ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗ ЛАТЫНШАСЫ БОЛСА ИГІ

 

Салқынбай А.Б.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

 

 

ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗ ЛАТЫНШАСЫ БОЛСА ИГІ

 

  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көктеменің тәуір айы сәуірде «Егемен Қазақстан» республикалық газетіне жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, бағалай отырып, жаңғырта дамытуға үндейтін, іргелі бағдарламалық бағыттағы құжат болды. Еліміздің Біртұтас ұлт болуын мақсат етіп, соған барар жолдағы ұлттың рухани болмысының мәні қалай болуы керек, нені негізге алып, қандай базалық құндылықтарды сақтауымыз қажет, ертеңгі ұрпаққа табыстар мұрамыздың сипаты қандай болуы керек, бүгінгі жастар мұраты қандай, батысқа еліктеу Еліміздің болашақ межесіне үлгі бола ала ма деген бүгінде қазақ қоғамын іштей толғандырып жүрген басты мәселелердің шешімі мен оның бағдары осы бағдарламада кеңінен қозғалып, тиянақталған. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғырудың үлгісі бүгінгі егемен қазақ еліне үлгі бола алмайды дейді Елбасы, өйткені «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» [1].

Ұлттық код қайда? Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген, молынан қамтылған. Ұлттық кодта парыз бен әділдік қатар сомдалып, Ж. Баласағұни, М. Қашқари, А. Иасауи, Абай мен Шаһкәрім, Ақымет пен Әлихан, Мағжан мен Міржақып шығармашылығы арқылы халыққа дәріптелген, астары мен арқауы мықты оралымды сөз өрнегімен, ұғынықты тілмен өрілген. Қазақтың ұлттық кодында әділдік тұжырымдамасы ежелгі дәуірден бастап жинақталып, туыстығы жоқ үлкенге деген сыйластық болып танылған. Сыйластық пен ізгілік, ізеттілік пен имандылық қазір енді этикетке айналған тұста, осы ұлттық кодты дамыта отырып, рухани мәдениетімізді жаңғыртуымыз қажет. Ұлттық кодымызда ұят категориясы бар. Бесіктен белі шықпаған баладан бастап, ұят боладыны айтып өсірген ата-ана баласын жақсылық пен жауыздықтың бөлінетінін айтып, мінезін қалыптастырады. Жауыздықпен күрес пен жақсылықты дәріптеу коды қазіргі мораль мен өнегелік категориясын дамыта түседі.

Елбасымыз таяу жылдардағы басты міндеттердің бірі және негізгісі ретінде қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын біртіндеп бастау керектігін нақтылайды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап айтыла бастаған бұл мәселенің қазір шешілетін сәті келгендей. Әлеуметтік желілердегі жазылып жатқан пікірлер легін саралау да, көпшіліктің бұл реформаны қолдайтынын аңғартады.

Жазу – адамзат дамуындағы қол жеткен ең маңызды құндылық. Бүгінгі тарих тағылымы жазуы бар, сол жазуын сақтаған елдің рухани мәдениетін терең бағалап, өз бетінен ең бір қадірлі орнын белгілейді. Төл жазуын қасиеттеп, киелі санап, ие болған ел мәдениет тарихынан өзінің тиянақты орнын тұрақты белгілей алады.

