«Көке» деп енді мені кім айтады

Илья Жақанов.

Зәуреш

  • 30.10.2016

           Пенденің басына түсетін жазмыш ісі дерлік қасіреттің ең ауыры – бауыреті баласынан айырылған зардан артық зар жоқ. Ол шердің не екенін «Зәуреш» әніндегі қайғыны бастан кешкен жан ғана біледі…

«Зәуреш» әні – азалы реквием.

Әлі есімде, бүгіндері Ақтөбе қаласында Құдайберген Жұбанов атындағы университетте істейтін белгілі тіл маманы Есет Жұбанов 1967 жылдың жаз айында  «Қозы Көрпеш – Баян  Сұлу» эпосының тілі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Соның  ертеңінде бір тымырсық кеште академиктер – Смет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Ғайниден Мұсабаев, профессор Мәлік Ғабдуллин бастаған бір топ еңселі ғалымдар  Есеттің  екі бөлмелі шағын үйінде отырыс жасады. Есетпен дос-көңілдес боп араласып жүргендіктен осы көшелі жиында біз Өмірзақ Айтбаев (қазір филология ғылымының докторы, профессор) екеуіміз үлкен кісілерге қызымет көрсеттік. Сері көңілді Смет ақсақал Өмірзаққа ауық-ауық ән салдырды. Әзіл-қалжың жүріп жатты. Дастархан дуы қыза бергенде академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов келді. Отырғандар  орындарынан өре түрегеліп, Ахаңды төрге шығарды. Бұл кісінің  аты жаман науқасқа шалдыққанын білетін едім. Енді, міне, бұрын да қаршығадай ғана қағылез жан әбден меңдеген дерттен құр сүлдесі қалған. Көзі шүңірейе тереңдеп, екі жағы суалып, қарлығаштың қанатындай жұп-жұқа еріні кезеріп, екі білегінің  терісі салбырап, еттен арылған. Қимылы мүлде баяу. Самарқау. Селқос. Осы жағдайын іштей сезіп отырған зиялы топ бәйек бола қозғалақтап, алдына бас тартып, іле-шала сөз берді. Ахаң: – Бүгін біздің Естай бәйгіден келді. Ол сіздердің арқаларыңыз. Естайдың  ғалым болатын жөні бар. Еңбегін жалғастыра берсін. Сіздерге  алланың рахымы жаусын, – деп академиктерге  бас иіп, ізет білдірді. Көп ұзамай үзіліс болды. Біз  Өмірзақ екеуіміз Ахаңды екі жағынан қолтықтап, тысқа алып шықтық. Лүп еткен леп жоқ. Тып-тыныш мүлгіген қапырық кеш. Қонақтар екеу-үшеуден бөлініп, өзді-өзі сөйлесіп тұрды. Мен Ахаңның қасынан кете алмадым. Ахаң үнсіз. Бірдеме деп тіл қату  қиын. Қалжау тартқан. Жеңіл күрсінеді. Соның өзінде  мөлдіреген бір  бекзат. Бір кезде  анадай жерде біреулермен сөйлесіп тұрған Мәлік Ғабдуллин бізді көре салып: – О, Аха, – деп  үйіріле кеп Ахаңды  жайлап қана құшақтай алды, – құдай қаласа  жазылып кетесіз, реңіңіз жақсы. Кеше  радиодан бір  музыкалы әңгіме еріліп, онда «Зәуреш» әнін Леонид Шаргородскийге тапсырып, оркестрге қалай түсірткеніңізді келістіріп тұрып айтты. Мұхит та түпсіз терең бір әлем екен. Оны  жан-жүрегімен сезінген Шаргородскийдың да атасына мың да бір рахмет. «Зәурешті» тыңдағанда  Абайдың  «Елсіз жер тұрғандай бір хаққа мүлгіп» деген сөзі  еске түсіп,  тұңғиық ойға  беріліп, одан зорға арылдым. «Зәуреш» хикаясын Әнуарбек Байжанбаев та бар жанын салып оқыды. Япырай, бұл «Зәуреш»  «Топан»  сияқты күйлерден де  ауыр реквием екен ғой.

Мәлік Ғабдуллиннің бұл сөзіне разы болғандай Ахаң жай ғана   бас изеп, бірдеме дегісі келді де, бірақ, үндемеді. Біраз тұнжырады. Сәлден соң: – Ана бір жылдары Күләш… Мұқан Төлебаев… Мұқтар Әуезов… Қаныш Сәтбаев… ой, құдай-ай, бәрі де кетті-ау… Сонда солардың ең соңғы азалы сәтінде осы «Зәуреш» зар төкті. Сонау  қырық екінші жылдың аяғында оркестрге бас дирижер боп  Леонид Шаргородский келді. Ол біздің оркестрмен бұрыннан  тығыз байланыста еді. Мен алғаш рет оркестрге «Жиырма бес», «Екі жирен», «Қараторғай» әндерін Брусиловский, Зильбер, Хамидилерге беріп оркестровка жасаттым. Ал, өзім «Айдидай», «Жанбота», «Зәуреш» әндерінің партитурасын жаздым. Осы әндердің ішінде Леонид Шаргородский «Зәурешке» таңғалды да жүрді. Тағы бір дирижеріміз Сергей Шабельский де «Зәурешті» жиі-жиі тыңдады. Оларға біздің Латекең… Хамиди қосылып, «Зәуреш» төңірегінде ұзақ философия толғайды. Сондай бір күндері Леонид Шаргородский: «Дүниеде Моцарттың   «Реквиемінен» асқан не бар деуші едік. Бетховеннің де  жан күйзелтетін қайғылы музыкасы жеткілікті ғой. Соның бәрін ойлағанда «Зәурештің» шері басым екен. Бұл ән ғой. Бар болғаны ән… ал, оркестрде ол – азалы симфония!» деді. Мен тұрып оған: «Олай болса «Зәурешті» сол симфониялық толғауға түсіріп көріңізші» деп тілек еттім. Көп ұзамай ол ән «Зәурешті» аспаптық шығарма табиғаты қалпында жүрек сыздата жазып шықты. Е, Мәлік інім… Мәлікжан, мен өз реквиемімді осылайша  жасаттым,  – деді.

Мәлік: – Аха… Аха… – деп дір-дір ете кемсеңдеп, не істерін білмеді…

Келер жылы – 1968 жылдың маусым айының бірінші жұлдызында Алматы жұртшылығының жер қайысқан азалы қауымы Абай атындағы Опера және балет театрының даладай кең фойесінде академик Ахмет Қуанұлы Жұбановпен соңғы рет қоштасып тұрып, «Зәурештің» азалы зарымен көз жастарын көлдетті.

«Зәуреш»…

Ел жүрегінде «Зәуреш» хикаясы қилы-қилы сыр болып айтылып жатады. Соның бәрі түрлене құбылып кеп, Ахмет Жұбанов жазған тарихқа тоқтайды. Ол көбіне Орал мен Ақтөбе жағында сақталған әңгімелер. Басқа жерлерге оның сарыны ғана жетеді. Лақап… долбар…жорамал… тіпті, көршілес жатқан Атырау елі «Зәурештің» жайын ақтөбеліктердей жақсы біле бермейді. Оған көзім анық жетті.

1995 жылдың тамыз–қыркүйек айларында ақтөбеліктер өздерінің бір сүйікті арысы – көрнекті ақын Қуандық Шаңғытбаевтың жетпіс жылдық тойын тойлап, елді аралатты. Ақынның желеуін көтерген бір топ Алматылық серіктері боп біз де  сол бір естен кетпес жақсы күндердің қуанышын бірге көрдік. Сол сапарда мен жылдар бойы алаңдатқан «Зәуреш» әнінің беймәлім тарихына ойда жоқта кез болдым. Дәл осы жерде сол бір сәтті  өзімнен гөрі бізбен сапарлас боп бірге жүрген белгілі тарихшы, профессор Төреғали Қаратаевтың баяндағанын жөн көріп, оның  «Қазақ әдебиеті» газетінде (1997 жыл, 15 көкек) жарияланған «Мұхитқа ән шығартқан Зәуреш – кім?» деген мақаласынан  мынадай бір үзіндіні алға тартқым келеді: «…Ырғыз ауданында бірер күн болып,  енді Шалқарға қарай аттанар алдындағы қоштасу рәсіміне «қолымызда өскен Қуандығымызды шығарып саламыз»  деп, бір-екі көне көз  қария да келген екен. Дастархан басында  әлгі қарияның біреуі  (әттегене-ай, аты  есімде қалмапты!)  осы өңірде  ертелі-кеш өмір кешкен тұлғалар туралы әңгімелеп отырды да: «Мұхит әнге қосқан Зәурештің сүйегі де осы Ырғыз іргесінде жатыр» деп қалғаны. Илья елең етіп: – Бейітін көрсете аласыз ба? – деді.

