Қапан Сатыбалдиннің «Аягөз ару» пьесасының жанрлық сипаты

Шакирова Қатира Мирамбекқызы,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің ізденушісі

 

 

Қапан Сатыбалдиннің «Аягөз ару» пьесасының жанрлық сипаты

 

Қапан Сатыбалдиннің драмалық туындылары қазақ драматургиясының тарихында өзіндік көркемдік өрісімен қалды деп айтуымызға толық негіз бар.

«Қазақтың алғашқы драматургтері Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов эпос сюжетін, фольклор мотивтерін, аңыз қаһармандарын творчестволықпен пайдалана отырып, ұлттық әдебиетімізде бір алуан дәстүр жасап, оны әр кезде Қапан Сатыбалдин («Аягөз ару»), Әбділда Тәжібаев («Халқым туралы аңыз»), Шахмет Хұсайынов («Алдар көсе») жаңа бояулармен байытты» [1, 391 б.].

Қапан Сатыбалдиннің төрт актілі, бес көріністі аңызға құрылған «Аягөз ару» пьесасының кейіпкерлері: Тәуекел – жас, ержүрек жігіт; Аягөз – әдемі қыз; Далабай – оның әкесі, кедей шал; Тетелес – Аягөздің бауыры, жас бала; Далбаса – хан; Сұмпайы – оның уәзірі; Шатшалекей – қарақшы хан; Зобалаң – Шатшалекейдің уәзірі; Топатай – Шатшалекейдің кенже тоқалы; Ұзынтұра – жасауыл; Асу – Тетелеспен бірге атқа шапқан бала; халық; Далбаса ханның жасауылдары; Шатшалекейдің қарақшылары.

Пьеса орман ішінен отын теріп жүрген Далабай шал мен оның бүлдірген терген кішкене баласы Тетелестің сөйлескен сөзімен басталады.

Аягөз қызының қарақшыға қолды болып кеткен тағдыры кеудесін қайғы боп буған қарияны жас Тетелес қайрай түседі.

«Тетелес. Сонда немене, Аягөзді қайғыда бір қарақшының қолында зарлатып қойып отыра берейін бе жайдан-жай?! Бауыр болғаным қайсы онда менің? Айтпады деме, ататай, осыдан босатпадың бар ғой, бәрібір кете берем бір күні.

Далабай. Аягөзді босату оңай болса, өзім де жіберер ем. Әттең, осал жау болмай тұр ғой Шатшалекейі құрғыр.

Тетелес. Оп-оңай тіпті. Осыдан аяңдап отырып Шатшалекейдің шаһарына барамын да, күндіз күні бойы сарайды торимын. Түн түсе терезеден бір-ақ қарғып хан ордасына кірем де, Аягөзді қолынан жетелеп алып қашып кетем. Немесе есіктен-ақ кіруіме болады. Ол үшін бірақ есік алдында тұрған жасауылдарды алма беріп алдауым керек.

Далабай. Алда, балалығыңа болайын-ай… Қылышынан қан тамған Шатшалекей қайда жүреді сонда? Сені сарайда сайрандатып қойып қарап отыра ма?» [2, 204 б.].

Осы екі арада киік қайырып жүрген Ұзынтұра мен Тапалдан сескеніп шал мен бала ағаш арасына жасырынады. Сонда да бұлар киікті үркітті деген айыппен жасауылдардың қолына түскен. Тетелес шырылдап, дарға асылайын деп жатқан атасына араша түседі. Ақыры шал балаға қаш деп, өзі тағдырға мойынсұнып тұрғанда, құтқарушы күшке тап болады.

«Тапал мен Ұзынтұра қарқ-қарқ күліп, жіпті шалдың мойнына іліп, енді тарта бергенде, зу еткен садақ оғы Ұзынтұра жасауылдың қолына тиеді. Тапал жасауыл зыта жөнеледі. Ұзынтұра жасауыл да жаралы қолын басып шалды тастай қашады. Далабай шал мойнындағы жіпті алып аң-таң болып тұрады. Тетелес бір жақтан жүгіріп келіп, атасын мойнынан құшақтайды» [2, 303 б.].

Бұл актіде Далбаса ханның  киікке атқан оғын тигізе алмай дал болуы, Сұмпайының тарбаңдап, жарамсақтануы, ханнан қашып құтылып кеткен киікті Тәуекелдің атып құлатуы, сол үшін жазықты атанып, жазаға тартылайын деп жатқанда «Жау шапты» болып, ханның «Бізді құтқар» деп қолқа салуымен аяқталады.

Екінші акт тау арасында дамылдап жатқан Далбаси ханның қолының суретімен басталады.