Ия, қазақ жазуының өткен тарихы ауыр болған. Қазақ еліне өз өктемдігі мен өкімдігін жүргізгісі келгендердің барлығы оның рухани болмысына жасайтын шабуылын, ең алдымен, жазуды өшіруден бастаған екен. Кез келген жазу сол ұлттың дәстүрлі мәдениетін, елдігін, тарихи жадын сақтайтын жәдігер екенін ескерсек, мұның мәнісі түсінікті де. Араб жаулаушылары атының тұяғы жеткен жерлердің барлығында түркілік таңбаларды жоюға күш салыпты, орыс колонизаторлары қазақ еліне кең тараған араб жазуымен, араб мәдениетімен күресіп, жазуды өшіріп, ақыры өз  әліпбиін енгізген. А. Байтұрсынұлының төте жазуының тағдыры қалай болғаны бүгінгі көзі ашық қауымға белгілі. Қазақтың қайран тілі көшпенді ғұмыр-тіршіліктің арқасында жазуға мойынсұнбағандықтан, өзге тілдердің ырқына көне қоймай, өз болмыс-бітімін сақтай дами берген. Жазу болған жерде тарих – бар, білім – жүйелі, ой – тиянақты, ғылым – сапалы, рухани қазына – жинақы. Ғылымның бар болуы жазумен тікелей байланысты, сондықтан сөйлеу мен жазудың қатынасының басты анықтағышы да, ойлаудың таразыланып, ортақ игілікке айналуының да басты әрі негізгі көрсеткіші – жазу. Елдің, ұлттың тарихы таразыланғанда, рухани мәдениетінің парқы мен нарқы зерделенгенде жазудың қадірі арта түседі. Жазумен таңбаланып, анықталмаған тарихқа мұрагеріңді қалай сендірмексің, бабадан қалған мұрам еді деп кімді иландырарсың? Қандай формада болса да, жазумен қалған тарих – еліңнің еншісін бөлмей сақтауының басты кепілі. Жазусыз тарих көптеген талас-тартыстарға жол ашып, Елдің кешегісін көз алдына келтіре алмай, ертеңіне деген кемел сенімін әлсіретері даусыз.

ХХІ ғасырда егемен Еліміз әлемдік өркениетте өзіндік орнын белгілеп, алдыңғы қатарға шығу үшін ұйымдасуда, ол «тарихтың темір қақпанына түспеу үшін» эволюциялық даму бағытымен, өркендей дамуды басты бағдар ретінде белгілеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды қалайды. Қазір бірінші сыныпқа барған балалардың 90 пайыздайы қазақ сыныптарында отыр, жоғары оқу орындарындағы аудиторияларда қазақ топтары 85-90 пайызды құрайды. Демек, латын әліпбиіне көшудің ең басты алғышарттары орындалды деуге толық негіз бар. Ендігі басты мәселе қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау. Біздің пайымдауымызша, мұндай стандарттың негізі бізде бар. Ол Ақымет Байтұрсынұлы жасаған әліпбидің латынша таңбалық нұсқалары, яғни төте жазуының латынша берілген нұсқасын негізге алып, бүгінгі қазақ латыншасының жетілдірілген нұсқасын жасауымыз жөн болар еді.

Латын әліпбиін қабылдау не қабылдамау мәселесі бүгін ғана көтерілген, айтылған жаңалық емес. 1924 жылғы Орынбор қаласында өткен сиезден бастап, осы таңбаны саралауға қанша жиын арналғаны бүгінгі зиялы қауымның көз алдында. Латын таңбасын енгізу немесе енгізбеу туралы көзқарастарды тұжырымдап, олардың мынадай сипатын айқындауға болар еді:

ПЛЮСІ:

  1. Әлемдік деңгейде ақпарат алу жеңілдейді;
  2. Әлемдегі барлық түрік жұрты латын таңбасында болады; алайда бұл бәріне бірдей ортақ таңба болады деген сөз емес, өйткені көнеден келе жатқан түркі тілдерінің арасындағы дыбыстық және грамматикалық айырмашылық бүгінгі оғыз тобындағы тілдер мен қыпшақ-ноғай тобындағы тілдердің өзіндік ерекшелігін танытатын басты белгі.
  3. Компьютер мен интернет желісінде жұмыс істеу оңтайлы болады;
  4. Ресми тілде жазылған ресми құжаттар да латын қарпіне көшуі міндеттелуі тиіс.

МИНУСЫ:

  1. Латын қарпіне көшу сауаттылық деңгейін төмендетеді.
  2. Латын қарпіне өтудің ар жағында жаһандану жолына терең ену, өзге діндердің, мәдениетің әсері болуы ықтимал;
  3. Кирилл жазуындағы көркем шығармалар мен ғылыми зерттеулер қолжетімсіз болып қалмау жағы жан-жақты шешілуі тиіс.

Әліпбиді өзгерту алдында алдымен мәмілеге келетін нәрсе – А. Байтұрсынұлы түзген араб таңбасына негізделген әліпби қазақ тілінің сөйлеу тілін дәл таңбалайды; барлық емлелер нақтылығымен, ғылымилығымен ерекшеленеді; бүгінге дейін қолданыста бар (Қытайдағы қандастарымыздың қолданысында).

«Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы» деп жазған Ақымет Байтұрсынұлы әріптердің тіл дыбыстарын нақты таңбалауына, оқуға және жазуға жеңіл келуіне, үйретуге оңай болуына басты назар аударады [2]. Ғалым жасаған әліпбидің басты ерекшелігі ретінде қазақ сөзін дәл таңбалап, әрбір таңбаның мәні мен ерекшелігін нақты сипаттап, әрі осы дәлдік пен нақтылықты ғылыми тұрғыдан терең талдауында дер едік.

Қазақ жазу ілімі теориясында әріп саны фонема санымен бірдей болуы жетілген жазу екенін танытады деген тұжырым А. Байтұрсынұлы еңбектері арқылы қалыптасты. Әріптің фонемадан аз болуы түркі тілдеріндегі сингармония заңының сөздің негізгі құрылымы мен мағыналық ерекшелігін аша алу қасиетімен байланысты. Дауыстылардың бірыңғай жуан-жіңішкелігі сөздің барлық буындарында сақталатындықтан, көп таңбадан гөрі, сөздің алдына дәйекші белгісін қою арқылы жазу экономиясына жетуге болатынын табуы – Ахмет Байтұрсынұлының реформаторлығы ретінде танылады. Қазақ тіліндегі жиырма төрт түрлі дыбысты таңбалаудың өзіндік ерекше жолы мен жүйесін ұсынған ғалым “қ” мен “ ғ” дыбыстарының ылғи жуан, “к” мен “г”, “е”-нің ылғи жіңішке айтылатынын ескерте отырып, былай деп жазады: “Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, .. онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын  “қ” мен “ ғ”-ны қосқанда дайым жіңішке айтылатын “к” мен “г”, “е”-лерді қосқанда, бәріне 43 белгі (харіп) керек” [3].

“Дауысты дыбыстар сөздің жаны, дауыссыз дыбыстар сөздің тәні есебінде”  деп санаған Ахмет Байтұрсынұлы әрбір әріп пен оның айтылу жолын тәптіштеп түсіндіріп, жазу емлесін жасайды. “Дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстардың иелігінде” (Сонда, 328-бет) деп түсіндірген ғалым қазақ тіліндегі үндестік заңының ерекше қасиетін айта отырып, оның айту мен жазудағы нақты әрі табиғи қалпын сақтап, дауыссыздың өзі, шындап келгенде, осы заңға бағынатынын дәлелдейді. Бұл ғылыми шындықты кейінгі ғалымдардың мойындағаны, теориялық-тәжірибелік тұрғыдан анықтағаны тағы шындық (Ә. Жүнісбек).

“Жазу дегеніміз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың әр елдің таңбасындай таңбасы болады. Таңбасына қарап қай дыбыс екенін танимыз” деуінде үлкен мән бар [3]. Демек, ғалым үшін қазақ тілінің айтылымындағы фонема саны мен әріп саны шамалас, дәл келуі керек.

Қазақ жазу ілімінің атасы А. Байтұрсынұлы “Дыбысқа сәйкестеп әріп алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала алмайды” деген ойын бірнеше жерде жұмырлайды, дыбыстар мен әріптер арасындағы қарым-қатынасты терең барлай келе, “дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті” екенін анықтайды [3, 359-360-беттер]. “Тілдегі бар дыбыстың бас-басына арнаған белгісі бар болса”, тәртіпті жазу болатынын қайталай ескертіп отырады [3, 380-бет].

Әліпби түзген, тыныс белгілерін нақтылаған, жазу үлгісін көрсетіп, графема мен фонема арасындағы сәйкестікті терең талдаған А. Байтұрсынұлы емле тәртібіне де мән береді. Әлем халықтарының емле жүйесінен мол хабары бар ғалым, қазақ сөзінің ішкі болмысына сай келетін жүйені, дұрыс сауаттандыратын емлені қажет санайды. “Сауаттылық негізі жазу” деген жолды берік ұстана отырып [3, 362-бет], “жазу – әріптердің сүгіретін сала тізу, оқу – әріптердің дыбыстарын айта тізу” екенін нақтылайды.

