Қостанай облысында Кейкі батырдың кесенесі бой көтерді

“Рухани жаңғыру”  бағдарламасы аясында бой көтерген Кейкі батырдың кесенесі – «Қазақстанның сакральді географиясы» жобасына ұсынылмақ. Қазір нысан салынып бітті, енді маңайын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Ал батырдың бас сүйегін жерлеу рәсімі қыркүйек айына жоспарланған. Кейкі батыр ешқандай саясаттың сойылын соққан жоқ. Ол қазақ даласына өктемдеп, ат ойнатып келгендердің бәріне қарсы тұрды. Сол үшін ақтармен арпалысты, қызылдармен қандасты. Кеңес заманында батырдың атын айтуға тыйым салынды, әйтсе де ол халық жүрегінен өшкен емес. Арқалық қаласындағы мына мүсін елдің мергенге деген ықыласының айғағындай.

Халықтың ардақты батырына деген құрметі кесене салу барысында да айқын байқалды. Құрылыс кезінде цемент езуге жай су жарамай, іркіттің сарысуы қажет болды. Жақын маңайда сүт зауыты жоқ, күніне 200 литр сарысуды жергілікті тұрғындар өздері жеткізіп тұрды. Елдің көмегінің арқасында кесене сапалы әрі жылдам салынды.

Абай Мұқанов, мердігер:

– Бүгінге жұмыстар жақсы жүріп жатыр. Кесенені біттік деуге болады. Бүгінгі күні қалған жұмыс маңайында асфальт төсеп, төсемтас салу, абаттандыру қалды.

Кесенеге Арқалық-Торғай тасжолының бойы мергеннің атамекені Тасты ауылының тұсы таңдалған. Биіктігі 15 метр ғажайып ғимарат жиырма шақырымнан «мен мұндалайды». Батырдың тойына дайындық барысында облыс бюджетінен 25 млн теңге бөлініп, Амантоғай, Жалдама ауылдарында қираған үйлердің орны тазартылды. Торғайдың жолдары да жөнделуде.

Нұржан Өтегенов, Амангелді ауданының әкімі:

– Әулиекөл-Жалдама тас жолының 64-шақырымына орта жөндеу жүргізіліп жатыр. Оған облыстық деңгейден 1 млрд теңге бөлінді. Қыркүйек айының 10-на дейін ол бітеді. Екінші бір айта кететін жәйт, Арқалық-Торғай тас жолының күрделі жөндеу жұмыстарының 7,8 шақырымына тағы да 1 млрд теңге бөлінді.

Тойға әзірлік негізгі рухани-мәдени шаралар өтетін Арқалық қаласында да қызу жүріп жатыр.

Ерлан Қалмақов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

– Республикалық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция, республикалық ақындар айтысы, ат жарысы, қазақ күресінен турнир қарастырылған.

Араға ғасырға жуық уақыт салып, былтыр елге оралған батырдың бассүйегін жерлеу рәсімі 15-ші қыркүйекке белгіленіп отыр. Ал Кейкі Көкембайұлының кесенесі киелі орындар тізіміне кіріп, халықтың тағзым етер нысанына айналмақ. Айта кету керек, ғимарат демеушілердің қаражатына тұрғызылған.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

More in this category: « Алматыда жыл басынан бері 15 адам әдеп жөніндегі уәкілдің қызметіне жүгінген Алматыда жаңа оқу жылынан бастап «Өлкетану» курсы енгізіледі »

© 2017 «Хабар» Агенттігі» АҚ.

Барлық құқықтары қорғалған.