Тәуекел – Сұмпайы – Тапал арасында дау өршіген. Тәуекел жаудан түскен олжаны хан ордасына апаруға қарсы, халыққа бөліп беру керек дейді. Екі жарылғанда көпшілік Тәуекел жағына шығып, Сұмпайының қасында Тапал ғана қалады. Мәселе шиеленіскен.

«Тәуекел. Ал, уәзір-еке, соғысыңыз енді! Шатшалекейдің қалың қолын қоғадай жапырып, хан қазынасын олжаға молықтырыңыз!

Сұмпайы (өзіне өзі). Апырай, ызасын-ай, мына қара сирақтардың?! Енді қайттім? (Тәуекелге). Жарайды, жарайды, сенің дегенің болсын, мерген! Жаудан түскен олжаның бәрі несіне қайтарамын!

Тәуекел. Онда мен де жеке кетпейін! Осылай түсініп алайық, уәзір-еке!

Сұмпайы. Иә, иә, түсініп алайық! (Өзіне өзі). Шатшалекейдің көзін құртайын әуелі, сені содан кейін көріп алармын, бәлем! (Тәуекелге). Ер шекіспей, бекіспейді деген осы да! Айтылған сөз айтылған жерінде қалсын!

Тәуекел. Қалсын! Қалсын! (Аяғымен таптаған сияқты жер тепкілейді)» [2, 221 б.].

Барлаудан Ұзынтұра келіп қауіп жоғын айтады, онысы әрине өтірік. Қалың жылқы көрдім деп қайтып сөнген. Тетелес тіл алып келгенде, жылыстай жөнелген Қарат қарақшы өлтірмесең, айтайын деп, шындық жайын хабарлаған. Тетелес пен Тәуекел мерген Аягөзге Шатшалекейдің үйленбек пиғылынан хабарланады. Ұрыс сәтінде Ұзынтұра, Тапал, Сұмпайы сынды Далбаса ханның сенген серіктерінің сырғақтап кетер сыры мәлім болады. Тәуекел мерген жауды топырлатып қыруда.

Үшінші көріністі автор мынадай суреттемеге құрады.

«Тау арасы. Айнала жақпар-жақпар жартас. Жаз. Дауылдатқан беймаза түн. Көк бетінде үдере көшкен қалың қара бұлт. Оқтын-оқтын күн күркірейді, найзағай ойнайды. Жартас етегіндегі алаңқыдан Шатшалекей ханның жорық шатыры көрінеді. Шатыр іші толған талаудан түскен асыл жиһаз, қоржын-қоржын алтын, күміс. Шатыр алдында алтын тақта, ұзын мұртын шиыршықтап құлағына орап қойған бойы бір қарыс, бие қарын біреу отыр. Бұл Шатшалекей. Мұның дәл осы сағатта бұл дүниенің тұтқасы бір өзінде тұрғандай күпінген қалпы бар. Оның қимылынан да, сөзінен де осындай асқан-тасқан оғаш одағайлық байқалады. Шатшалекейдің оң жағында Зобалаң уәзір, сол жағында мұңайып Аягөз отыр. Бір топ қыз ханның алдында би билеп жүр. Би тоқтаған кезде хан тағы да биле деп әмір етеді» [2, 225 б.].

Шатшалекей енді бір сәт мұңайған Аягөз қызға көп көзінше күлімдеп отыршы деп жалынады.

Осы екі арада ел шауып қайтқан қарақшылар келіп, әкелген алтын-күміс, дүние-мүлкін көрсете бастаған. Ештеңе әкеле алмаған қарақшыны Шатшалекей жазаға бұйырады.

Аягөз қашып құтылудың амалын ойластырып отырады. Зобалаң өзінің көңілін білдіріп, қызды азғыра бастайды. Үстінен Шатшалекей кіріп, қызбен оңаша сөзін ұнатпаған кейіп танытқан. Зобалаң ант-су ішіп әлек. Далбасаның ақ ордасын бүгін аламын деген Шатшалекейдің көңілі лепіріп, басылар емес.

Зобалаңды жорықтың жайын бақылауға жіберіп, Аягөз аруды айналдырды Шатшалекей хан. Қыз ханның қолын қағып жіберіп, қарсылық көрсетеді. Енді бір сәт жалынып, өзіне еркіндік бер, босат дейді. Ханның мойнынан құшақтайды. Мұны көріп тұрған Топатай ханым басқаға жорып, зығыры қайнайды.

Шатшалекей қызға жалынып құшақтама, жақсы көріп құшақта, менен құтылмайсың деп зекіреді. Топатай мен Зобалаң арасының сөзі де – Аягөз. Аярлықпен Зобалаң сөйлейді, ашумен Топатай ханым өрекпиді. Топатай Зобалаңның өршітуімен, өшіктіруімен Аягөзге у бермек. Топатай өзінің Шатшалекейге енді керек болмай қалғанын ханның өз аузынан естіген. Аягөзге тиісіп сөйлейді енді. Аягөз өзі берген уды ішпек болғанда қолын қағып жіберген. Көзі жетеді, қыздың көңілі бұзық емес екендігіне.