Ғалым емленің төрт негізін атап көрсетеді:

  • таңба жүйелі (негізі – ынтымақ);
  • тарих жүйелі (негізі – дағды);
  • туыс жүйелі (негізі – тегіне қарай);
  • дыбыс жүйелі (негізі – естілуіне қарай).

Оларға жеке-жеке талдау жасай отырып, әрбірінің ерекшелігі талдап, оң тұсы мен қазақ сөзіне сәйкес келмейтін жағын ғылыми тұрғыдан саралап зерделеді. Ең бастысы, қазақ сөзінің дұрыс жазылуына ерекше мән береді, ауызша айтылғанның бәрін сол қалпында жаза салуға да болмайтынын атап көрсетеді.

Қазақтың төл жазуы деген түсінікті А. Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін қолдануға мүмкіндік туды. Өйткені қазақ сөзінің өзіне тән айтылым, жазылым  ерекшеліктері мен сипаты осы еңбекте жан-жақты анықталып, грамматология ғылымы талап ететін заңдылықтарға басты көңіл бөлініп, негізгі ғылыми жауабы берілді. Мұны қазір барлық ғалымдар мойындайды. Жазу туралы ғылым өзінің дербес пәнін нақтылау үшін, тілдің табиғи қалпын таңбалайтын, ғылыми сипатын іздеуі керек десек, А. Байтұрсынұлының қазақ жазуы туралы жазған ғылыми пікірлері осы талаптарға толықтай жауап береді. Төте жазудың сөздің дыбыстық табиғатына жақын келіп, оқуға және жазуға оңай болуы үшін Ақымет түсіндіруіне қарап отырып, осы жазудың қазақ сөзінің болмысын таңбалау үшін барын салғанын аңғару қиын емес.

Осы Ақымет Байтұрсынұлы қалыптастырған қазақтың төл жазуы деген ұғымнан алыстамай, осы мазмұнды мәнге айналдыру жөн болар еді, яғни ақыметтік төте таңбалар жанында берілген латынша таңбалар нұсқасын алып, кейінгі латын қарпінің нұсқасын жасаған С. Аманжолов жасаған ә, ө, ұ, ң таңбаларын қосса, қазақтың өзіндік латынша әліпбиінің нұсқасы тарихи сабақтастық пен инновациялық жаңашылдықтың белгісі болар еді деп түйіндейміз. Заманында бұл ө, ұ, ң таңбалары үлкен қажеттіліктен туып (ұлы Сталин – улы Сталин деп жазылып кетіп, кісі қанымен жуылғаны белгілі жағдай), уақыт өткенде өзінің өміршеңдігін танытты. Түрік ғалымдары бұл таңбаларға күні бүгін де қызыға қарайтынына талай рет куә болдық.

Қазіргі таңда кей ғалымдар әлемдегі барлық түрік жұртын біріктірудің бір құралы  ретінде латын таңбасын танығысы келеді. Дей тұрғанмен, көнеден келе жатқан түркі тілдерінің арасындағы дыбыстық және грамматикалық айырмашылық бүгінгі оғыз тобындағы тілдер мен қыпшақ-ноғай тобындағы тілдердің өзіндік ерекшелігін танытатын басты белгі. Қазіргі түрік әліпбиінде «Қ» дыбысының таңбасы жоқ. Сондықтан ауызекі сөйлеу тілінде қ дыбысы бірте-бірте «иумшақ г-ге» айналып, мүлде қолданыстан шығып барады. Ал қазақ тілінде «Қ» дыбысынан басталатын сөздердің көптігі сөздіктерден  де аңғарылып тұр. Сондықтан да, түрік тілімен бірдей әліпби алуға тілдің фонетикалық жүйесі сәйкес келмейтіндігін тілші ғалымдар білуі тиіс еді.

