Сұлтанмахмұт әлемі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

аға оқытушылары П.Қ. Бисенбаев,

Е.М. Солтанаева 

 

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінде аға оқытушы П.Бисенбаев және Е.Солтанаеваның ұйымдастыруымен 2 курс «Қазақ тілім мен әдебиеті» мамандығы студенттері арасында С.Торайғыров шығармашылығын талқылауға арналған әдеби кеш өтті

 

Сұлтанмахмұт әлемі

 

С. Торайғыровтың қазақ әдебиетіндегі алатын орны ерекше. Ол өзінің қайталанбас туындыларында қазақ ұлтының арман аңсары мен  өр рухын, елдік бітім болмысын сомдады. Әділдік пен ар-ождан мәселелерін жырлады.Сөз жоқ, халықтың ықыласына бөленген мұндай поэзия үлгілері одан сайын жаңғырып, жасара түспек.

Ақынның бірнеше жанрға қалам тартқаны мәлім. Оның атақты  романдарынынан басқа адам мен қоғам жайындағы философиялық поэмалары, уақыт тынысын айқындайтын мақала очерктері, шыншыл да сыршыл өлеңдері қаншама. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында соншама мол мұра қалдырған ақынға таңданбасқа лажың жоқ.

Сұлтанмахмұт туындылары адам, қоғам жайындағы толғаныстардан туады. Бұл жайттар ақынның Абай реализмінен нәр алғанын көрсетеді. Жалпы оның поэзиясы (XX ғ басында) ояну дәуіріндегі қайшылықтар мен әлеуметтік дүмпулерді, рухани сілкіністерді бейнелейді.

С.Торайғыров көп оқып, көп ізденген ақын. Ол күллі әлемнің ғылыми жаңалықтары мен саяси әлеуметтік бағыт-бағдарынан хабардар болып отырған. Француз ағартушысы Ж.Руссоны жақын тұтқан ақын Эдиссон, Луй Пастер, Карл Маркс, Лев Толстой т.б. еңбектерімен таныс болған. Оның поэмаларындағы кейбір шумақтар мен «Социализм» атты мақаласы соған дәлел бола алады.

Сұлтанмахмұттың ірі тұлға ретінде қалыптасуына  Ахмет, Міржақып, Ә.Бөкейхановтың әдеби-сын мақалалары, шығармалары мен зерттеулері зор ықпал етті. Отаншылдық, патриоттық сезімін ұштады. Ел-жұртын, халқын, қалтқысыз сүюді үйретті. Бір ғана Сұлтанмахмұт Торайғыров емес, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Б.Күлеев, т.б. жас ақындар, негізінен, Ахмет пен Міржақыпқа қарап бой түзеді. Солар сілтеген бағытта жұмыс жасап, халықтың оянуына, ұлттық мәдениеттің дамуына өз үлестерін қосты.

Ақпан төңкерісі, патшаның тақтан түсуі, қазақ оқығандарының автономия алмақ ниеті, Алашорда үкіметінің құрылуы сияқты айтулы оқиғалар тұсында Сұлтанмахмұт Семейде болады. «Алаш ұранын» жазады. Халықты алаш туының астында бірігуге, ұлт тұтастығы үшін әрекет жасауға шақырады.

Сұлтанмахмұт «Таныстыру» поэмасында «Алашорда» үкіметінің көсемдерін елге әйгілеп, олардың отаршылдыққа қарсы кұрес жолындағы өлшеусіз еңбектеріне баға береді. «Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов – бірі күн, бірі шолпан, бірі айым»,- дейді. Олардың іс басындағы серіктері Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, Р.Марсеков, Ж.Ақбайұлы сияқты зиялы азаматтардың еңбектеріне баға береді. «Сарыарқа» газетіне «Әлиханның Семейге келуі» атты мақала жазады. Демек, Сұлтанмахмұт Алаш ісіне адал болды, олардың ұстанымын, бағыт-бағдарын барынша қолдады. Ақын 1918 жылы денсаулығына байланысты Баянауылға қайтады.

Елге барған соң көтерісшілердің еңбектерімен танысады. 1919 жылы қызыл әскердің бастығы Жигаров дегенмен сөйлесіп ревком ісіне араласа бастайды. Бірақ, көп ұзамай ауруы меңдеп, дүниеден озады.

Сұлтанмахмұттың ревком жұмысына қолғабыс етуін алаш партиясынан теріс айналуы деп ұғуға болмайды. 1919 жылы Лениннің қабылдауында болған Алаш көсемдері автономияға қол жеткізеді. Сөйтіп, жаңа биліктің елдегі ісіне араласып, қолдау көрсетеді.

