Латындағы акутты жөнімен қолдану керек

Қаз Latقاز        

Бізге хат жазыңыз

Біз әлеуметтік желідеміз

 

Қалдыбай Арыстанбекұлы Қыдырбаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті,

PhD докторы

Abai.kz

Латындағы акутты жөнімен қолдану керек

 

 

Тәуелсіздік тұғыры – мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Тұғыр / Ғалымнан кеңес

 

17.4.2018 712

 

Қазақ елі әліпбиін кирилден латынға көшіру туралы саяси шешім қабылдағалы бері латынға негізделген қазақ әліпбиінің көптеген нұсқасы жасалды. Бірнешеуі үкіметке қарауға ұсынылды. Алдымен диграф нұсқасы ұсынылып, бұл нұсқа халық арасында қолдау таппады. Содан кейін кей дыбыстарды апостроф арқылы таңбалауға негізделген екінші жоба ұсынылды. Бұл жобаның авторлары апострофты А.Байтұрсынұлының дәйекшесімен шатастырып, үлкен қателікке ұрынды. Нәтижесінде бұл жобаны да халық қолдамады. 2018 жылдың 22 қаңтарында Қазақстан «Ғалымдар одағының» мүшелері ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа ашық хат жолдап, апострофсыз жаңа латын әліпбиінің нұсқасын ұсынды. Осы жылдың 19 ақпанында ҚР Президенті жарлығымен жаңа әліпби бекітілді. Бұл әліпбиде ғалымдардың «бір дыбыс – бір таңба болсын» деген ұсынысы ескеріліп, апострофты акут диакритикасына ауыстырды. Елбасының: «Бұл – жаңа әліпби. Жаңаның аты – жаңа, ол іс жүзінде тексерілмеген. Сондықтан жаңа әліпбиді сөз құрамында, мәтін құрамында, жазуда, айтуда егжей-тегжейлі зерттеп, қолданыста қалай болатынын білу керек, кем-кетіктерін толықтырып, жетілдіру керек», – деген тапсырмасынан кейін, 2018 ж. 1 наурызда латыннегізді қазақ әліпбиін жетілдіру жөнінде «Ғалымдар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмыс тобы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа екінші рет ашық хат жолдап, өз тараптарынан латын әліпбиінің екінші нұсқасын ұсынды. Жаңа әліпбиді жетілдіру жұмыстарында «Ғалымдар одағының» екінші нұсқасы да ескерілер деген үміттеміз.

Диграф және апостроф нұсқалары түйметақтадағы 26 түймеге негізделсе, акут нұсқасы 28 түймеге негізделді. Демек Елбасының пәрменімен «бір дыбыс – бір таңба» нұсқасы бекітіліп, осы нұсқаны жетілдіруге жол ашылды.

Біз бұл жұмысымызда ресми бекітілген акут нұсқасы мен «Ғалымдар одағының» бірінші және екінші ұсынған нұсқаларына және халық арасында көпшіліктің қолдауына ие болып отырған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған «Ұлттық жобаға» (1-кесте) тоқтала отырып, өз пікірімізді ортаға салуды жөн санадық.

1-кесте. Әліпби нұсқалары

Кирилше «Ұлттық жоба» нұсқасы «Ғалымдар одағының»

1-ші нұсқасы

Акут нұсқасы

(ресми нұсқа)

«Ғалымдар одағының»

2-ші нұсқасы

1 А а A a A a A a A a
2 Ә ә Ӓ ӓ Ä ä Á á Á á
3 Б б B b B b B b B b
4 В в V v V v V v V v
5 Г г G g G g G g G g
6 Ғ ғ Ğ ğ Ğ ğ Ǵ ǵ Ǵ ǵ
7 Д д D d D d D d D d
8 Е е E e E e E e E e
9 Ж ж J j J j J j J j
10 З з Z z Z z Z z Z z
11 И и İ i I ı I i
12 Й й Y y
13 К к K k K k K k K k
14 Қ қ Q q Q q Q q Q q
15 Л л L l L l L l L l
16 М м M m M m M m M m
17 Н н N n N n N n N n
18 Ң ң Ň ň Ŋ ŋ Ń ń Ŋ ŋ
19 О о О o O o O o O o
20 Ө ө Ӧ ӧ Ö ö Ó ó Ó ó
21 П п Р p P p P p P p
22 Р р R r R r R r R r
23 С с S s S s S s S s
24 Т т T t T t T t T t
25 У у W w U u Ý ý U u
26 Ұ ұ U u Ū ū U u Ú ú
27 Ү ү Ü ü Ý ý Ú ú Ý ý
28 Ф ф F f F f F f F f
29 Х х H h H h H h H h
30 Һ һ
31 Ц ц C c C c
32 Ч ч Ch / ch
33 Ш ш Š š Ş ş Sh / sh Ş ş
34 Ы ы I ɪ Y y Y y Y y
35 І і Í i I ı I i I ı

Кестеден көрініп тұрғандай кирилшедегі [а] /a/, [б] /b/, [в] /v/, [г] /g/, [д] /d/, [е] /e/, [ж], [з] /z/, [к] /k/, [қ] /q/, [л] /l/, [м] /m/, [н] /n/, [о] /o/, [п] /p/, [р] /r/, [с] /s/, [т] /t/, [ф] /f/ дыбыстарын латын әріптерімен беруде төрт нұсқаның авторлары да бірізділік танытқан. Ал ё, щ, ъ, ь, э, ю, я әріптерінің дыбыстары қазақ тіліне тән болмағандықтан барлық нұсқаның авторлары бұл әріптерді әліпби құрамына енгізбеген. Жобалардың авторлары [и], [й], [у], [х], [ш], [ц], [ч] дыбыстары мен қазақ тіліне ғана тән [ә], [ғ], [ң], [ө], [ұ], [ү], [һ], [ы], [і] дыбыстарының таңбаларында келісе алмай жүргені байқалады. Әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде көпшілік талқылаған мәселелер де осы дыбыстардың таңбаларына қатысты болды.

