«XIX ғасырдағы тарихи жырлар» атты оқу құралы хақында

Бисенбаев Пазылбек,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақ әдебиетінің тарихы және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы

«XIX ғасырдағы тарихи жырлар» атты оқу құралы хақында

 

Қазіргі кезде мәдени мұра мәселесі ғылыми-тәжірибелік маңызы бар үлкен іс-шараға айналды. Елбасымыздың мәдениет пен тарихи ескерткіштерге ерекше мән беріп отырғаны сондықтан. «Мәдени мұра бағарламасының мақсаты: біріншіден, халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның ішінде осы заманғы ұлттық мәдениетін, фольклорын, дәстүрлері мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау. Екіншіден, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар елеулі мәдени-тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді қамтамасыз ету. Үшіншіден, ұлттық әдебиет пен жазудың санғасырлық тәжірибесін қорыту және … көркем, ғылыми, өмірбаяндық  дестелер  жасау. Төртіншіден, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білім берудің  толымды қорын жасау», – деп жазылған Президент Жолдауында. Бұдан шығатын қорытынды: қарқынды экономикалық даму барысында мәдени мұраның рөлі кемімейді. Оның қайталанбас құнды нұсқалары осы күнгі әдебиет пен өнеріміздің одан әрі байи түсуіне қызмет етеді.

Ғасырлар қойнауынан жеткен рухани мұраларымыздың айрықша үлгілерінің бірі – тарихи жырлар. Олардың өзге фольклорлық жанрлардан бірсыпыра өзгешеліктері бар. Бұл ерекшелік аталмыш туындылардың нақты өмірде орын алған саяси мәні айқын оқиғаларға бағытталуында, басты кейіпкерлерінің ел қамын жеген тарихи тұлғалар болып келуінде. Осындай жайттарға жіті назар аудармасақ, шындықпен суарылған  шығармалардың қадіріне жету, қасиетін тану мүмкін емес.

Жалпы қазақ халық әдебиетіндегі тарихи жырлардың жиналып, баспа бетінде жарық көруі анау XIX  ғасырдан бастау алады. С. Жантөрин, Т. Сейдалин, Ш. Шайхулисламов, М. Көпеев, Г. Потанин, Ә. Диваев т.б. қаламгерлер мен ғалымдардың зерттеу еңбектерінде тарихи жырлардың кейбір нұсқалары кездеседі. Олар жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі елдік рухы айқын эпикалық туындылардың мән-маңызын жақсы түсінді. Дегенмен қазақ тарихи жырларын жинап, жан-жақты зерттеу жұмыстары Кеңес үкіметі орныққан жылдары жандана түсті. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында  С. Сейфуллин, Х. Досмұхамедұлы бұл салада айрықша еңбек сіңірсе, кейінірек М.Әуезов, С. Мұқанов, Е. Ысмаилов, Қ. Жұмалиев, Р. Бердібаев, С. Қасқабасов, т.б. зерттеулері мен кітаптарында оларды жариялау, жанрлық сипаты, тарихи шындыққа қатысы қаһармандық эпоспен байланысы, әдебиет пен фольклордан  алатын орны түгел қамтылған.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары бұл шығармалар шоғыры кеңестік идеология қырына ілігіп, мектеп қабырғасында оқытуға, насихаттауға болмайтын қауіпті туындылар санатына қосылды. Дәл осындай көзқарастардың салдарынан бірнеше нұсқамен жеткен жәдігерлеріміздің қайта жарық көруі қиынға соқты.

Әдебиетші ғалымдар соңғы жиырма жылда тоталитарлық қысым кезіндегі ақтаңдақтар мен ағаттықтарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Түрлі себептермен зерттелмей қаға беріс қалып келген мәселелерге көңіл бөліне бастады. Алайда бұл жанрдың өзге фольклорлық үлгілермен түйісетін жері, өзінше дараланатын тұсы қайсы дейтін үлкен теориялық та, тәжірибелік те маңызы бар мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ. Олай болатын себебі тарихи жырлардың қолжазба үлгілері бас-аяғы түгел жинақталып, нұсқалары бойынша әлі күнге сұрыпталған емес.                         Қазақтың қоғамдық-әлеуметтік, саяси тарихымен тығыз байланыста болатын аталмыш туындыларды арнайы оқу құралы ретінде зерттеу қажет-ақ. Түптеп келгенде, тарихи тұлғалардың, ел бастаған батырлар мен көсемдердің күреске толы ғұмырын өзек еткен жанрдың ең басты мақсаты – ұрпақ тәрбиесі.

Оқу құралының  басты міндеті- қазақ тарихи жырларының көркем әдебиет жанры екенін, оның халықтың эстетикалық толғамын тәрбиелеудегі аса зор әсерін түсіндіру. Екіншіден, бұл шығармалардың өзіндік ерекшеліктеріне, тарихилық сипаты басым болатынына назар аударылған. Өйткені отандық тарихшы ғалымдарымыздың  еңбектерінде аталмыш жанрлық үлгілерге көңіл бөлінбейді, оның маңызды дерек көзі ретіндегі рөлі жете айтылмай келеді. Тарихи-фольклорлық үлгілерді елемеу оның қайталанбас мәдени мұралар санатына жататынын сезінбегендіктен туындап жүргені анық. Үшіншіден, тарихи жыр нұсқаларының тек қолжазба қорларының мүлкі болып қалмай, бүгінгі әдеби жанрларымыздың көркемдік дамуына да әсер-ықпалы болғанын айтқымыз келеді. Қазіргі прозалық шығармаларда тарихи жыр, аңыз, әпсана жанрларына тән мотивтер жиі ұшырасады. Мұның өзі талғамы жоғары оқырманның көне мұраға деген қызығушылығын танытса керек.

Тағы бір ескерте кететін жайт – оқу құралының  XIX ғасырда дүниеге келген  жыр нұсқаларының ең көркем үлгілері еніп отырғандығы. Кітапты құрастыру барысында ҚР Ұлттық Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақталып келген әдеби ескерткіштер пайдаланылған.