– Көрсетем, машинаға он бес–жиырма минут жер, – деп қария  келісе кетті.

Ильяның: – Ал, қане, менімен бірге қайсың барасың? – деуі мұң екен, мен орнымнан атып тұрдым.»

Профессор Төреғали  Қаратаевтың  баяндағанындай  біз іле-шала даланың кедір-бұдыр жолымен шоқырақтата тартып, Ырғыз өзенінің оң жақ бетіндегі қалың ескі қорымға жеттік. Жергілікті ел оны «зират» деп атайды. Зираттың орта тұсында төңкерілген  тақиядай боп топырағы теңіз тұнбасы сияқты сұрғылт жұмсақ төбенің бетінде бірнеше балбал тастарды көрдік. Бізді бастап әкелген қария әр тасқа зер сала үңіліп, кейбіреуінің бедерін саусағымен сипап, ойлана аралап бір әсем өрнекті ескерткішке қарап тұрып: – Міне, шіркін Зәурештің жатқан жері. Құлпытасы. Жаның жаннатта болғыр, Зәуреш, – деп қолы қалтырап толқып кетті, – Зәурештің  күйеуі Сейдалин де  осында жерленген.

Зәурештің  құлпытасы… Зәуреш жайында  Ахмет Жұбановтан бастап қанша адам қалам тербеді. Соның бірде-бірі Зәурештің  Ырғыз топырағында  жаны жай тапқанын жазған жоқ еді. Себебі, олар Зәурештің қайда жатқанын білмеген болу керек. Зәурештің   құлпытасы жартысына дейін жерге батқан.  Түсі  күңгірт тартқан. О баста бозғылт болғанға ұқсайды. Жауын мен желдің әсерінен бастапқы сыны бұзылыңқырап, біраз мүжіліпті де. Күншығыс жаққа қараған бетіндегі ирелеңдеген арапша жазуды оқу мүмкін емес. Әуелгі кезде ол жазуды ойып жазыпты. Жырым-жырым болған бедерінің іздері ғана тұр. Қасымыздағы қария: – Біздің  Ырғыз жұрты осы бейітті «Зәурештікі» дейді. Ол – үлкендерден қалған сөз. Сіздерден бұрын да бұл қорымға  сырттан келген талай қонақтар әдейі бұрылып, құран оқып, суретке түсіріп алып кетіп жүрді. Соңғы бір жылдарда  Зәурешті  іздеушілер мүлде тиылды. Бұрынғылардан естіген сөзіміз – Зәурештің күйеуі Сейдалин деген бір зиялы адам деседі, – деді. Бізбен бірге жүрген тағы бір кісі: – Зәурештің күйеуі – сол Сейдалин – осы Ырғызда мировой судья болыпты, – деген сөзді  мен де үлкендерден талай рет естідім, – деп ана кісінің  сөзін бас изей қуаттады.

Біз Зәурешке, басқа да аруақтарға арнап дұға оқыдық.

Ел текке сөйлемейді. Біледі. Жол үстінде біз өз ойымызбен өзіміз боп, машина үстінде үнсіз мүлгідік. Мен  Сейдалин деген есімді іштей қайталай бердім. Оны көбіне соңғы жылдары әртүрлі басылымдарда жарияланған тарихшылардың зерттеу еңбектерінен көзім шалғаны бар-ды. Бірақ, ол Сейдалиндердің  Зәурешке қатысы бары еш қаперіме келген жоқ. Енді, міне, Зәурештің осы бір дерегі Алматыға келген соң да көп алаңдатты. Сөйтіп жүргенде профессор Төреғали Қаратаевтың жаңа  әлгінде үзіндісін келтірген мақаласы жарық көрді. Ол мақаланың  қызықтығы сол – бір Сейдалин емес, алты Сейдалиннің бар екендігін аян етті. Олар 1882 жылы Қазан университетінің заң  факультетін бітірген (аты-жөні белгісіз) Сейдалин; Әлмұхамед Күнтөреұлы Сейдалин – төре тұқымы. 1860 жылы Петербургке барған. Орынбор сұлтандарына тілмаш болған. Оның сол сапарын Шоқан әкесіне жазған хатында (1860 жыл  9 тамыз) айтатыны бар. Т.А. Сейдалин (1837-1919 жж.), төре тұқымы. Ол Әлмұхамед Сейдалиннің туысы болу керек. Торғай өңірінің егін шаруашылығын зерттеп, «О развитии хлебопашества по бассейну реки Тургая» деген тақырыпта еңбек жазған. Жанша Сейдалин (1877-1923жж.). Әлмұхамед Сейдалиннің баласы. Петербург  университетінің заң факультетін 1904 жылы бітірген. Орынбор губерниясына қарайтын Троицк қаласында адвокат боп істеген. Алаш партиясын жақтамаған. Жанайдар Сейдалин – бірінші  орыс  революциясы кезінде кадеттер шығарған «Речь» газетіне  мақалалар жазған. Оны Әлихан Бөкейханов ерекше қадір тұтқан. Ол саяси  әрекеттері үшін қуғындалған. Мұса Сейдалин – Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде  майдандағы қазақтарға көмектесу үшін Минскіге дейін барған. Ол 1917 жылы Москвада Нәзір Төреқұловпен бірге оқыған.

Міне, алты Сейдалин. Мені ойландырған жай – Ырғызда осы Сейдалиндердің қайсысы судья боп қызмет етті? Мен осы  беймаза сауалмен ізденіске түстім. Егер тәңір иіп, осы Сейдалиндердің бірі Ырғызда  анық қызмет етті деген дерекке кез болсам, ол, сөз жоқ, Зәурештің  күйеуі! Профессор Төреғали  Қаратаев  зерттеген еңбектердің  бәріне үңілдім. Ол жарқыратып көрсеткен Сейдалиндердің бірі асыл Зәурештің құдай қосқан қосағы боп шықса, аты аңызға айналған ән кейіпкерінің бір тылсым сыры ашылар еді. Сейдалин… Зәуреш…

Мен 1999 жылдың желтоқсанынан бастап Көкшетауда Шоқан Уәлиханов атындағы университетте «Сал, Серілер мектебін» ашып, студенттерді халық музыкасына баулу мақсатында бір қызықты  тірлікті бастап едім. Бұған студенттердің ықыласы ерекше болды. Мен оларға анда-санда келіп, әнге арналған әңгіме-концерттер өткізіп жүрдім. Ал, 2000 жылдың қыс айларында тағы бір келген сапарымда университеттің ректоры, физика ғылымының докторы, профессор Абай Айтмұхамбетовтың ғалым ұлы Айдармен таныстым. Ол Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы  университетте оқытушы екен. Әңгімелесе келе уыздай жап-жас жігіттің қазақ тарихының бізге беймәлім сырларына қанық  білімпаз екеніне тәнті боп, ол тапқан деректерді қазбалап сұрай бердім. Ол  Қазақстандағы алғашқы халық ағарту ісінің тарихы қалай басталғанын зерттеп жүріп, көп материалдарға жолыққан. Соның бірінде  –  Әлмұхамед Сейдалин жөнінде: «В 1876 г. приказом по Министерству юстиции Сейдалин переведен на должность  уездного судьи в Иргизсий уезд» деген сөзді қаз-қалпында айтып отырмын»  деді. Мен Айдардың осы сөзін ұстай алдым. Сөйттім де  оған Зәурештің хикаясын шерттім. «Ел жүрегінде сақталған әңгімелерде ол Сейдалин Ырғызда бір-ақ  жыл судья боп істеген» дедім.  Ол  бұл уәжді  бас изей қоштап: «Мен тапқан деректерде де Әлмұхамед Сейдалин Ырғызда бір-ақ жыл қызмет еткен. Ол  туралы жазған мақалам бар» деді. Ақыры бір-екі күннен кейін сол мақала менің қолыма тиді. Оны бастан-аяқ оқып шыққанда ырғыздықтар ардақтап сөз еткен Зәурештің күйеуі – осы  Әлмұхамед Сейдалин деген ойға нық тоқтадым. Әлмұхамед Күнтөреұлы Сейдалин! Ол кім болған? Енді осы сауалға сәуле түсіріп, шырай таратып көрейін.