Сонымен, жарлықпен бекітілген акут нұсқасынан бастайық. Жоба авторлары жоғарыдағы таласты дыбыстардан [у] мен қазақ тіліне тән [ә], [ғ], [ң], [ө], [ү] дыбыстарын /ý/, /á/, /ǵ/, /ń/, /ó/, /ú/ деп акут диакритикасымен, [ш], [ч] дыбыстарын /sh/, /ch/ диграфтарымен берген.

Латыннегізді әліпби қолданылатын әлем тілдерінде акут диакритикасы белгілі бір мақсатта қолданылады. Мысалы, чех және словак тілдерінде созылыңқы дауысты á, é, í, ó, ú, ý дыбыстарының таңбасын беруде қолданылса, словак тілінде сонымен қатар буын жасайтын созылыңқы дауыссыз ŕ және ĺ дыбыстарының таңбасына қолданылады. Поляк тілінде дауыссыз ć, ś, ź, ń дыбыстарында қолданылып, оларды жіңішкерту қызметін атқарса, қысқа дауысты о дыбысын созылыңқы ó дыбысына айналдырады. Испан тілінде á, é, í, ó, ú әріптерінде қолданылып, екпін және омоним сөздерді бір-бірінен ажырату қызметін атқарады. Исланд тілінде дауысты á, é, í, ó, ú, ý дыбыстарының таңбаларына қолданылып, бұл дыбыстарда екпіннің қатты екенін, ирланд және венгр тілдерінде дауысты á, é, í, ó, ú дыбыстарының таңбаларына қолданылып, бұл дыбыстардың созылыңқылығын білдіреді. Байқағанымыздай латын әліпбиін қолданатын тілдерде акут диакритикасының белгілі дәрежеде мән-мағынасы бар. Дауысты дыбыстардың таңбасында не созылыңқылық, не қатты екпін, ал дауыссыз дыбыстардың таңбасында жіңішкерту не буын құрау үшін оларды созу қызметін атқарады [1]. Қысқаша айтқана акут диакритикасы әр тілде бірыңғай мақсатта қолданылады.

Ал соңғы қабылданған қазақ әліпбиінде акут диакритикасы жүйесіз қолданылған. Мысалы, жуан дауысты [а] /a/, [о] /o/, [ұ] /u/ дыбыстарының жіңішке сыңарлары [ә], [ө], [ү] дыбыстарын жіңішкерту мақсатында /á/, /ó/, /ú/ деп қолданылған дейін десек, жуан дауысты [ы] дыбысының жіңішке сыңары [і]-нің таңбасына акут диакритикасы қолданылмаған және таңбалары да әртүрлі. Сонымен қатар [ғ], [ң], [у] дыбыстарының /ǵ/, /ń/, /ý/ таңбаларынан да әлемдік тәжірибедегідей акут диакритикасының дауыссыз дыбыстарды бірыңғай жіңішкерту не жуандату қызметі байқалмайды. Мысалы /ǵ/ таңбасымен берілген [ғ] дыбысы қазақ тілінде тек қана жуан дыбысталса (мысалы, аға, жаға), ń таңбасымен берілген [ң] дыбысы бірде жуан (мысалы, аң, тың), бірде жіңішке (мысалы, өң, іңір), ý таңбасымен берілген [у] дыбысы да бірде жуан (мысалы, тауық), бірде жіңішке (мысалы, тәулік) дыбысталатыны белгілі.

Ұлттық дыбыстарына диакритикалық таңбалар қолданған тілдер бір ғана диакритикамен шектелмеген. Мысалы, латын графикасын қолданатын испан тілі әліпбиінде қызметтеріне қарай екі әріпте (ç, ñ) екі, швед және фин әліпбилерінде үш әріпте (å, ö, ä) екі, француз әліпбиіндегі бес әріпте (é, è, ç, à, ù) үш, түрік және әзірбайжан әліпбилеріндегі бес әріпте (ğ, ü, ş, ö, ç) үш, түркімен әліпбиіндегі сегіз әріпте (ç, ä, ž, ň, ö, ş, ü, ý) бес, венгр әліпбиіндегі тоғыз әріпте (í, ö, ü, ó, ő, ú, ű, é, á) үш, латыш әліпбиіндегі он бір әріпте (ū, ē, č, ž, š, ķ, ģ, ņ, ī, ā, ļ) төрт, литва әліпбиіндегі тоғыз әріпте (ą, č, ę, ė, į, š, ų, ū, ž) төрт, мальта әліпбиіндегі төрт әріпте (ċ, ġ, ħ, ż) екі, румын әліпбиіндегі бес әріпте (â, ă, î, ș, ț) үш, словак әліпбиіндегі он үш әріпте (ľ, š, č, ť, ž, ý, á, í, é, ú, ä, ň, ô) алты, словен әліпбиіндегі бес әріпте (š, đ, ž, č, ć) үш, хорват әліпбиіндегі бес әріпте (š, đ, ž, č, ć) үш, чех әліпбиіндегі он бір әріпте (ě, š, č, ř, ž, ý, á, í, é, ú, ů) үш, эстон әліпбиіндегі төрт әріпте (ü, õ, ö, ä) екі түрлі диакритикалық таңбалар қолданылған. Қарап отырғанымыздай ұлттық дыбыстарын бір ғана диакритикалық таңбамен шешкен ешқандай тілді көріп тұрған жоқпыз.

