ҚазҰУ-болашақтың кепілі

Худайбердина Г.А.

әль-Фараби атындағы  заң факультетінің

азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,

еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы

 

Алдашев С.М

әль-Фараби атындағы  заң факультетінің

азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,

еңбек құқығы кафедрасының доценті,

                                                                      заң ғылымдарның кандидаты

 

 

 

ҚазҰУ-болашақтың кепілі

 

Арман қуып Алматыға келген әрбір жастардың  мамандық таңдауы-өз болашағының кепілі. Соның бірі-1934 жылы еліміздің ең алдыңғы қатарлы университеті, қара шаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің іргетасы қаланды. Қара шаңырақтың қоластына жиылған жиырма мыңға жуық ізденушінің талабын тауға қарай домалатар жағдайдың барлығы да жасалған. Он бес факультеттен тұратын университетте үш мыңға жуық профессор-оқытушылар құрамы студенттерге білім беріп келеді. ҚазҰУ – әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатарлардан көрініп, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда танымал болған заманауи білім ордасы.

Қала ішіндегі «Казгуград» қалашығы деп аталып кеткен құтты мекенде студенттердің білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды «әл-Фараби» кітапханасы, спорткешені мен стадион, жаңа ғимараттар, әскери кафедра, технопарк, 5000 студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр.

Студенттер сарайында өнерлі студенттерге арналған студенттер клубы жұмыс атқарады. Студенттер клубының дарынды мүшелері талай байқаулардың жеңімпаздары. Соның бірі ретінде, «Бақыт» би ансамблін ерекше атап өтуге болады.

Университетімізде дәстүрлі түрде «Жалын» бірінші курс таланттарын анықтау, «Студенттік көктем», КТК (КВН), «Ана тілі аруы-Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар жоғары деңгейде өткізіліп тұрады.

Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеттері жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, студенттер кеңесі, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, студенттердің ғылыми қоғамы кіреді. Қазіргі уақытта университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған жастардың қатысуымен өтеді.

Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде «Ғылым әлемі» сияқты конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Инновациялық жобаларға құштар, заман ағымынан қалмауға тырысатын студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар, университетте технопарк қызмет етеді.

ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені, ҚазҰУ – ғашықтардың мекені. ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, қазіргі кезеңде жастар әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық Университетін таңдауда өздерінің болашақтағы мамандығын және  жаңа сипаттағы кәсіби маман болуды көздейді.