Ендігі бір көрініс Тетелесті ұстап әкелген қарақшыларға ұласады. Тетелес тілсіз мылқау бала болып, ештеңе айтар емес. Бір сәт әпкесі өзін құтқар деп ханға жалынғанда ғана тілге келген. Құтқарушың келе жатыр, қорықпа деген.

Шатшалекей тыстағы тасыр-тұсыр, айғай-шудан секем алып, қызды тас үңгірге жасыруға бұйрық береді. Тау іші қараңдаған қарулы адамға толы. Хабаршы жасауыл жаманат хабар әкеледі. Шатшалекей қашқындар тасқынына тосқауыл бола алмаған, жалғыз қалған. Алтын-күмісіне жүгіріп, бірнеше қоржынды көтеріп, қашпақ еді, мұрттай ұшып құлайды. Осы сәт Тәуекел бастаған Далбаса ханның қолы сау ете түскен.

Тәуекел Аягөзді құтқармақ. Ақыры түрлі сабылған жүріс саябыр тауып, Аягөз бен Тәуекел оңаша қалады. Жігіт құтқарушыңмын деген, қыз бірақ сенімсіздік көрсетеді. Ханыңа апарып бересің деп қауіптенеді. Ақыры екі жас өзара ұғынысар әңгіме сабақталады. Тетелес келеді.

Ұзынтұра, Тапал, Сұмпайылар келіп, алтынды көріп, ақырып қалған.

«Тапал. Ойбай, алтынды қара! (Жұрттың көзін ала беріп ұрлайды).

Ұзынтұра. Бар байлық мұнда екен ғой (ол да сүйтеді).

Сұмпайы (алтын толы қоржындарды салмақтайды). Хан иемнің қазынасы бір қарқ болады екен (жасауылдарға). Шып-шырғасын шығармай хан қазынасына қосыңдар! (Ұзынтұра мен Тапалға ақырын ғана). Екі-үш дәу қоржынды маған жымқырыңдар! (өзіне-өзі). Ойпырма-ай, мынау бір мен көрмеген сұлу ғой өзі. Жайынша шүңкілдесіп тұрғанын қарасайшы мынаның (Тәуекелге ақырып). Тәйт әрі, хан олжасына қара сұқтанды деген не сұмдық? Ей, алып кетіңдер ана қызды!» [2, 241 б.].

Жасауылдар енді Тәуекелді ұстап, Аягөзді алып кетеді. Тетелес соңынан жүгіреді.

Үшінші актіде Далбаса ханның ақ ордасындағы әрекеттер баяндалады. Жауын жеңген Далбаса өзін қоярға жер таппай, кердең-кердең басады. Алтын көріп алақтаған Ұзынтұра мен Тапал. Сұмпайы хан мен жеңіс қуанышын бөліскен болып, қалауын сұрайды. Олжаға келген қыздарды ханға көрсетіп, Топатайды өткізіп жіберіп, Аягөзді өзіне тарту бар ойында. Ақыры Топатай ханнан гөрі Сұмпайыны дұрыс көріп, Аягөзді жасырып қалғанын айтып қояды. Хан Далабайдың қызы болған соң үйіне қайтармақ едік деген Сұмпайының сөзіне сеніп, қызды сонда да көрмек болған. Көрген соң көңілі кетеді. Аягөзге бар асылын кигізіп ханым етпек болады. Қыз көнбейді, әрине. Хан оны уәзіріне сыйламақ болады енді. Қыз да өтірік Сұмпайыны қалап тұрған қалып танытады. Кенен, Мұқан сүмірейтіп, сөзбен сілейтіп құлатады. Тәуекел келіп ханнан уәдеде тұруын еске салып, Аягөзді сұрайды. Хан тағы айлаға басып, бас қатырар амалдар жасайды. Бір түсті киінген он қыз бетін пердемен бүркеп ортаға шықпақ, кім Аягөзді таныса – қыз сонікі. Әрі қарай хан уәдеден тайып, күш сайысы, сөз сайысы деген жарыстарын шығарған. Ат жарысы дегені тағы бар екен, оған өзі отыз ат, Сұмпайы он ат қоспақ. Қара жаяу тәуекел Далабай шалдың тайторысымен қатысады жарысқа.