Диграф пен апостроф нұсқалары (диграф пен апострофтың көркем әрі ыңғайлы болғандығынан емес) қазақ тілі дыбыстарының таңбаларын түйметақтадағы дайын тұрған 26 түймеден асырмау мақсатында жасалған болатын. Бұл екі нұсқаға да қоғамның қарсы болуы қазақ тілінің әліпбиін 26 түймеге сыйғызу мүмкін емес екенін көрсетті. Нәтижесінде 28 түймеге негізделген акут нұсқасы жасалды. Бұл нұсқаны 1994 жылдан бері түрлі нұсқадағы әліпби жаттап келе жатқан қарақалпақ бауырлардың соңғы әліпбиіне қатты ұқсатуға болады. 2016 жылы төртінші рет қабылданған соңғы әліпбиінде алты дыбыстың таңбасы (á, ǵ, í, ń, ó, ú) акут диакритикасымен және екі дыбыстың таңбасы (sh, ch) диграфтармен берілген (2-кесте) [2].

2-кесте. 2016 ж. қабылданған латыннегізді қарақалпақ әліпбиі

А а Á á B b D d Е е F f G g Ǵ ǵ H h X x
Í ı I i J j K k Q q L l М m N n Ń ń О о
Ó ó P p R r S s Т t U u Ú ú V v W w Y y
Z z Sh sh C c Ch ch

Ендігі кезекте 26 түймемен шектелмейтін болғандықтан, жүйесіз қолданылған акутқа байланып қалудың жөні жоқ. Жоғарыдағы нұсқаларда бір пікірге келе алмаған дыбыс таңбаларын әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, қазақ тілінің фонологиялық жүйесін толық көрсететін әртүрлі диакритикалық таңбалар арқылы шешкеніміз жөн деп санаймыз.

Латынға көшудегі ұлы мақсат қазіргі заманғы технологиялық орта­ны, ком­муникацияны, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­терін алға тарта отырып, түркі дүниесімен рухани жақындасу және орыс тілінен күштеп енгізілген басы артық әріптер мен кирилдегі тіл бұзар емле-ережелерден құтылу болатын. Ол үшін қыпшақ тобы, оғыз тобы деп бөлмей, бірнеше жылдан бері қолданылып келе жатқан түрік, әзірбайжан, түркімен, өзбек, қарақалпақ тілдерінің әліпби ауыстыру тәжірибелерін назарда ұстап, оларда жіберілген қателерді қайталамағанымыз және қазақ тілінің фонемалық жүйесі мен фонетикалық құрылымының өзіндік сипаттарын барынша сақтауға күш салғанымыз жөн.

Акут нұсқасында /Ch/ch/ диграфы арқылы берілген африкат [ч] дыбысы және «Ғалымдар одағы» ұсынған нұсқалардағы /Сс/ таңбасымен берілген [ц] дыбысы [щ] секілді қазақтың төл дыбысы емес. Орыс тілінен енген чемодан, бочка т.б. сөздер шабадан, бөшке болып тілімізге бейімделіп кеткен. Сондықтан бұл дыбыстардың таңбасын да әліпби құрамына қоспағанымыз жөн.

Төрт жобаның да авторлары [в] дыбысының таңбасын әліпби құрамына енгізіп /v/ әрпімен таңбалаған. Бұл дыбыс та [ч], [ц], [щ] дыбыстары секілді кірме дыбыс. Орыс тілі арқылы енген Европа, велосипед, вагон, самовар т.б. сөздер Еуропа, белсепед, бәгөн, самаурын т.б. болып фонетикалық өзгеріске түсіп, тілімізге бейімделіп кеткені белгілі. Ч, в әріптерін әліпби құрамынан алып тастасақ, төлқұжаттарымызды латын графикасы бойынша қайта рәсімдеу жұмыстары кезінде аты-жөндеріміздегі бөтен -ов, -ич, -овна жұрнақтарынан бір мезетте біржола құтылатын боламыз.

Акут нұсқасында [ш] дыбысын /Sh/sh/ диграфымен берген. «Ғалымдар одағы» екі ұсынысында да s таңбасына седиль диакритикасын қолданып /Şş/ таңбасымен берген. Ал «Ұлттық жобада» s таңбасына карон диакритикасын қою арқылы /Šš/ деп берілген. Біз мұнда «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымы негізінде туысқан түркі халықтарында (түрік, әзірбайжан, түркімен) қолданылып жүрген «Ғалымдар одағы» ұсынған жазылымға ыңғайлы /Şş/ таңбасын қолдаймыз.

Жаңа емле ережелерін жасағанда қазақ тіліне аударылмайтын кейбір орыс кірме сөздері мен кісі атауларындағы [ц] дыбысын /ts/ және [ч], [щ] дыбыстарын /tş/, /şş/ деп диграфпен бермегеніміз жөн. Жаңа ережеде [ц] дыбысын /s/ және [ч], [щ] дыбыстарын /ş/ таңбасымен бергеніміз жөн. Мысалы, цемент – sement, чек – şek, Чапай – Şapay, Щорс (кісі атауы) – Şors. Ал орыс кісі атауларындағы /в/ әрпін /f/ әрпіне ауыстырса болар. Мысалы, Сергеев – Sergeyef, Медведев – Medfedef немесе ыңғайына қарай Medwedef деуге болар.

[ң] дыбысына акут нұсқасында n таңбасына акут қою арқылы /Ńń/ деп, «Ғалымдар одағы» екі ұсынысында да ХХ ғ. отызыншы жылдарында қазақ әліпбиінде қолданылған /Ŋŋ/ таңбасымен берген. Ал «Ұлттық жобада» n таңбасына карон диакритикасын қою арқылы /Ňň/ деп берілген. Біз мұнда жазылымға ыңғайлы «Ғалымдар одағы» ұсынған /Ŋŋ/ таңбасын қолдаймыз.