Әлмұхамед Сейдалиннің нәсілі төре тұқымынан. Өз әкесі  – Күнтөре. Ұлы атасы – Сейдалы сұлтан. Ол – Досалы сұлтанның  баласы. Бұл әулеттің қым-қиғаш тарихы бар. Әкелі-балалы Досалы, Сейдалы сұлтандар кезінде ( 1773-1775 жж.) Пугачев дүрбелеңінде  біресе патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы болса,  Пугачев бүліншілігі қанды қырғынмен басылғанда олар патша жағына шығып, екі жақты саясат ұстап бұлтақтап баққан. Олар  Қобда мен Елек өзендерінің жағасын жайлаған тама, табын руларының  екі мың  түтінін басқарған. Пугачев көтерілісінен кейін дәл  осы  екі рудың ішінен  заты  Табын, Мәтен деген кісінің  қызы Сапар  «Невидимка»,  «Куктемир», «Светая» деген жасырын атпен   1775 жылдың қыркүйегінен 1776 жылдың  көктеміне дейін патша өкіметінің зәресін алып, есін шығарған қозғалыс жүргізгенде  әкелі-балалы Досалы, Сейдалы сұлтандар осы сұрапыл оқиғалардың ішінде болған. Сол кездерде Сапардың  жасы жиырма екіде екен. Күйеуін қалмақтар өлтірген. Одан кейін ол әмеңгерлік жолмен  қайнысы Жанболатқа тиген. Сапар – «Невидимканың» (бұл қозға-лыс жайында патшаға берілген рапорттардың бәрінде оның жетекшісі ылғи осылай аталған)  дәл өзі. Ол  «Пугачевті  өлтірілген жоқ, тірі» деп жариялап, оның Уфада бір себептермен бөгеліп жатқанын, біраздан кейін көп күшпен Еділден өтіп, Орынбор губерниясына қайта келетінін жария ғып, тама, табындардың патша өкіметіне қарсы көтерілген қолын он мыңға жеткізген. Патша өкіметі  сол бір шақтарда  Башқұрттарды қазақтарға  қарсы  дүркін-дүркін айдап салып, қырқыстыра берген. «Невидимканың» қозғалысына жел беріп, осы ескі егесті өз мақсатына пайдаланған Досалы, Сейдалы көршілес Башқұрт ауылдарын көріне-көзге талап, шекара жанжалын ушықтырған. Олар түптеп келгенде Сапар бастаған халық қозғалысына шын ниетті болмаған. Сол себепті  халық та оларды жек көрген. Міне, бұтағы мол сұлтан әулеті –  Сейдалиндердің арғы бір тарихы осылай шертіледі.

Енді Күнтөреұлы Әлмұхамед Сейдалиннің өміріне көз жіберіп көрейік. Ол  Орынбордағы Неплюев  Кадет  корпусын бітірген.

Неплюев Кадет корпусы Орынборда 1825 жылы қаңтар айының екінші жұлдызында әскери училище боп ашылған. Кейін 1844 жылы ол Неплюев Кадет корпусы болып қайта құрылды. Мұнда, негізінен, дворяндардың балалары оқыды. Қазақ балалары  көп қабылданбады. Корпуста – европалық және азиялық эскадрон деп аталған екі бөлім жұмыс істеді. Заң бойынша мұнда қазақтың  байлары мен старшындарының отыз баласы оқуға тиіс болған. Келе-келе патша өкіметі қазақтардың оқу оқып, білім алып санасының оянуынан қауіптене бастап, сол отыз балаға берілетін стипендияны қысқартып тастаған соң қазақ балаларының оқуға түсуі сирейді. Әлмұхамед Сейдалин дәл осындай бір қысталаң шақта оқиды. Сол кездерде оның  тұрмыс халі  қандай болғандығы жөнінде дерек жоқ. Бірақ, қалтасы мығым балалармен бірге  түскендігі аян. Ол жөнінде енді Айдар Айтмұхамбетовтың «Султан Сейдалин – выпускник Неплюевского Кадетского корпуса» атты мақаласынан бірнеше  үзінді келтірейін:

…Точная дата его рождения не известна, вероятно, он родился в конце 30-х годов  Х1Х века. Именно тогда в 30-40 гг. Х1Х века Оренбурге начинает функционировать военное училище, вскоре  преобразованное в корпус.

…Как и все казахи, Сейдалин учился в азиатском эскадроне  военного корпуса.

По окончании корпуса дети султанов с хорошей успевае-мостью получали звание сотника, с плохой успеваемостью – хорунжего. Сейдалин по окончаний курса наук высочайшим приказом производится в прапорщики в  Оренбургкий  4-линейный батальон. В ноябре 1855г. его командировали к начальнику 23-ей пеходной дивизии с заселением батальон. Так начинается военная служба Сейдалина. 26 марта 1856г. Сейдалина назначают в ведомство Областного Правления Оренбургскими казахами с  «состоянием по  армейской пехоте» свидетельствует, что Сейдалин числился на новом месте как офицер императорской  армии.

… В 1857г. Сейдалин командирован в Санкт-Петербург для  «нахождения при  Бухарском посольстве».

… Социальное происхождение, изысканная воспитанность, светские манеры, образованность, знание языка и восточной  культуры  сделали его  весьма удобным человеком  при  Бухарском  посольстве. В качестве вознаграждения за усердную службу Сейдалин удостаивается денежной премии от правительства «единовременно из кибиточного с киргизов сбора 300 руб. серебром».

… 22 сентября 1858г. Высочайшим приказом  по военному ведомству Сейдалин «зачислен по армейской кавалерии с  оставлением при Областном правлении». Перевод по военному ведомству свидетельствует, что Сейдалин  продолжал числиться в качестве кадрового офицера в вооруженных структурах. В то же время за отличную службу Сейдалин произведен в подпоручики, т.е. официально удостаивается офицерского звания, так необходи-мого ему дальнейшей военной  карьеры.

Әлмұхамед Сейдалиннің император әскерінің офицері  ретінде  өрлеуі өте тез болған. Орынбор өлкесінде оқыған қазақ жастарының арасында орыс тілін, және шығыс халықтарының  тілдері, атаб айтқанда, араб, парсы, түркмен, сондай-ақ,  өзбек  тілін  өте жетік білетін мұндай жан-жақты білімді, әрі жоғары мәдениетті қызметкерді  табу  қиын еді.  Патша өкіметінің  Шығысқа, Орта Азияға  дәмесі бірте-бірте күшейіп бара жатты. Сол мақсатын жүзеге  асыру үшін Сейдалиндердей әскери адамға жағдай жасауы заңды да. Он тоғызыншы ғасырдың елуінші жылдарының аяғында араны ашылған Россияның Орта Азия мемлекеттерімен шарпысуы басталып,  жаңа жерлерді иемденіп, жыландай жылжып, ілгерілей берді. Олар  Қазақстандағы бекіністеріне  сенді. Оны одан сайын күшейте түсті. Олардың ұшы-қиыры жоқ  елсіз далада, аңызақты шөлде, бораған құм ішінде  жүріп – тұруы, соғысуы өте қиын еді.  Россияның  бұл басқыншылық әрекетіне бас имеген жергілікті ел партизандық күрес жүргізді. Міне, осындай жағдайда бұл елдердің мән-жайын білетін әскери адамдар ауадай қажет екендігі сол бір аласапыран кезеңде керемет сезілді. Жоғарыда келтірілген мақаладан тағы бір үзінді:

         … В таком же положении находилась Аральская флотилия, куда  и была направлена военная экспедиция, в составе которой находился Сейдалин. В результате  ему  «за уседные труды и  старания в доставлении к начальнику Аральской флотилии посланных вещей  и денег 15 тыс. руб. изъявлена благодарность от  Оренбургского и  Самарского генерал-губернатора».

Сол кездерде  Россияның көкейін тескен бір жер – Қоңырат еді. Ол жерді атамзаманнан түркменнің жауынгер рулары  жайлайтын-ды. Әмударияның жайқалған жағасы ғой, ол. Оған Хиуа мен Қоқан хандығы да ертеден қызығатын- ды. Россияның  әскери экспедициясы бұрын бұл аймаққа  алғаш рет ауыз салып көргенде ит рәсуа боп жеңіліп қайтқан-ды. Олар өткендегі осы  сәтсіз әрекеттерінен қорытынды шығарып, жан-жақты дайындалып, тағы да  жорық бастайды. Біз сүйеніп отырған мақаланың ендігі бір тұсында Сейдалинді  осындай  әскери экспедицияның  құрамында көреміз:

…Летом 1859 г. Сейдалин вновь принимает участие в средно- азиатской экспедиции на побережье Амударьи.