Сұлтанмахмұтты түзу жолдан бұра тартты, ел мүддесінен аттап өтті деп ешкім айта алмайды. XX ғ басындағы ақындар елдің азаттығы, тәуелсіздігі үшін, ағартушылық идеялар үшін білек сыбана отырып, бір бағытта отаршылдыққа қарсы күресті. Сондықтан болар, олардың тақырыптарында да жақындық байқалады. Солардың бәрі ұлтының трагедиясын көре білгені үшін, жоқшылықтан, надандықтан шығудың жолын іздегені үшін «ұлтшылдар» қатарына қосылды.

Негізінен адасқан, қателескен Сұлтанмахмұт емес, әдебиеттегі сұлтанмахмұттану саласы болды. Олар ақын өмір сүрген кезең шындығын есепке алмай, «Айтыс», «Таныстыру» поэмаларынан ескіліктің сарқыншағын іздеді, ұлтшылдықпен байланыстырды. Сын мақалалардың авторлары шығарманы талдаудың орнына, ақынның шыққан ортасы мен айналасын тілге тиек етіп, жабайы социалогиялық принципке бой алдырды. Сөйтіп ақынның қалыптасу кезеңдеріне, ізденіс жолдарына жөнді баға берілмеді.

Рас, мінезсіз ақын болмайды. Сұлтанмахмұттың өзі: «Мен өз пікірімді дүниеге шығаруда кісі бетіне қарамадым. Махмұт қай бір адамның көңіліне қарайтын адам? Сондықтан келісе алмадым. «Айқапта» тұрған минуттарда бүкіл ғаламға өзім ие болғандай көтерілдім. Ойлап қарағанда, ақымақтық болмаса, көтерілетін не бар еді»,- деп көрсетеді. Бұл енді Сұлтанмахмұттың «Айқаптан» кеткен соң, қатесін мойындап жазғаны болатын. Алайда оны ақынның адасуы деп айтуға болмайды.

Сұлтанмахмұттың шығармаларын 1927 жылы алғаш жинап баспаға ұсынған Жүсіпбек Аймауытов болатын. Бірақ ол жинақ 1933 жылы, Жүсіпбек қаза болғаннан кейін жарыққа шығады. Жүсіпбектің алғы сөзі мен түсініктері онда енбейді. Негізі, Сұлтанмахмұт Торайғыров жайында тың деректер іздейтін болсақ, Ақын мен жеті атадан туысатын Жүсіпбек пен Мәшһүр Жүсіп мұраларынан іздестірген жөн. Б. Кенжебаевтың мұрағаттарынан да біраз дүние табылуы ғажап емес.

Сұлтанмахмұттың тұрмыс қиыншылығына қарамай, денсаулығы сыр берсе де, оқу, білім іздеп қалалы жерлерді аралап, ауылдан жырақта жүруі таңқалдырады. Томск технология институтының студенті Әлімхан Ермековтің көмегімен дайындақ курсына түскен ақын өз күнделігінде: «Жұмасына екі рет ет татам. Киім алғаным жоқ. Күні түні айналдырғаным ала қағаздың беті…Халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқыимын. Сонан соң тұрмыс қандай жүк салса да көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ»,- дейді.

Ақын 1912 жылы күнкөріс қамымен әрі білімін жетілдіру үшін Троицк қаласына келіп, Айқап журналында екі жыл қызмет атқарады. 1914 жылы Семей қаласына келеді. Одан әрі күнкөріс қамымен өр Алтайдағы Қаратай елін аралап, орысша, қазақша оқытатын мұғалім болып аттанады.

Осының бәрі ақынның ерік-жігерінен, күресшілдік қасиетінен хабардар етеді.

Сәбит Мұқанов Сұлтанмахмұт Семей губерниясы, Павлодар уезі, Шідерті ауланында 1893 жылы октябрдің он бесінде туған деп жазады. Жүсіпбек Аймауытовтың «Еңбекші қазақта» (1926 ж, 19-қараша), 1933 жылғы жинақта ақынның өміріне қатысты мәліметтер береді. Соған қарағанда Сұлтанмахмұт Омбы уезі, Шағырай болысына қарасты Қарауыл Шабардағы (Көкшетау обл, Қызыл ту ауданына қараған) бай жездесінің ауылында 1893 жылдың 28-қазанында дүниеге келген. Бір жасында анадан жетім қалады. Алты жасында Баянауылдаға ата қонысына оралады. Ес жиып етек жиғанша сол Баян тауында күн кешеді. «Алыптай асқан Баянның оң қолтығында айнадай жарқыраған Сабынды көл, сол қолтығынды Шойынды көл, жамбасында Тас аралды, Көк құрақты Торайғыр көлі болса, көкорай шалғын, көк балауса жасыл жапырақ, жеміс, тау іші ың-шың аң, бұта толған жыршы құс. Міне, сол секілді зәулім жаратылыстың бауырында бала Махмұт балдырғандай балалық шағын өткізеді»,- дейді Ж.Аймауытов.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

аға оқытушылары П.Қ. Бисенбаев,

Е.М. Солтанаева