[ғ] дыбысына акут және «Ғалымдар одағының» екінші нұсқасында g таңбасына акут қою арқылы /Ǵǵ/ деп берген. «Ұлттық жобада» мен «Ғалымдар одағының» бірінші ұсынысында g таңбасына бревис белгісін қою арқылы /Ğğ/ таңбасымен берген. Бұл дыбыстың таңбасына акут белгісін қою ешқандай ережеге сай келмейтінін жоғарыда айтқан болатынбыз. Сондықтан [ғ] дыбысына жазылымға ыңғайлы, әрі түркі тілдерінде қолданылып жүрген «Ғалымдар одағының» бірінші ұсынысы мен «Ұлттық жобадағы» /Ğğ/ таңбасын қолдаймыз.

Бекітілген нұсқада акут арқылы белгіленген жіңішке [ә] дыбысын «Ғалымдар одағының» бірінші нұсқасы мен «Ұлттық жоба» нұсқасындағыдай (түркімен, әзірбайжан әліпбилеріндегідей) умлаут диакритикасы арқылы /ӓ/ деп таңбалағанымыз жөн.

Бекітілген нұсқада акут арқылы белгіленген жіңішке [ө] дыбысын «Ғалымдар одағы» мен «Ұлттық жоба» нұсқасындағыдай (түрік, түркімен, әзірбайжан әліпбилеріндегідей) умлаут диакритикасы арқылы /ӧ/ деп таңбалағанымыз жөн.

[і] дыбысына акут нұсқасында /Ii/ таңбасын, «Ғалымдар одағы» екі ұсынысында да кеңейтілген латындағы нүктесіз /Iı/ таңбасын берген. Ал «Ұлттық жобада» үлкенінің де, кішісінің де үстіне нүкте қою арқылы кеңейтілген латындағы /İi/ таңбасымен берілген.

[ы] дыбысына акут нұсқасында және «Ғалымдар одағы» екі ұсынысында да /Yy/ таңбасын берген. Ал «Ұлттық жобада» кеңейтілген латындағы нүктесіз /Iı/ таңбасымен берілген. [і] дыбысы [ы] дыбысының жіңішке сыңары екені белгілі. Сыңар дыбыстардың таңбалары ұқсас болсын десек [і], [ы] дыбыстарына «Ұлттық жобадағы» /İi/, /Iı/ таңбаларының қалуын жөн санаймыз (İрімшік – İrimşik, ысқырық – Isqırıq).

[ү] дыбысына акут нұсқасында u таңбасына акут қою арқылы /ú/ деп, «Ғалымдар одағы» екі ұсынысында да y таңбасына акут қою арқылы /ý/ деп берген. Ал «Ұлттық жобада» u таңбасына умлаут қою арқылы /ü/ деп берілген. Ал [ұ] дыбысы акут нұсқасы мен «Ұлттық жобада» /u/ таңбасымен берілген, «Ғалымдар одағы» бірінші ұсынысында u таңбасының үстіне сызықша қою арқылы /ū/ деп, екінші ұсынысында u таңбасына акут қою арқылы /ú/ деп берген.

[ү] дыбысы [ұ] дыбысының жіңішке сыңары екені белгілі. Мұндай сыңар дыбыстардың таңбалары [a] /a/ – [ә] /ӓ/; [о] /o/ – [ө] /ӧ/; [ы] /ı/ – [і] /і/ дыбыстарындағыдай бір-біріне ұқсас болғаны жөн. Сондықтан [ұ] дыбысына бекітілген акут нұсқасы мен «Ұлттық жобадағы» /U u/ таңбасын, ал [ү] дыбысына (түрік, әзірбайжан, түркімен әліпбилеріндегідей) кеңейтілген латындағы /Ü ü/ таңбасын берген жөн (құлан – qulan, күрек – kürek). Көптеген тіл жанашырлары [ұ] дыбысына /u/ таңбасын берсек, уақыт өте келе [ұ] дыбысымыз [у]-ға, [і] дыбысына /і/ таңбасын берсек, уақыт өте келе [і] дыбысымыз [и]-ға айналып кетуі мүмкін деген пікір білдіруде. Ондай қауіп [ұ] мен дауысты кірме [у] дыбыстарына бір ғана /u/ таңбасын, [і] мен дауысты кірме [и] дыбыстарына бір ғана /і/ таңбасын бергенде ғана орын алады. Біз жаңа әліпбиімізге дауысты кірме [у] және [и] дыбыстарының таңбаларын енгізбейміз деген ойдамыз. Мысалы түрік және әзірбайжан тілдерінде [ұ] және дауысты [у] дыбыстарына бір ғана /u/ таңбасын, [і] және [и] дыбыстарына бір ғана /i/ таңбасын бергендіктен бұл екі тіл [ұ] және [і] дыбыстарынан айырылып қалған деуге болады. Яғни бұл тілдерде [ұ] дыбысы [у]-ға, [і] дыбысы [и]-ге айналған.

Мәселен, түрік тілінде altılık сөзін [алтылык], beşlik сөзін [бешлик] деп дыбыстайды. Сонда lık [лык] (дұрысы [лық]) жұрнағының жіңішке сыңары lik [лик] болғаны ма? Яғни [ы] дыбысының жіңішке түрі [и] болғаны ма? Әрине түркі тілдеріне тән үндестік заңы бойынша lık [лык] жұрнағының жіңішке сыңары lik [лік] болуы тиіс.

Түрік тілінде onluk сөзін [онлук], dörtlük сөзін [дөртлүк] деп дыбыстайды. Сонда lük [лүк] жұрнағының жуан сыңары luk [лук] болғаны ма? Яғни [ү] дыбысының жуан сыңары [у] болғаны ма? Әрине үндестік заңы бойынша lük [лүк] жұрнағының жуан сыңары luk [лұк] (дұрысы [лұқ]) болуы тиіс.

Әзірбайжан тілінде altılıq сөзін [алтылық], beşlik сөзін [бешлик] деп дыбыстайды. Сонда lıq [лық] жұрнағының жіңішке түрі lik [лик] болғаны ма? Яғни [ы] дыбысының жіңішке түрі [и] болғаны ма? Әрине үндестік заңы бойынша lıq [лық] жұрнағының жіңішке сыңары lik [лік] болуы тиіс.