…Однако и в этот раз Сейдалин зарекомендовал себя с лучшей стороны и за проявленное усердие удостаивается награды единовре-менного полугодового оклада жалованием в  160 руб. серебром.

Император әскерінің талантты, іскер, білімді офицері Сейдалин осы екі әскери экспедиция сәтті аяқталған соң Петербургке шақыртылып алынады.  Әскери қызметте  оның жұлдызы ерекше жарқырап,  алдынан  небір үміт сәулесі  көрініп еді. Бірақ,  осыдан бастап ол енді  азаматтық қызметтерге  ауыстырылады. Біз  тілге тиек етіп,  әр жерінен үзіп-үзіп алып, мысал келтіріп отырған мақаланың  дәлдігі, құндылығы сондай – ол  Сейдалиндей  ірі тұлғаның  бұрын-соңды  ашылмаған өмірбаянын, оның  өзімен замандас Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Мұхамедсалық Бабажанов   сияқты озық ойлы, өрелі   бітім – болмысын енді-енді танып білуге  құштар ететін өте…  өте маңызды еңбек. Сол себепті  оған тағы да бір үңіліп қарайық:

…В Петербурге  в 1860 г. Сейдалин оказался задействованным при  казахской депутации,  прибывшей  для  «представления к  Высочайшему Двору», в качестве переводчика. За что  всемилостивейше  был  награжден единовременным годовым окладом жалования  в 320 руб.

Осыдан кейін арада бір жыл өтті, өтпеді, Сейдалин 1861 жылдың  желтоқсан айында Орынбор ведомоствосының қазақ даласындағы  қызметін бақылайтын жұмысқа жіберіледі. Бұл қызметте  де ол іскерлігімен ерекше көзге түседі. Оған  поручик деген атақ береді.  Ал, 1862-жылдың күзінде  Сейдалин  Обылыстық Басқарманың кеңесшісі болып тағайындалады. Дәл осы бір кездерде  Сейдалин Орынбор қазақтары  облыстық басқармасының бастығы боп істейтін орыстың белгілі шығыстанушысы,  ориенталист, профессор Василий Васильевич Григорьевпен  достық қатынаста болды. Григорьев  Ыбырай Алтынсариннің  қазақ даласындағы ағартушылық ісіне  тиянақты  ақыл қосып,  көмектескен жан.  Осы Григорьев Орынборда   қазақ өмірін жан-жақты зерттеп, бұл халықтың болашағы үшін өз ойын ашық және батыл айтып,  Петербургтың  газеттері мен журналдарына  терең сырлы мақалалар жазған. Ол үшін  қаққы көріп, қудаланған да. Бірақ,  әділдік жолынан  еш айнымаған. Ол Сейдалиннің  өрелі азамат екенін таныған. Бір күндері ол  қызметтен босап,  Петербургте жағдайы болмай  жүргенде  Сейдалинге бар мұңын шағып, онымен хат алысып тұрады. Профессор Н. И. Веселовский оның  қазақ тұрмысына арналған ғылыми мақаларын терең зерделеп: «Василий Васильевич өзі басқарған кезінде  қазақтарға көп жақсылық жасады. Кейін,  Орынбордан кетіп қалғанда да  қазақтарға қызмет етуін тоқтатқан емес, Василий Васильевичтің  қазақтарға жасаған ерекше бір жақсылығын әсте ұмытуға болмас. Оған дейін біздің  Орынбор өлкесіндегі  әкімшілігіміз қазақтардың  өз тілі бар екенін сезбеген де еді. Біз «қазақтар тек татар тілінде сөйлейді» деген татар чиновниктерінің  сөзіне сеніп келіппіз. Василий Васильевич  дала  әкімшілігінің ішінде бірінші болып,  қазақ тілін  ресми тілге айналдырды. Қазақ тілін  ғылыми талдауға кіріскен  Н.И. Ильминскийдің еңбектерін оның қуана мақұлдағанын ұмытуға болмайды. (Весельовский  Н.И. «В.В. Григорьев, по его  письмам и  трудам.» 212-215 беттер.).  Сейдалин… Ильминский… Григорьев… Алтынсарин… бір-бірімен иық теңестірген ірі тұлғалар! Сейдалин осы ортада ірілене түседі. Дәйім жоғарғы жақтың  айрықша  назарында болады. 1864 жылы  штабс – ротмистр атағын алады. Содан екі жылдан кейін тағы да  жаңа қызыметке кіріседі:

…В марте  1866 г. Сейдалин «назначен исправляющим  должность султана – правителя Западной  части  области. В момент своего назначения  Сейдалин  едва ли  догтиг 30- летнего возраста, но по степени образованности  превосходил многих.

Осы тұста  қазақ қоғамында  ру  мен ру,  әулет пен әулет арасындағы өзара  бақталастық, бәсеке,  бақас әрекеттер ушығып, ұшынып тұрған-ды. Сейдалин өз ортасының  ондай сорақылығын   Шоқан Уәлиханов сияқты көріп бағады.   Ол елді  жаңа жолға, жаңа бағытқа бастайтын жаңа түсініктегі азамат еді. Оны ол тоқтаусыз өрлеген әр қызметінде  дәлелдеп, белестен – белеске көтерілді. 1866 жылы Сейдалин ротмистр шенінде. 1869 жылы ол юстиция министрлігінің  бұйрығымен сол кездерде  Орынбор губерниясының құрамындағы Торғай  облысының  Николаевск  уезінің  уездік  судьясы  қызметіне  бекітіледі. Сейдалин  заң оқуын  оқымаса да  өзінің  терең  білімі, салиқалы  ой –  өрісінің кеңдігі арқасында Россияның заң ілімі және қазақ қоғамына  тән заң жолына зерек боп,   судьялық қызметті мінсіз атқарады. Ол  сол қызыметте  майор  атағына  ие болады. Мұндай атақты  сол кездерде  тек  сұлтандар ғана алған. Осыдан кейін арада   жеті жыл өткенде  Сейдалин юстиция министрлігінің бұйрығымен 1876 жылы  Ырғыз уезінің  уездік  судьясы боп  қызмет ете бастайды. Дәл осы кезде  ол (1837 жылы туған.  Шоқанмен замандас, екеуі бір-бірін Петербургтан біледі. Әлмұхамед Петербургке келгенде оның  осы келісін Шоқанның әкесіне жазған хатынан аңғаруға болады. Ол Шоқаннан екі жас кіші)отыз тоғыз жаста. Келіншегі – Зәуре. Өзі еркелетіп  Зәуреш  деп атаған.  Бір-біріне тең екі ғашық  бал жаласып, ертегі дүниесіндей   бір бақытты өмір құшағында болады. Ырғызда  қазақ, орыс, татар, башқұрт, Бұқарлық өзбек, еврей, поляк  ұлттарының әртүрлі өкілдері тұрған. Ашылғанына  алты-ақ жыл  болған Ырғыз жәрмеңкесі де   дуылдап  тез жанданған. Бір кездерде  Ырғыздың  оң жақ бетіндегі  биік жарқабақтың үстіндегі  сонау  Шыңғысхан заманынан  қалған, тіпті, одан да  ескі  қорымдарға байланысты Жармола атанған бұл жер  алғашында  Орал бекінісі боп, кейін  Ырғыз атанып, сол төңіректің әкімшілік және  мәдени  орталығына  айналып, құла түзге осылайша қызу тіршілік әкеліп, жан берген еді. Мұнда  қызмет ететін  чиновниктердің ішінде  судья Әлмұхамед  Сейдалиннің  беделі  ерекше зор болған. Ел сөзіне  ден қойсақ – Ырғыз зиялыларының   отырыс-жиындарда  Зәуреш екеуінің  елден ерек сәулетті көркі көз сүйсінтіп,  жан қызықтырған. Ақпейіл жандар оларды Қозы-Көрпеш пен  Баян Сұлудай көрсе, іші тар біреулер қызғанышты  суық  көзбен қараған. Өмір қашанда өмір, «көздінің көзінен, тілдінің тілінен сақтай  гөр» дейтін  үріп ауызға салғандай  екі мұңлықтың  бұл  ғажайып өмірі ұзаққа бармайды. Желегі желкілдеп, бетінен бет  моншағы төгіліп, тәңір иіп бере салған бір сұлулық періштесі  – адамның  сұқтана қарауға көзі бармайтын Зәуреш кенет  жарық дүниеден жүзін үйіреді. Ертегі кейіпкеріндей сұлу Зәурешті аза тұту маған  әр кез былай елестейді:  лала гүлмен құлпырған Ырғыз даласы күн тұтылғандай қарауыта қабарып, азалы күймен   ызылдайды. Ырғыз суына  күмістей сылдырап кеп қосылатын бұлақ біткен  көз жасы боп мөлдіреп, боз таңда  шырылдайтын бозторғайлардың да үні өшеді. Ырғыз жұрты ботасы өлген боз інгендей   боздап, кеше ғана Зәурешпен бірге жүрген қыз-келіндер   қара жамылады. Қариялардың тарам-тарам  сақалынан жас сорғалайды. Аналардың  аңыраған үні  даланы күңірентеді. Жыпырлаған қалың қорымның орта кезінде  төрелер зиратының ішінде  топырағы суымаған бір төмпешікті  құшақтап    «Зәуреш, Зәуреш» деп Әлмұхамед жатыр жер бауырлап. Мен әр кез «Зәуреш» әнін шерткенімде  тұла бойым осы  қаралы сезіммен қалтырайды…  