Ресми құжаттар латын қарпіне көше ме, көшпей ме – деген сұрақты күн тәртібіне қойып, дұрыс шешу орынды болмақ. Мәселен, бізде  аралас мектептер мен аралас балабақшалардың саны мол, бір факультетте орыс бөлімі мен қазақ бөлімі бар. Олар жазатын құжаттар (мәселен, есеп) қай қаріппен жазылмақ. Қазақстандағы өзге ұлттар өз қарпінде қала берсе, мемлекетімізде екі қаріп болып, үлкен саяси, мәдени психологиялық проблемалар шығады. Бір қаріпте жазу – мемлекеттік іс. Ресми орындарда ресми тілде сөйлеп, кирилл әрпімен жазатын болсақ, онда шынымен, латынға көшетін кім болмақ және оның қажеттілігі қанша деген заңды сұрақ туары даусыз.

Қазақ сөзінің дұрыс жазылуы үшін «туыс жүйелі емленің де, дыбыс жүйелі емленің де түкпіріне қамалмай, екеуінің арасынан жол тауып беретін» Байтұрсынұлы ұсынысы бүгінгі күнгі орыс жазуына негізделген әліпбиіміздің де басты талаптарының жасалуының теориялық негізі болған деп есептейміз. Бұл Ақымет ұсынған сегіз ұсыныстың ғылыми негізділігі мен жүйелілігін танытса керек.

Ғалым зерттеулерінде әліпбидің жалпы ғылыми теориялық мәселелеріне қатысты да өз пайымдауларын айтып отырады. Мәселенки, «жақсы әліпбидің сыпатын таныту» үшін, оның төрт түрлі қасиетін санамалап көрсетіп,  түрік әліпбиіне, латын әліпбиіне қатысты өзінің көзқарасын білдіреді. Бұл көрсетілген талдаулар қазіргі грамматологияда талданып жүрген ғылыми зерттеулердегі қисындардан артық болмаса, кем емес дер едік.

Қазақ жазу үлгісіндегі тыныс белгілеріне де А. Байтұрсынұлы ерекше мән береді. “Әріптен басқа жазуда қолданылатын белгілерге бүгінге дейін анықтап белгілі ат қойылған жоқ еді. Сүгіретке қарап, біреу олай, біреу былай деп атайтын еді” – дей келіп, негізгі тыныс белгілеріне қазақша ат қойып, бірінші рет айдар тағады: “тыныстық (.), жапсарлық (,), қосарлық (═), тастарлық (–), дәлдеулік («  »), сұраулық (?), лептеулік (!)” [Сонда, 337-бет]. Мұнан байқалатыны, қазақша тыныс белгілерге ат беру, олардың қойылу жолын түсіндіру автор үшін маңызды болған. Қазіргі кездегі тыныс белгі, қосу (+), сұраулық, лептік белгі, нүкте, үтір терімсөздерінің алғашқы жасаушы да А. Байтұрсынұлы болғанын аңғарамыз.

 

Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне қайта оралар тұста мынадай ұсыныстар айтамыз:

  1. Латын таңбасына көшудің басты принциптерін анықтап алу қажет:

а) морфологиялық;

ә) фонетикалық;

б) тарихи дәстүрлі принциптер бірдей маңызды мәнге ие болуы тиіс.

  1. Ақыметтік төте таңбалар жанында берілген латынша таңбалар нұсқасының алынуы қазақ жазуының тарихи тамырын танытады;
  2. С. Аманжолов жасаған ә, ө, ұ, ң таңбаларын қосылуы тиіс;
  3. Ресми тілдегі ресми құжаттар толықтай латын қарпіне көшуі мемлекет деңгейінде орындалуы тиіс;
  4. Латын әліпбиіне көшу барысында жасалатын емле жүйесі мен ережелер, орфография мен орфоэпия мәселелерінде Ақымет қисындары негізінде жасалуы жөн болар еді.
  5. Қазақ тілінің тарихи дәстүрге негізделген, сөйлеу тіліне сәйкес келетін өз латын әліпбиі болса игі.

 

 

Әдебиет:

 

  1. Назарбаев Н. Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан. 24.04.2017.https://egemen.kz/article/nursultan-nazarbaev-bolashaqqa-baghdar-rukhani-zhanhghyru
  2. Алаштың тілдік мұрасы. -Алматы, 2009. 27-бет.
  3. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы, «Ана тілі», 1992.- 448 бет.