Әзірбайжан тілінде onluk сөзін [онлук], dördlük сөзін [дөрдлүк] деп дыбыстайды. Үндестік заңы бойынша dördlükсөзіндегі lük жұрнағы onluk сөзіндегі lukжұрнағының жуан түрі. Сонда lük [лүк] жұрнағының жуан түрі luk [лук] болғаны ма? Яғни [ү] дыбысының жуан түрі [у] болғаны ма? Мұнда да lük [лүк] жұрнағының жуан сыңары luk [лұк] болуы тиіс. Ал [ү], [ы] дыбыстарына /ü/, /ı/ деп арнайы таңба берілгендіктен екі тілде де бұл екі дыбыс сақталған.

Біз осындай үлкен қателікті диграф нұсқасында жібере жаздаған болатынбыз. Ол нұсқада [и], [і] дауыстыларына бір ғана /I i/ таңбасы берілген еді.

«Ғалымдар одағы» мен акут нұсқасының авторлары [х] және [һ] дыбыстарына бір ғана /Hh/ таңбасын беріп, жоғарыдағыдай қателікті қайталап отыр деуге болады. Осылай беретін болсақ болашақ ұрпақ бұл екі дыбыстың бірін, турасын айтқанда [һ] дыбысын мүлдем ұмытатын болады. Ал «Ұлттық жоба» авторлары қазақ тілінде [һ] дыбысы жоқ деген желеумен бұл дыбыстың таңбасын әліпби құрамына енгізбеген. Кезінде А.Байтұрсынұлы кейбір (аһ, үһ, түһ, түуһ секілді) одағай сөздерде ғана кездеседі деп, алғашқы құрастырған әліпбиіне [һ] дыбысының таңбасын енгізбеген болатын. Алайда кейіннен «Бұл әріпті қазақ әліппесінен шығарғанда мұнымен жазылатын сөздер аз деп шығарып едік. Аз болғанмен тілде бар дыбыс болған соң, жоқтығы сезілетіні көрінеді» [3, 88 б.], – деп, төте жазуға қайта қосқаны белгілі. Оның үстіне қазіргі таңда дін саласында қазақ тіліне аударылмай транслитерациялау арқылы жазылатын, яғни [һ] дыбысының орнына [х] дыбысын жазуға келмейтін көптеген діни терминдер мен кісі, жер-су атаулары бар. Осыларды ескере келе әзірбайжан, өзбек, қарақалпақ тілдеріндегідей [х] дыбысына /X x/ таңбасын, [һ] дыбысына /H h/ таңбасын қолданған жөн. Әліпбиге /x/ және /h/ әріптерін енгізер болсақ цех сөзінің жазылуын халық күлкіге айналдыруы мүмкін. Цех сөзі сәбіз, шығыс сөздері секілді төл сөзіміз емес. Сондықтан бұл сөздің аудармасын немесе қазақ тіліндегі баламасын табатын боламыз. Оған қазақ тілінің әлеуеті жетеді.

Акут нұсқасының авторлары [и] және [й] дыбыстарын кеңейтілген латындағы нүктесіз бір ғана /I ı/ таңбасымен, «Ғалымдар одағы» бұл екі дыбысқа бірінші ұсынысында /İ i/, екінші ұсынысында /I i/ деп бір таңбамен ғана берген. Біз бұл екі дыбысты бір таңбамен белгілеу дұрыс емес деп ойлаймыз. Бұлай ету емле ережелерін жасауда қиыншылық тудырары хақ. Акут нұсқасы бойынша иле етістігі ile болып, Іле өзені Ile болып жазылмақ, ал ile етістігін де үлкен әріптен бастап жазсақ екеуі де Ile, Ile болып жазылмақ. Осы екі сөзді «Ғалымдар одағының» екінші нұсқасымен ıle, Ile болып жазылса, бас әріптен басталса екеуі тағы да Ile, Ile болып жазылмақ. Акут және «Ғалымдар одағының» екінші нұсқасы бойынша үлкен әріптермен жазсақ бұл сөздер ILE, ILE болып жазылмақ. Баимыз, баймызсөздері акут нұсқада baımyz, baımyz, «Ғалымдар одағының» екі нұсқасында да baimyz, baimyz болып бірдей жазылмақ. Қазақ қыздарының арасында Аида, Саида т.б. есімдер жетерлік. Құранда «Мәида» атты сүре бар. Мұндай атаулар акут нұсқасында Aıda, Saıda, Máıda, ал «Ғалымдар одағы» нұсқаларында Aida, Saida Máida болып жазылып [Айда], [Сайда], [Мәйда] болып қате оқылуы мүмкін. Иірім, иілісу, иін, кейін, иірілімі, киімі, сүйінші сөздері акут нұсқасында кіші әріптермен жазсақ ıirim, ıilisu, ıin, keıin, ıirilimi, kıimi, súıinshi деп жазылса, үлкен әріптермен IIRIM, IILISU, IIN, KEIIN, IIRILIMI, KIIMI, SÚIINSHI деп жазылмақ. Ал «Ғалымдар одағының» екінші нұсқасы бойынша бұл сөздер кіші әріптермен iırım, iılısu, iın, keiın, iırılımı, kiımı, sýiınşı деп жазылса, үлкен әріптермен тағы да IIRIM, IILISU, IIN, KEIIN, IIRILIMI, KIIMI, SÝIINŞI болып жазылмақ. Бұл сөздерге тиін, биі, киік, т.б. сөздерді қоса беріңіз. Оның үстіне /I i/ әрпі көптеген тілдерде дауысты [и] дыбысының таңбасы.