Зәуренің әкесі Медет кезінде  ел тұтқасы – би болып, билікке араласқан жан еді. Құрығы ұзын, сөзі дуалы, шалқыған дәулеті бар бай атанып, төре тұқымында  даңқы шыққан сіңірлі адам. Үш әйел алған. Үшеуі үш ауыл боп  ырғалып отырғанда оқтын-оқтын   тосын  келген індеттен Медеттің  отыз ұлы түгел шетінейді. Дұшпанына тілемейтін бұл сұмдықтан үш үйдің ортасында  көзінің ағы менен қарасындай боп  жалғыз Зәуре  ғана қалады…

Қатыгез тағдырдың болжаусыз ісіне не айла – қойыны суық қара жер енді, міне, Зәурешті де алып тынады.

Ел ауызында  қаймағы шайқалмай сақталған осы әңгімені  академик  Ахмет Жұбанов қағазға  былай деп түсірді:

«Медет Орынборға жолаушылап кетіп,  қайтып келгенінде Зәуре де өліп, тек шошайып моласы ғана қалады. Медет моланы құшақтап  қүңіренеді. Міне, осы трагедия Мұхитты қобалжытады. Ол домбырасын алып, Медет айтыпты деген сөздерге ән шығарады. Әннің аты халық арасында «Зәуреш» болып тарайды. Әннің сөзін түгел (әлбетте, бұл жерде бізге жетіп сақталғанын ғана түгел беріп отырмыз.Негізі бұл азалы  әннің  алпыстан астам шумағы болған) келтіруге тырысалық:

 

Қарағым, сенің үшін елден келдім,

Баяғы өзің көрген жерден келдім.

Сен неге мен келгенде  тебіренбейсің?

Иіскеп, бір сүйейін деген едім.

 

Құланның  түзде көрдім шоқырағын,

Қайыңның жаста көрдім жапырағын.

Сен қалған отыз ұлдан  жалғыз Зәуреш,

Бір уыс  бұйырмады топырағың.

 

Жақын дос  бір-біріне  сыр айтады,

Атасы  баласына  шын айтады.

Айырылып жалғызымнан қалғаннан соң,«    

«Көке»  деп енді мені кім айтады?

 

Ойлап ем, мен келгенде шығар ма, деп,

Атаңның  хал – ахуалын  сұрар ма, деп.

Қозғалмай  өзгелерге  жатсаң-дағы,

Орныңнан менің үшін тұрар ма, деп.

 

Рухың  білген шығар келгенімді,

Оқыдым  мінәжаттап білгенімді.

Басыңды мен келгенде көтермедің,

Жалғызым, жаңа білдім өлгеніңді.

 

Қайғының жаңа жеттім қиынына,

Сел болды көзім жасы  қойыныма.

Құшақтап қабіріңді  біраз жаттым,

Еркелеп асылар, деп мойыныма.

 

Сақталмас болат пышақ қын болмаса,

Өтірік неге керек шын болмаса.

Зарланып саулы інгендей мен келгенде,

Басыңды бір көтерші  тым болмаса.

 

Сен едің таудан аққан бұлағым-ай,

Тағдырдан  өміріңді  сұрадым-ай.

Отыздан жалғыз қалған балам едің,

Шыныңмен кеткенің бе, шырағым-ай.

 

Көңілімді тұра алмадым елде тиып,

Бір құлаш қалқам жатыр жерге сыйып.

Көзің бар  жанарындай  құралайдың,

Кім көмді,  бұл орынға  көзі қиып?

 

Отырмын әйет оқып, аттан түсіп,

Шыдамай мезгіл-мезгіл қабір құшып.

Көрмесем бір сағат та төзбеуші едім,

Ғайып боп кеткенің бе, қолдан ұшып.

 

Еліме Медет атым болды дәріп,

Кезінде айттым билік бұзып-жарып.

Таянышым ұзақ  болмай сен де кеттің,

Сыяды жалғыз басым қайда барып?

 

Дүние, мына жалған кеттің қырын,

Пендеге кім де болса перзент шырын.

Ажал оқ саған деген маған жетіп,

Алдыңда мен өлсемші үш күн бұрын.

 

Жайнаған жай тасындай  көзің қайда,

Сыймадың  қыз да болсаң қу маңдайға.

Көкеңнің  еңіреп қалған халін білсең,

Күнінде қыяметтің  орын сайла.

 

Ақ бетің айдын көлдің алабындай,

Қасың бар молдалардың қаламындай.

Алдыңнан  тағдыр- құдірет жарылқасын,

Кешікпей  мен де артыңнан барамын-ай…

 

Зәуреш  шешек дертінен  мезгілсіз дүние салып, осылайша аһ  ұрғызған.

Зәурештің  Ырғыз топырағына  жанбасы  тигені  дәл осы 1876 жыл сияқты.  Ал, келесі жылы  Сейдалинді қайтадан Николаевск  уезінің  уездік  судьясы  етіп  ауыстырады.  Сейдалин онда  қанша  уақыт судья боп істеді? Ол әзірше белгісіз.  Сейдалиннің  бұдан кейінгі өмірі, қызметі жөнінде  Айдар Айтмұхамбетовтың  дерегіне  тағы бір  назар салайық: …В 1884г. Сейдалин «указом Правительственного Сената… за   номером 141 произведен на выслугу  лет в  Надворные Советники со  старшинством». А уже  в апреле  1885г. произведен в коллежские  советники со старшинством.  Продвижение  Сейдалина  шло  со стремительной  быстротой, вероятно, его карьера  вызывала  зависть окружающих, однако бесспорном остается то,  что  своим продвижением он обязан был  упорному труду,  таланту, честности и  образованности. В октябре 1885 года  он « указом Правительстенного Сената… за номером 102 произведен на  выслугу лет в Статские  Советники со  старшинством. В наборе  наград Сейдалина числилась  светло – бронзовая на  Владимирской ленте в память войны 1853 – 1856гг… Бұған қосарымыз – Сейдалин 1873 жылы үшінші дәрежелі әулие Анна орденімен наградталған. Ендігі бір деректердің бірі – Сейілхан Оразымбетовтың «Ырғыз» атты кітабында  Сейдалинді  тағы да Ырғызда  судья боп  істеп жүргеніне  көз жеткізеді. Оны  дәл келтірсек: «…  Ә. Сейдалин қазақ балаларын оқытуды мақсат еткен, осы игілікті ойын іске асыруда халқымыздың  ұлы ағартушысы Ы. Алтынсаринмен істес, көңілдес, пікірлес болған көрнекті  тұлға. Ол Ырғызда  қазақ қыздары үшін мектеп ашуға  құлшына кіріседі. Бұл жөнінде  Ы. Алтынсарин досы  Н.И. Ильминскийге  1889 жылы  ақпан айында жазған хатында  былай дейді: «Ырғызда  мировой судья және  тергеуші болып Әлмұхамед Сейдалин істейді. Ол қазақтарды оқыту ісіне  өте ынталы адам. Биыл ол қазақ қыздары үшін Ырғызда  қазақ сахарасындағы алғашқы  20 кісілік қыздар  мектебін ашуыма  көмектесті» деген қызықты  деректен Сейдалиннің  гауһардай жарқыраған тағы бір қырын танимыз. Сейдалиннің Гүлжауһар, Гүлжиһан есімді екі қызы  осы мектепте оқыған. (Гүлжауһар Батыс, Шығыс елдерінің әдебиеті мен тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрпына  зерек болған. Текті бір тұқым-Бірімжановтар әулетінің көрікті, көсем келіні. Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановтың құдай қосқан қосағы. Қуғын-сүргін жылдарда жанды-жақты туыстарына қорған боп, мысалы, сол кезде сергелдеңге түскен  туған апасы – Рабиға (Рақыш) Әлмұқамедқызы Сейдалина-Тұнғашина (Рабиғаның күйеуі-Варшава университетінің мал дәрігерлік факультетін бітірген-Ахмет Тұнғашин. Төре тұқымы.) 1888 жылы Ырғызда туып, 1959 жылы Алматыда дүниеден қайтқан.)  Осындай істеріне  қарағанда  Сейдалиннің  кейінгі  өмірі  Ырғызда өткен, Ол 1897 жылы отставкаға шығар алдында Орынбордың қыздар гимназиясында  қазақ қыздары үшін арнайы стипендия тағайындау мәселесін көтереді. Бұл тілегі де орындалып,  екі қазақ қызына  жыл сайын 500 сомнан стипендия  бөлінеді. Мемлекеттік қызметте Сейдалин қырық жыл бойы  осылайша  еңбек етеді.