Төртінші актіде Тәуекел мен Сұмпайының қызығын тамашалаған жұрт көрінісі суреттеледі. Әуелде Сұмпайы Тәуекелге байлық берем, қыздан бас тарт деп азғырады. Хан болса уәзірін ақ сүйек, мергенді қара сүйек деп шарттың тепе-теңдігін өзгертіп, бұзып әлек. Атжарысқа да суық қолын салады. Өтірік әңгімеде де мізбақпай баққан, бірақ жеңілді. Жеңілгенде де Топайдың Аягөзге айламен ішкізген ұйқы дәрісін у деп ойлап,  жүрегі жарылып өлді. Тәуекел мен Аягөздей қос ғашық мұратқа жетеді.

Пьесаның оқиға желісінде автор халық ертегілерінің, қилы аңыз-әңгімелердің белгілі сюжетін пайдаланған. Зұлымдық пен ізгіліктің мәңгі күресін, теке-тірес арпалысын ғұмыр бойы арман мен аңсарға толы аңыз-әңгімелеріне арқау еткен адам баласының қилы тағдыры осы шығарма арқылы тағы да көркемдік өріс тапқан.

Қапан Сатыбалдиннің «Аягөз ару» пьесасы таныс желімен өрілгендігінен ұтпаса, ұтылмаған. Автор адамзаттың қашанғы аңсар мұратын сөйлеген сөз, қылған қылығымен, тұрған тұрыс, жүрген жүріс, түкпірге тыққан ой өлшемімен өзгешеленіп ашылған, бірнеше дара, нанымды кейіпкерлер бейнесі арқылы мейлінше шынайы шешімде ашқан.

Кейіпкерлердің аты затына сай болып келуінің өзінде автордың жақсы мен жаманды тайға таңба басқандай айырып, ажыратып таныту, ашу мұратының бір сыры қылаң береді. Далбаса ханның расында да бар тірлігі – далбаса. Шатшалекейің де сол сорттан. Уәзірлер де су жұқпас Сұмпайы, зорлықшыл Зобалаң. Кішкентай бауыр – тілекші Тілектес. Жасауылдар Ұзынтұра, Тапал аталса, бұл да сырт тұлғаның көлем, мөлшері ғана емес – ішкі жан дүниенің де аласалығы, сырықтай сидақтығы. Тәуекел мерген де халықтың ер жүрек ер ұлының, құтқарушы, қамқорының бір өкілі.

Шығармада шиеленісіп, ширыққан оқиға желісі бар, сенімді тартыс, көркем өрісін жайып келіп түйін тапқан шешім бар. Оқушы оқиғаның жақсылықпен аяқталарын әу бастан сезінгенімен, оның қалай-қалай өрбитінін қызыға, қуалап отырып оқиды. Әр кейіпкердің өз тұлғасы, өз қылығы, өз мінезі, өз тілі бар. Автордың Далбаса ханның аузына «Дәлду, дәлду» тіркесін салып отыруы, Шатшалекейдің «бөдененің сирағымен», «бөдененің бүйрегімен», «сауысқанның қанатымен ант етемін» деп сөйлейтіні – бәрі де орынды. Жеңіл мазақ туғызады, ащы мысқыл, жағымсыз құбылысқа үкім айтар ауыр астар бар шығарма тілінде.

Қызға таласқан топтың түрлі сайысы да қызықты. Ханның қырық құбылып, «хан жарлығы біреу» десе де, дүниенің барлығын өзіне бағындыру ниеті оны жолдан қысқа күнде қалайша қырық рет тайдырғанын қаламгер шебер ашады. Оқиға барысы, характерлер қақтығысы, кейіпкерлердің сөйлеу тілі жанр табиғатына орай көркемдік шешім табады.

Пьесада алтын-күміс аңсаған ашқарақ көңілдің шындығы да, халықтың қарапайым да адал өкілдерінің тазалықты тұғыр еткен асыл қасиеттері де аса бір көркем шендестірумен ашылған деуге болады.

Қапан Сатыбалдин осы пьесаны жазуда ертегі сюжетін арқау еткен әлемдік әдебиеттің тәжірибесін де есте ұстап, сәтті меңгерген. Айқын көріністі баяндаулар сахналық қойылымға сұранып тұрады.

Шығарма жас оқырманды қанаттандыратын ерлік дәстүрге де, ересектерге дүние жаратылыстың қайсыбір күрделі иірімдері, өмірдің таңдау сәті, адам мінезінің қалтарыс, құбылыстары туралы толғаныстарға да тартып жатқан шынайылығымен елеулі.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1 Нұрғалиев Р. Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму: Монография. – Алматы: Жазушы, 1986. – 440 б.

2 Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шығармалар / Құраст. Е. Домбаев,
К. Ахметова. – Алматы: Жазушы, 1973. – Т.2.: Пьесалар. – 416 б.

 

 

РЕЗЮМЕ

 

В статье говорится о художественных особенностях пьесы «Красавица Аягөз» («Аягөз ару») драматурга Капана Сатыбалдина.

Пьеса написана на основе народных легенд, в которых повествуются вечные вопросы добра и зла светлой любви.