Ал «Ұлттық жоба» авторлары дауысты [и] дыбысы қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ екенін ескеріп, бұл дыбыстың таңбасын әліпби құрамына енгізбеген.

Акут нұсқасының авторлары [у] дыбысына y таңбасына акут қою арқылы /Ý ý/ деп берген. Бұл жағдайда қуыр, қуыру, қуыруы, ауыр, ауыру, ауыруы сөздерінің жазылуы акут нұсқасында qýyr, qýyrý, qýyrýy, aýyr, qýyrý, aýyrýyболып көзге оғаш көрінбек. Бұл дыбысты акут арқылы /Ý ý/ таңбамен беру ешқандай түркі тілдерінің әліпбилерінде, тіпті акутқа негізделген қарақалпақ әліпбиінде де жоқ. Жалпы /Y y/ таңбасы латыннегізді әліпби қолданатын тілдердің денінде [ы], [і], қысқа [й] дыбыстарына тән таңба. /Ý ý/ әрпі түркімен тілінде қысқа [й] дыбысының таңбасы ретінде қолданылады. Сонда түркімендер Aqtaý қаласын Ақтай деп оқымақ. «Ғалымдар одағы» [у] дыбысын екі ұсынысында да /U u/ таңбасымен берген. Бұл таңба көптеген тілдерде дауысты [у] дыбысының таңбасы екені белгілі. Ал «Ұлттық жоба» авторлары дауысты [у] дыбысы қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ екенін ескеріп, бұл дыбыстың таңбасын әліпби құрамына енгізбеген.

Латынға көшудегі негізгі мақсаттардың бірі кирилдегі тіл бұзар емле-ережелерден құтылу болатын. Алайда елуінші жылдары тілімізге күштеп енгізілген орыс тілінің дауысты [и], [у] дыбыстарынан құтылмай, тіл бұзар емле-ережелерден де құтылмасымыз анық. Ресми бекітілген акут нұсқасында да, «Ғалымдар одағы» ұсынған екі нұсқада да бұл екі дыбыстың таңбалары өзгеріссіз тұр. Бұл екі таңба осылай қалар болса әліпби ауыстырудың өзі бос әурешілік. Өйткені кирилшеде ми, ки, су, ту деп қазақ сөзінің түбір, буын, морфем айтылымын бұзып жазылып келген сөздерді акут нұсқсымен mı, kı, tý, sý, «Ғалымдар одағының» нұсқасымен mі, kі, tu, suдеп ары қарай қате жазуды жалғастыра беретін боламыз.

Қазақ тілінде расында да [и], [у] дауыстылары жоқ екені ғылымда белгілі. Ол туралы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары да үздіксіз айтып келеді. Біз алдыңғы мақаламызда XIII ғасырларда Мысыр мәмлүктерінің елінде жарық көрген «Қыпшақ-араб сөздігі» мен XIV ғасырда жазылған қыпшақ тілінің грамматикасын үйрететін «Қауанин» еңбегінде бұл екі дыбыстың кездеспейтінін дәйектеп көрсеткен болатынбыз [4, 106 б.]. Тілімізге араб тіліндегі كِتَاب [китаб] сөзінің кітап, دِين [дин] сөзінің дін, شُكْر [шукр] сөзінің шүкір, جُمعَة [жум’а] сөзінің жұмат.б. болып енуі де дауысты [и], [у] дыбыстарының тілімізде болмағанына дәлел. Сондықтан қазақ сөздерінің түбір, буын, морфем айтылымын бұзып келген дауысты [и], [у] дыбыстарынан құтылып, таңбаларын әліпби құрамына енгізбегеніміз жөн. Дауыссыз [й] дыбысын /i/ таңбасымен белгілеу ешқандай да түркі тілдерінің тәжірибесінде жоқ. Бұл дыбыс түрік, әзірбайжан, өзбек, қарақалпақ тілдерінде /Yy/ таңбасымен, түркімен тілінде осы таңбаға акут қою арқылы /Ýý/ деп белгіленген.

Дауыссыз [у] дыбысы түркімен және қарақалпақ тілдерінде /Ww/ таңбасымен таңбаланған. Ал түрік, әзірбайжан, өзбек тілдерінде дауыссыз [у] дыбысы көп жағдайда [в] дыбысына айналғандықтан бұл тілдерде /v/ таңбасымен белгіленген (мысалы, әзірбайжан тілінде: дуал – divar, жануар – canavar; түрік тілінде: дуал – duvar; жануар – canavar, тауық – tavuq,; өзбек тілінде: тауық – tovuq, хайуан – hayvon). Олай болса дауыссыз [й] дыбысын туысқан түрік, әзірбайжан, өзбек, қарақалпақ тілдеріндегідей «Ұлттық жобадағы» /Y y/ таңбасымен, дауыссыз [у] дыбысын түркімен, қарақалпақ тілдеріндегідей /W w/ таңбасымен белгілеген жөн. Сонда «Ұлттық жоба» авторлары айтқандай ми, ки, су, ту сөздерін mıy, kiy, suw, tuwдеп айтылымы бойынша қатесіз жазатын боламыз. Сонымен қатар ие – iye (i-ye), сиыр – sıyır (sı-yır), т.б. сөздердің буынға бөлу, тасымал мәселелері шешілетін болады. Жоғарыдағы баимыз,Аида, Саида, Мәида сөздері baıymız, Aıyda, Saıyda, Mӓiyda болып, иле етістігі iyle, Іле өзені İle, ал иірім, иілісу, иін, иір, иірілімі, киімі, сүйінші деген сөздерді кіші әріптермен iyirim, iyilisüw, iyin, keyin, iyirilimi, kiyimi, süyinşi, үлкен әріптермен İYİRİM, İYİLİSÜW, İYİN, KEYİN, İYİRİLİMİ, KİYİMİ, SÜYİNŞİ деп қиындықсыз жазатын боламыз.