Әлмұхамед Сейдалин  1898  жылы  дүниеден қайтады. Ол өзінің алғашқы жары  Зәурештің  қасына жерленеді. Оның  екінші әйелі жайында  әзірше  дерек жоқ.

Әлмұхамбет Сейдалиннің балалары жөнінде  жоғарыда келтірілген мақала: «После его смерти  в семье  осталось семеро детей, причем самому  старшему – сыну Жиганшаху (Жанша) в ту пору  исполнился  21 год. Большая семья  сушествовала  на  пенсию, выдаваемую за заслуги  Сейдалина.  Впоследствии его сын Жиганшах (Жанша) поступил в Санкт-Петербургский университет на юридический  факультет. Жиганшах (Жанша) признавался, что испытывал материальные трудности студенческие  годы. Очевидно, пенсии Сейдалина  было явно недостаточно для  обеспечение семьи» деген сөзбен аяқталады. Арада жылдар өтеді. Бұл азамат есейеді. Елге белгілі қайраткер болады. Оны біз Әлихан Бөкейханов -тың  «Таңдамалы» (Алматы. 1995, 24-бет.) жинағында  келтірілген өмірбаяндық деректен көреміз: «Әлихан Бөкейхан өмірінің Самаралық кезеңі оның «Мұсылман съезіне» қатысуымен аяқталады. 1914-жылы оны  Семей қазақтары Санк-Петерборға  шақырылған Ресейдің  мұсылман халықтарының  тұңғыш съезіне  өкіл етіп ұсынады. Мұсылман съезінің жұмысына (барлығы  отыз бес  депутат) Әлихан қызу араласып, Бақытжан Қаратаев, Досан қажы Аманшы баласы, Жиханша  Сейдалинмен (бүкіл қазақтан төрт депутат қатысқан) бірге иық тіресіп жұмыс істеген.»

Міне,  «Зәуреш» әнініне байланысты  осы күнге дейін тарихтың қат-қат қатпарында көміліп,  елеусіз боп тұншығып жатқан тұңғиық сырдың  отын тұтатып, шырағын  енді ғана жағып отырғандаймыз. Өз асылдарымызды  өзімізге жат қылған кешегі бір әділетсіз қоғамның  жапасын шеккен ( әлбетте, ол – хан тұқымы, төре, сұлтан) бір бейкүнә жан –  сұлу Зәурештің алтын айдарлы  қосағы – Әлмұхамед Күнтөреұлы Сейдалинді  осы жолы ғана жүректі діріл қақтырып отырып  сөз еттік. Бұл  алда  айтылар көп тарихтың  басы ғана…

О, шіркін, көкіректі қарс айырған азалы жоқтау болса да  бесік жырындай  жан тебіренте тербейтін  «Зәуреш»…

Академик Ахмет Жұбановтың толғанысы:

«…Халық ауызында Медет айтыпты болып келген өлең  Мұхитты толқытып, оның шығарған  әні  осы күнге шейін тыңдаған адамның сай-сүйегін сырқыратады.

…«Зәуреш» дауыстың жоғарғы регистрінен басталады. Асықпай- саспай жай жүреді. Өлеңнің бір куплеті бойы  мелодия қайталамай, үнемі  жаңа бір үн қосылып,  зар үстіне зар, қайғыға қайғы  қосылып, жамала береді. Әннің  негізгі контекстісінде  артық бір дыбыс жоқ, бірі мен бірі жалғасқан, бірін-бірі толықтырып тұрған, бірінші  нотадан бастап үздіксіз даму, шынығу, өрбу жолындағы мелодия  толқыны аяғына шейін  тыңдаушыны билеп,  ұстап отырады».

Ахмет Жұбанов  «Зәурештің»  әндік бітімін қарапайым тілмен осылайша баяндап дәл жеткізеді. Бұған  осы зарды орындаушылар –дың бір-біріне ұқсамайтын өзіндік мәнеріндегі қиял жетпейтін қиын  иірімдердің   таңғажайып өрнектерін, оны күшейте түсетін аһылап-уһілеген эмоция  қуатының  азалы лебін қосу керек. Ахмет Жұбанов  «Зәурешті»  «кішігірім реквием  сатысына жарайтын шығарма» десе, бұл әннің  бойынан  симфонияның табиғатын сезген композитор – дирижерлар  Леонид Шаргородский мен Сергей Шабельскийлер оны  өз «Симфониеттасының» екінші бөлімінің негізгі тақырыбы етіп  ыңырантты.

