана хивинского. М-Л.,1958.

Кумеков Б.Е. Государство кимаков ІХ-ХІ веков ао арабским источникам. Алма-Ата, 1972.

Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. 1-20 томдар. Павлодар,2013. Қазақстан тарихы. 5 томдық, 1 т, Алматы, 2010, 332 б. Қашқари М. Түрік тілінің сөздігі / “ Диуани лұғат ат-түрік”/. 3 томдық шығармалар жинағы. Ауд. А. Егеубай. Алматы,1997 Құдайбердіұғлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Факимиле, аударма, түсініктемелер мен көрсеткіштерді жазған Ж.О.Артықбаев. Астана,2008.

Маргулан А.Х. Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана. Алма-Ата, 1950. “Оғыз-наме”, “Мұхаббат-наме”. Алматы, 1986 Өмірәлиев Қ. Оғыз қаған эпосының тілі. Алматы,1988 Радлов В.В. К вопросу об уйгурах// Труды по казахской этнографии.(Библиотека казахской этнографии. Том. 3.). Павлодар,2005. Рашид-ад-дин Фазлаллах. Огуз-наме. Баку,1987. Ответ. ред., предисловие и комментарии Р.М.Шукюрова.

Смаилов Ж.Е. Памятники археологии западной Сары-Арки. Балхаш, 1997.

Толстов С.П. Города гузов// Советская этнография. 1947. №3, с.55-102.

Автор: Жамбыл АРТЫҚБАЕВ  National Digital History 

kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)