Ал қуыр, қуыру, қуыруы, ауыр, ауыру, ауыруы сөздері quwır, quwıruw, quwıruwı, awır, awıruw, awıruwı болып жазылатын болады.

Кезінде А.Байтұрсынұлы шет тілдерден енген сөздер тіліміздің табиғатына, айтылу сазына кері әсер ететінін, сөзіміз шұбарланып, әуені бұзылатынын айтып, басқа тілдің сөздерін өз тіліміздің дыбыстық ерекшелігімен айту керектігін ескерткен болатын. Латынға алғаш ауысқан жылдарда кірме сөздер қазақ тілінің айтылымына ыңғайластырылып енген болатын. Мысалы комитет – kәmijtet [кәмійтет], август – aƣus [ағұс], округ – өkrig [өкріг], милиция – melitsija [мелитсійа] болып қазақ тіліне бейімделіп енді.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бір сұхбатында «Қазақ қазір орысша акцентсіз сөйлейді. Біз қазақша сөйлеп келе жатып, кірме сөздерді айнытпай айтамыз. Ол негізінен мақтанатын дүние емес. Орыс мәтінді дауыстап тұрып оқып көріңізші. Орыс мәтінді дауыстап оқып келе жатып, кейбір қазақша сөздерді таза қазақша айтып көріңізші. «Сегодня в эпоху жаһандану нужно ғарышқа отправлять ракету» деген сөйлемді бір мінберден айтыңызшы. Орыстар қалай қабылдайды екен. Күледі ғой. Дәл солай, біз қазақша сөйлей тұрып, бөтен сөзбен тілімізді бұзып отырмыз» [5] деген болатын. Сондықтан тілімізге еніп отырған терминдер мен өзге де кірме сөздерді мүмкіндігінше қазақшаға аударып, болмаса тілімізге бейімдеп алғанымыз жөн.

Қазіргі роман тілдері латын тілінен тараған тілдер. Сондықтан да латынның “compositor” сөзін роман тілдеріне жататын итальян тілінде «compositore», француз тілінде «compositeur», испан тілінде «compositor», португал тілінде «compositor», румын тілінде «compozitor» деп айту заңдылық. Өйткені олар туыстас тілдер. Ал гермен тілдері географиялық тұрғыда роман тілдерімен шекаралас тілдер. Шекаралас тілдердердің бірінен бірі сөз алмасуы табиғи жағдай (түркі, парсы, араб тілдері секілді). Сондықтан да латынның “compositor” сөзін герман тобына жататын ағылшын тілінде «composer», голланд, нидерланд тілдерінде «componist», неміс, дат, норвег тілдерінде «komponist» деп айту заңдылық. Байқап отырғанымыздай “compositor” сөзі герман тілдеріне өткенде фонетикалық өзгерістерге ұшыраған. Халықаралық деп жүрген бұл сөз латын тіліне туыстығы жоқ Еуропаның көптеген тілдеріне және шығыс тілдеріне аударылған. Мысалы, грек тіліне Συνθέτης [synthétis], венгр тіліне «zeneszerző», фин тіліне «säveltäjä», исланд тіліне «tónskáld», араб тіліне ملحن [mulahhin], жапон тіліне 作曲家 [sakkyokka], кәріс тіліне 작곡가 [jaggogga], қытай тіліне 作曲家 [zuòqǔ jiā], хинди тіліне संगीतकार [sangeetakaar], түрік тіліне «besteci», әзірбайжан тіліне «bəstəkar», өзбек тіліне «bastakor» деп аударылған немесе баламасы берілген. Қазақ тіліне де «сазгер» деп сәтті аударылған. Аударуға болатын терминдерді осылай аударып алғанымыз жөн.

Әлемнің көптеген тілдеріне енген гректің mouseĩon (μουσεῖον) сөзін ағылшындар the museum, итальяндықтар il museo, ирландықтар an músaem, француздар le musée,литвалықар muziejus, норвегтер museet, румындар muzeu,словактар múzeum,түріктер müze, орыстар музей деп өз тілдеріне бейімдеген. Ал арабтар бұл сөзді المتحف [al-muthaf], вьетнамдар bảo tàng, жапондар 博物館 [hakubutsukan], қытайлар 博物馆 [bówùguǎn], тайлар พิพิธภัณฑ์ [phiphiṭhp̣hạṇṯh̒], исландықтар safnið, кәрістер 박물관 [bagmulgwan], үндістандықтар संग्रहालय [sangrahaalay] деп өз тілдеріне аударып алған. Яғни латын графикасын қолданатын елдердің көпшілігі гректің mouseĩon (μουσεῖον) сөзін грек тіліндегідей дыбыстамаған. Кейбір елдер (тіпті латын графикасын қолданатындар да) бұл сөзді өз тілдеріне аударып алған. Бұл сөз қазақ тіліне де мұражай деп сәтті аударылған.

Латынның institutum сөзін орыстар институт, ағылшындар institute, итальяндар istituto di, француздар мен немістер institut, испандар instituto, гректер ινστιτούτο[institoúto], ирландықтар institiúid, латыштар institūts, литвандар institutas, эстондар instituut, финдер instituutti, түріктер еnstitüsü деп өз тілдеріне бейімдеп алса, исландықтар stofnun, арабтар معهد [ma‘had], вьетнамдар viện, үндістандықтар संस्थान के [sansthaan ke] деп өз тілдеріне аударған немесе баламасын берген. Сонымен қатар латынның universitās сөзін де латын графикасын қолданатын елдер латын тіліндегідей таңбаламаған және сол тілдегідей етіп дыбыстамаған. Барлығы дерлік өз тілдеріне бейімдеп алған, тіпті көптеген елдер бұл сөзді де өз тілдеріне аударып алған. Латын графикасына көшкенімізді пайдалана отырып аударылмайтын терминдерді орыс тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі жазылуы не дыбысталуы бойынша көшіре салмай, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, қазақ тіліне бейімдеуіміз керек, тіпті сәтті баламасы табылып жатса аударғанымыз жөн. Сондықтан сәтті аударылып, қалыптасып кеткен мұражай (murajay), жекешелендіру (jekeşelendirüw), мұрағат (muragat), әуежай (äwejay) т.б. сөздерді қолданыстан шығармаған жөн. Ал аударылмайтын халықаралық терминдерді, мысалдардан көргеніміздей, әр халық өз тілдеріне бейімдеп алған. Сондықтан орыс тілінің үлгісімен жазылып жүрген латын тілінен енген университет, институт секілді халықаралық терминдерді латын графикасымен üniwersitet [үніуерсітет], enstetӧt[енстетөт] деп қазақ тілінің дыбысталуына бейімдеп алғанымыз жөн. Мұндай сөздерді әліпби ауыстырылған бетте жаңа емле ережелерді жасау кезінде бейімдеп алмасақ, кейін кеш болады.