Мен  композитор Евгений Григорьевич Брусиловский  алпыс жасқа толу қарсаңында  бұл бір  қазақ музыкасының  заңғар ойлы корифейімен естен кетпес бір ғажайып сұхбат құрған едім. Ол әңгіме қазақ  радиосының алтын қорында.  Ұмытқам жоқ, сол күні біздің сөзіміз «Қыз Жібек» операсының жазылу  тарихына  арналды. Композитор осы операға  қазақтың  халық музыкасынан  әндер мен күйлер таңдағанда  Жібектің  негізгі ариясы мен  соңғы актіде Төлегендей ерден айырылған соң не өмір бар  дейтін қатерлі оймен өзін-өзі өлтірер сәттегі соңғы  ариясына  лайықты  ән  табу  бір қиямет іс болған. Ол ән  табыла қалған күнде алдымен Жібектің партиясын ойнайтын Күләш Байсейітоваға,  либреттоның авторы Ғабит Мүсіреповке,    осылардың  бәр-бәрінен  шатағы – осы операны жазуға отырғызған  Халық ағарту  комиссариатының бастығы Темірбек Жүргеновке ұнауы керек. Осылардың  бірі «болмайды» десе бітті, ісіңнің зая кеткені. Евгений Григорьевич ойы ілкімді, өте жинақы адам. Ол күлімсіреп отырып, сөйлеп кетті: «Сондай  беймаза ізденістің үстінде  бір жолы Құрманғазы атындағы  ұлт аспаптары  оркестрінің  репетитциясына  қатыстым.  Ахмет Жұбанов  Мұхиттың  «Зәурешін» жүрек сыздата зарлатып,   мені  керемет таңғалдырды.  Ән емес  бір симфонияның толғаулы сазы. Мен әр кез Франс Шуберттің  «Аяқталмаған симфониясын» тыңдағанда  тұңғиық ойға батып,  көп өкінішті  өмірді  көз алдымнан өткізіп, қалжырап  қалушы едім. Сондай-ақ,  Эдвард Григтің  Генрих Ибсен пьесасы «Пер Гюнтке» жазған  симфониялық сюитасының  «Азаның өлімі» атты шерлі  бөлімі  де  мені  қабырғамды сөге  қамықтыратын-ды. Мен Жібектің  жарық дүниемен қоштасатын соңғы ариясына осындай  музыканы  тілеп жүрдім. Енді, міне, қараңыз – «Зәуреш» әні  жүрегімді  тіліп барады. Мен үнім шықпай  ішімнен «Зәуреш» әнін иемденіп, «таптым» деп нық сенімде отырдым. Бірақ, бұл ойымды  Ахмет Жұбановқа  айта алмадым. Айтсам да ол кісі  менің сөзімді  жауапсыз қалдыратын еді  деп күдіктендім. Екеуіміздің арамызға  сайтан жүгіріп өткен-ді. Мен Ахмет Қуанұлының  қарамағында  музыка техникумындағы  фольклорлық кабинеттегі жұмысымды тастап, Темірбек Жүргеновтің «әмірімен» опера және балет театрына   көркемдік жағынан жетекші боп  ауысып кеткем-ді. Бұған  сонау Ленинградтан мені өзі шақырып әкелген Ахмет Қуанұлы  қатты тарынды. Мен кеткеніммен қоймай,  кабинетімдегі рояльді  қоса  алып кетем  деп жынына  тигем. Және олар  маған саманнан үй салып беріп жатқан-ды. Осы жақсылықтың бәрін  рия етіп, «маңғыт, ауызыңа саңғыт» деп  жалт бұрылғам. Менің бұл  « опасыздығымды» Ахмет Қуанұлы кешірмеді. Бір кетсе қатты кететін мінезін көріп те  үлгергем-ді. Осындай жағдайда  жанасып көріңіз. Сол репетиция  үстінде  ол кісі менің залда отырғанымды көрсе де көрмегендей боп сыр білдірмеді. Бұрылып амандасқан да жоқ. Ал, «Зәуреш» әні  өзегімді өртеп, тереңнен шымырлап,  жай ғана  қарапайым  гармониямен  бір зіл батпан ауыр  сазды симфониядай  көз алдымда  жарық  дүние қарауытып,  бір түпсіз ой  шыңырауға тартты.   Жібек осы  «Зәурешпен» жылап тұрып Төлеген жатқан   ана дүниені «аңсап» бір ғажайып өмірді   елестеткендей   сұмдық сурет аза бойымды қаза етті. Ахмет Қуанұлына  тіс жарып, тіл қатпадым. Соның ертеңінде театрда  Күләшқа  өз бөлмесінде «Зәуреш» әнін ойнап бердім. Күләштің ұнататынына шүбә келтірмедім. Бұл ән емес, реквием ғой. Маған керегі  осы! «Зәурешті» үн-түнсіз үш рет  қайталадым. Күләш тұрымтайдай боп кішірейіп, бүрісті де қалды. Сөйтті де  шешек дағы бар  бүйрек бетінің оймақтай қызылы  жоғала беріп, сұп-сұр боп жұп-жұқа  еріні діріл қақты. Сілейіп терезеге қараған  күйі: « Мен «Зәурешті» білем ғой. Бұл – ер адамның зары. Маған «дүние-ай!» деген сөзді қыз лебізімен айтқызатын ария керек. Сіз, Евгений Григорьевич, сәл сабыр етіңізші, сондай бір ән бар сияқты» деді. Мен орнымнан  сүлесоқ халде  тұрдым да  «білмеймін, «Зәурештен» асқан азалы әнді  кездестіргем жоқ. «Елім-ай» екеуі қазақтың  рухы зор реквиемі. Кім біледі, сен көксеген әнді  таба қалсақ осы «Зәурештің» зарындай зарға жолығармыз да.  Бірақ, оған әлі  көзім жетпейді» деп жығыла  сөйлесем де  Күләштің «Зәурешті» қабылдамағанына қатты налыдым. Содан көп сарсаңға түсіп, тағы да  Мұхит әндеріне  кеп тіреле бердік. Бір күні оның  «Дүние -ай» деген әнін кезіктірдік. Күләштің  көктен іздегені жерден табылды. Бұл ән де  ағылып жатқан шер. Мен Күләштің  сондай нәзік сыршыл сезіміне, пәк талғамына таңғалдым.  «Дүние-ай» өзінің  жаратылысы, сыпаты жағынан «Зәурешке» қарама-қарсы нағыз әйел зары боп шықты. Сөйтіп, ол операның  соңғы актісінде  Жібектің азалы  ариясы боп  операны  мүлде  құдіреттендіріп жіберді. Ал, «Зәуреш» бәрібір жүрегімді ұйытты да жүрді. Жылдар өте берді. Бірде  Қырғызстаннан келіп, менің  класымда оқып бітіріп кеткен талантты композитор Алтынбек Жаныбеков өзінің «Бірінші симфониясын» көрсетті. Бұл симфония  қырғыздың  ұлы ақыны, әрі композиторы Тоқтағұл Сатылғановқа арналған-ды. Тоқтағұл  патша заманында  Сібірге айдалған. Айдаудан босағаннан кейін ол қазақ даласы арқылы еліне қайтады. Қазақ топырағына  табаны тигенде ол  қабырғасы қайысып,  елдегі  анасын, жарын, баласын еске алады. Өзі жоқта  жан жарының дүние салғанын естиді. Симфонияның осы бір тұсында  «Зәуреш» әні зар төгеді. Сондай толғанысты  ауыр сәт. Мен өзім «Зәурешті» пайдаланбағаныма  ішқұста боп жүргенде ол  қырғыз композиторының  симфониясына  ерекше  рух бергенін қараңыз. Мұхиттың жүрегі қандай жүрек болды екен? Осыншама шер күйігін шегу, білмеймін, ол құдіретті күшті адам қайдан алады? Қайдан? Бұл  «Зәуреш»   талай композитордың  қиялын қозғайды, әлі. Біз бір күндері  айтқызбай келетін жазмыш ісімен көз жұмамыз.  Одан ешкім құтылған емес. Сол  «ұйқы» үстінде  «Зәурештей» азалы күй  тербеп тұрса болғаны. Мынау күйбең тірліктің  азабынан  құтылып,  жан «рахатын» сонда көрерміз…»

«Зәурешке» жан-жүрегі езілген жанның бірі – ақын Иса Байзақов.Исаның Махфуза есімді белгілі  артистка қызы әкесі жай -лы  кітап жазып жүріп, оның кейбір тарауларын радиоға әкеліп, маған көрсетіп, ақылдасып, әнге байланысты жерлерін біз эфирден бірнеше рет бердік. Сол әңгімелерді радиодан тыңдаған Қанабек Байсейітов: «Радиодан мені де сөйлетіңдерші, Күләш… Күләшім жайында  ішіме симай жүрген мұңым көп, соны  «Зәуреш» әнімен көркемдеп, зарлатып беріңдерші, мен де «Зәурешпен» мауқын басқан Иса сияқты жеңілдеп қалайын. Аққудың көгілдіріндей мөлдіреген уыздай жас, сұлу жары Шәрбан да Зәуреш сияқты ерте дүние салып, Исаны жер соқтырып кеткен жоқ па?!Сол қаралы  күндерде Исаның жан дауасы «Зәуреш» болған екен. Оны мына қу көзіміз көрген еді. Исаның қызы Махфуза «Зәурешті»  өз кітабында қалай жақсы келтірген» деп маған телефон шалып, егілгені бар еді. Біз  Қанабек  Байсейітовтің сол  тебіреністі тілегін  орындадық та. Қанекең радиода Күләштің ұлы талантын, бар болмысын  өбектеп, жылы сезіммен қалай ардақтады десеңізші. Сол хабарларда  «Зәуреш» әні  лейтмотив боп, жүрек сыздатты. Кейін Иса ақынның  екі  томдығы жарық көргенде қызы Махфуза  Байзақованың әкесі жайлы жазған кітабынан  бір үзінді – «Әкем туралы» деген әңгімеде біз мына бір  эпизодты толқып отырып оқыдық: «Семейде тұрғанда, 1936-жылдың жазында  Исекеңнің «Жалбырда» Серік деген жігіттің ролін ойнағаны есімде. Спектакельдің ең аяғында  Елемес пен Хадишаның өлігіне Жалбыр, Серіктер тап болатын жері бар. Сонда  папам мылтығына сүйеніп отырып, өз жанынан  суырып салып, зар айтатын әуені – «Зәуреш» әні. Папамның дауысы өте зарлы шығатын.Сол үні әлі құлағымда. (Иса Байзақов. 2- том, 1983 ж,158-бет).

«Зәуреш» әні  қарапайым жаннан бастап, музыка  корифейлерін осылайша толғандырады.

Кезінде  «Зәурешті»  Мұхиттың  өз аузынан үйренген Шынтас пен  Шайхы еді. Оны біздің заманымызға  осы екі  ірі әнші жеткізді. Бұл екеуінің   демі мен лебін,  аһылаған күрсінісіне дейін қаз- қалпында   алып қалған – Ғарифолла Құрманғалиев. Оның  сай – сүйекті сырқырататын зарлы әуезі кейінгі  әншілерге  жалғасты. Ғарифолланың  құдіреттілігі сол – ол өнерде өзімен ұзақ жыл қадірлес боп  үзеңгілес жүрген  Арқа әндерінің  «тірі Біржан салы» – Жүсіпбек  Елебековты осы «Зәурешпен» сүттей ұйытты. Мен  радиода  бас редактор боп істеген жылдарымда,  Жүсіпбек Елебековты  студияға шақырып, (1974 жыл, 6 маусым.) он төрт әнін  жазып алдық. Соның  ең соңғысы –«Зәуреш» болды. Батыс әндерінің  бірде-бірін айтып көрмеген Жүсіпбек  «Зәурешті» күрсінте дірілдетті.  Көп ұзамай  Жүсекең де  дүние салды. Сонда ойыма келгені: «Қайран Жүсекең, сол жолы  «Зәурешпен» өз реквиемін өзі айтқан екен  ғой…» деген сөз.