Латын графикасына қатысты түрлі саланың өкілдері әліпби жобаларын жасалғаны белгілі. Кейбір жоба авторлары үндестік заңына сүйенгенін алға тартып, төл сөздерде тек жіңішке дауыстылармен бірге келетін [г] және тек жуан дауыстылармен бірге келетін [ғ] дыбысы үшін бір ғана /Gg/ әрпін таңдаған. Сонымен қатар үндестік заңы бойынша төл сөздерде тек жіңішке дауыстылармен бірге келетін [к] және тек жуан дауыстылармен бірге келетін [қ] дыбысы үшін бір ғана /Kk/ әрпін таңдаған. Бұл болашақта қазақ тілін [қ], [ғ] дыбыстарынан айыратын жоба. Өйткені үндестік заңына сүйеніп латындағы /Kk/ әрпін [к] және [қ] дыбыстарына қолданамыз деген түріктер және кирилдегі /Кк/ әрпін [к] және [қ] дыбыстарына қолданамыз деген қырғыздар қазіргі таңда [қ] дыбысымен қоштасқан. Енді бір жоба авторлары 5 мыңнан аса термин мен сауда маркаларының атауларын тілімізге ағылшын тіліндегі жазылуы бойынша енгізуді мақсат тұтып жүр. Мұндай жоба ұсынушылардың латын графикасына көшудегі негізгі ұлы мақсатымыздың байыбына бара алмай жүргенін және әлем халықтары халықаралық терминдерді өз тілдеріне қалай бейімдеп енгізгендерінен хабары жоқтығын білдіреді.

Дәл қазір сындарлы сәт. Қандай әліпби болмасын тілге әсерін тигізбей қоймайды. Оны кирил, араб, латын әліпбилерін қолданатын қазақтардың сөйлеу мәнерін салыстыру арқылы байқап жүрміз. Тіліміздің табиғатын сақтап қалу немесе оны бұзып алу осы қабылданатын әліпбиімізге тікелей байланысты екенін есімізден шығармайық. Жаңа әліпбиімізде кейбір түркі тілдері секілді төл дыбыстарымыздың кейбірінен айырылып қалмау жағын барынша қадағалағанымыз жөн. Тағы да қайталап айтамыз /Uu/ таңбасын төл сөздерімізде [ұ], кірме сөздерде [у] деп дыбыстау және /Іі/ таңбасын төл сөзедімізде [і], кірме сөздерде [и] деп дыбыстау өте қауіпті. Олай етер болсақ түрік, әзірбайжан тілдеріндегідей уақыт өте келе [ұ], [і] дыбыстарынан айырылатын боламыз. Сондықтан да кірме [у], [и] дыбыстарын тілімізге мүлдем енгізбегеніміз дұрыс. Бұл дыбыстармен айтылатын халықаралық сөздерді өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағыдай мүмкіндінше тілімізге бейімдегеніміз жөн.

Мақаламызды қорыта келе латыннегізді әліпбиіміз А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған қазақ сөзінің түбір, буын, морфем айтылымын толық сақтайтын «Ұлттық жоба» негізінде төмендегідей болса деген ойдамыз (3-кесте). Акут нұсқасын дайындауға ары кетсе екі-үш ай уақыт жұмсалған шығар, ал «Ұлттық жобаны» дайындауға институт ғалымдары бақандай жиырма жыл еңбек еткенін қаперімізден шығармайық. Тіпті акут керек болып жатса кестедегі [ә], [ө], [ү], [і] дыбыстарының таңбаларын ғана /á/, /ó/, /ú/, /í/ деп акутқа ауыстыруға болады. Ал [у], [ғ], [ң] дыбыстарының таңбаларына ý/, /ǵ/, /ń/ деп акут диакритикасын қою қисынға келмейді.

3-кесте.

кирилше латынша кирилше латынша
1 А а A a 17 О о О o
2 Ә ә Ӓ ӓ 18 Ө ө Ӧ ӧ
3 Б б B b 19 П п Р p
4 Г г G g 20 Р р R r
5 Ғ ғ Ğ ğ 21 С с S s
6 Д д D d 22 Т т T t
7 Е е E e 23 У у (дауыссыз) W w
8 Ж ж J j 24 Ұ ұ U u
9 З з Z z 25 Ү ү Ü ü
10 Й й Yy 26 Ф ф F f
11 К к K k 27 Х х X x
12 Қ қ Q q 28 Һ һ H h
13 Л л L l 29 Ш ш Ş ş
14 М м M m 30 Ы ы I ɪ
15 Н н N n 31 І і İ i
16 Ң ң Ŋ ŋ

Тегтер: латын әліпбиі, қазақ әліпбиі, акут, диграф

Авторы: Қалдыбай Арыстанбекұлы Қыдырбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті, PhD докторы Abai.kz

Сондай-ақ, оқи отырыңыз