«Зәуреш»…  «Зәуреш»… Өмір өмір болған соң қашанда қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Адамды қажытатын жаралы жүректің шері. Одан жеңілдеу оңай болып па? Әйел заты  дауыс сала аңырап, көкірегін босатып алады. Зәурешін  аңсаған Медеттей мұңды әкенің солықтаған шаршаулы көңіліне «Зәурештей»   ән ғана дәру бопты. Сол күйікті әуез Мұхит салдың кеудесін қалай тілгілеп өтті екен? Осының бәрін адам баласы қалай ғана көтереді… қалай?

Пенденің  басына түсетін жазмыш ісі дерлік қасіреттің ең ауыры- бауыреті баласынан айырылған зардан артық зар жоқ екен. Оның не екенін «Зәуреш» әніндегі қайғыны бастан кешкен жан ғана біледі…

«Зәуреш» әні – азалы реквием…

 


Мен  «Зәуреш» хикаясын әзірше осылай  аяқтап едім. Ол  2002-жылы  «Жұлдыз» журналының алтыншы сондай-ақ  «Алтын Орда» газетінің (22-29 – қараша, 2002 жыл) екі санында жарияланды. Бұл зерттеу оқушы қауым және ғалымдар тарапынан  кең қолдау тапты. Менің бұл еңбегімді толықтыратын пікірлерге құлақ ассам, «Зәуреш» хикаясы бізге әлі де болса күтпеген жерден табылатын беймәлім  сырлары бар екендігіне еш күмән келтірмедім.  Ол ойым да оңынан туды. Менің әңгімемнен кейін «Жұлдыз» журналында Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың бір текті әулет – Бірімжановтар жайында жазылған мол дерегі бар «Асылдың сынығы» атты аса қызықты мақаласы басылды. Мақаланы оқып отырғанда  әл-Фараби атындағы  ұлттық университетте көп жылдар бойы қызмет еткен химия ғылымының докторы, профессор Батырбек Ахметұлы  Бірімжановпен жүздескен сәтімді еске алдым. Бұл кездесу ол кісінің шәкірті, бүгінде химия ғылымының докторы, профессор, Арқалықтағы педагогикалық институттың ректоры Қосылған Күзембаевтың үйінде болды. Қосылған менімен туыс. Дәл сол күні ол докторлық диссертациясын қорғаған-ды. Осы қуаныш үстінде Батырбек ағай маған ерекше әсер қалдырды. Қазақтың алғашқы интеллигенциясының маңдайы жарқыраған бір өрелі тұлғасы екен. Зипа бойына  ізгілігі бек жарасқан жан-жақты  білімді, мәдениетті жанның Зәуреш жөнінде елең еткізген бір әңгімелері көңіл түкпірінде жүретін-ді. «Менде «Зәуреш» әнінің жұртқа белгісіз бір шумақтары бар» деген сөзі есімде. Гүлнар Дулатова апай осы Батырбек Біржановтың әулеті жайлы кең толғап,  Зәурештің күйеуі  Әлмұхамедтің отбасы туралы бір жарқын деректі жарқ еткізді:  «Ә. Сейдалин өмірінде екі рет үйленген кісі. Бірінші сүйіп қосылған жары Зәуреш, одан ұрпақ болмаған. Ерте қайтыс болған. Екінші жамағаты – Гүлсім. Гүлсімнен туғандар: ЖиҺанша, Яхия, Зұлқарнай, Гүлжауһар, Гүлжиһан(Гүлжікей), Рабиға(Рақыш), Смағұл, Мұса, Сүйінгерей.»  Осы аты  аталған балалардың ішінде  Зұлқарнай жазып алған (Ол оны  Самар губерниясы Бұзылық дейтін жерде тұратын  қарындасы Жәкеннің айтуы бойынша 1909 жылдың тамыз айының жиырма бірінші жұлдызы күні  түнгі сағат он бірде әндетіп отырып қағазға түсірген. «Зәуреш» әнінің он бір шумағы  ғалым Батырбек Ахметұлы  Бірімжановтың жеке архивінде  қын түбінде жатқан алтын кездіктей боп ұзақ  жылдар бойы сақталған:

 

Шырағым, сенің үшін елден келдім,

Баяғы өзің өскен жерден келдім.

Сен неге мен келгенде қозғалмайсың?

Құшақтап бір сүйейін, деген едім.

 

Алдымнан үміт еттім шығар-ау деп,

Атаңның хал-аухалын сұрар-ау деп.

Қозғалмай өзгелерге жатсаң-дағы,

Орныңнан менің үшін тұрар-ау, деп.

 

Сенің едің аққан менің бұлағым-ай,

Құдайдан ғұмырыңды сұрадым-ай.

Қалғаны отызымнан ғазизым-ай,

Сенің де кеткенің бе, шырағым-ай.

 

Құлпы тас басыңдағы айы биік,

Шырағым құлаш жерге жатыр сыйып.

Шамшырақтай екі көзің жарқыратып,

Қойды екен қара жерге неғып қиып.

 

Рухың білген шығар келгенімді,

Оқыдым мінәжаттан білгенімді.

Қаншама зарласам да жауабың жоқ,

Мен сенің жаңа білдім өлгеніңді.

 

Сақталмас болат пышақ қын болмаса,

Өтірікті еш жан сүймес шын болмаса.

 

Айырылып өз баламнан қалғанымда,

Немерем қалсын дағы тым болмаса.

 

Қайғының жапа болдым қиынына,

Сел болды көзім жасы қойыныма.

Құшақтап қабіріңді біраз жаттым,

Еркелеп асылар  деп мойыныма.

 

Құдайым, енді мені алсын тағы,

Құрығын Хазрайыл салсын тағы.

Айырылып өз баламнан қалғанымда,

Немерем тым болмаса қалсын дағы.

 

Досқа дос сенгенінен сыр айтады,

Баласы атасына шын айтады.

Бәрі де отызымның қалды өліп,

«Ата» деп енді мені кім айтады?

 

Дүнияны  фани дерміз жалған үшін,

Жақсының қысқа ғұмыры, арман үшін.

Баламнан Әлмұхамед үмітім зор,

Жараны кетірер деп, аруақ үшін!

 

Шыңғырлау су боса да Жайық емес,

Біздерге айту өсиет лайық емес.

Сонда да ішім толып, жанса дағы,

Азырақ леб шығарған айып емес.

 

Гүлнар Дулатова апай Батырбек Бірімжанов осы он бір шумақ өлеңді «Зұлқаш(Зұлқарнай) нағашысының 1909 жылы жиырма бірінші августа Медет төренің қызы Зәурешке арналған жоқтауын қағазға түсіргеніне  аттай  жетпіс жыл толуына сәйкес келтіріп, шешесінен естігендерін еске түсіріп, дәл сол күні  жиырма бірінші август 1979-жылы жазып қалдырғаны  қандай ғанибет» деп разылық сезімін білдіреді. Бір ойландыратын жай – Батырбек Бірімжанов шешесі Гүлжауһардан  естіген әңгімелеріне сүйеніп, Зәурештің жерленген жері  Орынбор қаласы,  деген пікірді айтады. Ал, Ырғыз жұрты   төрелердің  ескі қорымында   екі балбал тасты «Зәуреш пен Әлмұхамедтің ескерткіші» деп, тағзым ететінін жоғарыда әңгіме еттік. Осы жерде  академик Ахмет Жұбановтың: «Медет Орынборға жолаушылап кетіп, қайтып келгенінде Зәуре де өліп, тек шошайып моласы ғана қалады. Медет моланы құшақтап күңіренеді» деген дерегін тағы да алға тартамын. Мұны нықтап айтып отырғаным –  Атырау қаласында (2003-жыл мамыр айы) облыстық өлкетану музейінде аймақтық музей қызметкерлерінің конференциясы өтті. Осы жиналысқа Ақтөбе облыстық музейінің бұрынғы директоры, өз өлкесінің арғы-бергі тарихын жан-жақты білетін Рысжан Ілиясова да қатысып, ол кісімен Зәуреш жайында  әңгімелестім. Рысжан: «Зәурештің бейіті Ырғызда жатыр.Ол анық жай. Жақында барып, басына  мінәжат етіп қайттым» деді. Бұл тек Рысжанның ғана сөзі емес, дүйім Ырғыз жұртының сөзі. Осы жайларды ақылға салғанда «Зәурештің жаны жаннат тапқан жері –Ырғыз!» деген ойға тірелемін.