Қалжың –күлкі туралы екі ауыз сөз

Пазылбек Бисенбаев,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасының аға оқытушысы

 

 

                       Қалжың –күлкі туралы екі ауыз сөз

 

– Күлкілі әңгімелердің түп-төркіні туралы

не айтасыз?

– Күлкінің құдіретті күші туралы ертедегі адамдар көп айтқан. Әлем халықтарының ежелгі өнер түрлерінде күлкінің ғұрыптық сипаты туралы мәліметтер баршылық. Ондай әрекеттердің мақсаты жоқшылықтан, қиыншылықтан тұратын әлемді тәрк етіп, қайта түлету болған. Біздің ертегілерімізде, мысалдарымызда суреттелетін күлкілі жағдайлар осындай наным-сенімдердің қалдығы болуы әбден мүмкін. Ежелгі Мысырдағы папирусқа таңбаланған аңызда күлкінің әлемнің жаратылуына ықпалы тигені жөнінде айтылыпты. Онда былай деп жазылған:«Жаратушы күлгенде әлемді билейтін жеті құдай дүниеге келіпті… Ол екінші рет күлгенде су пайда болыпты…»

– Шетелде қалың жұрттың көңілін көтеруге негізделген ойын-сауықтар жиі өтіп жатады. Осындай көп қызықтайтын жиындар қазақта болған ба?

– Дәл солай болмағанымен, соған жақын мерекелердің жұрнағы байқалады. Мешкейлер жарысы, салдық салыстырулар жұрт қызықтайтын, көпшілік көңілін көтеретін тамашалар қатарына жатады. Мәселен, салдық салыстыру кезінде бәсекеге түскен салдардың іс-әрекеті былайғы жұртқа ерсі көрінбеген. Жарыс кезінде астындағы атын бауыздап тастау, ауылды жалаңаш аралап шығу олар үшін ұят іс саналмаған. Халық олардың бұл ісіне кешіріммен қарап, аңыз қып айтатын болған.

Әлемдік ойын-сауықтардың жағымды кейіпкерлері сияқты салдар да – күлкілі қойылымның актер-импровизаторлары. Олар үшін әлем – сахна. Күлкілі әрекет – өмірдің өзі. Олар үшін образдан шықпай ғұмыр кешті. Олардың өмірі өнерге айналды.

– Қожанасыр туралы әңгімелердің әлеуметтік сипатына тоқталып өтсеңіз.

– Күлкінің табиғаты еркіндікті сүйеді. Ол адамзатты ақсүйек не қаратабан деп бөлмейді. Ол – әділетсіздік пен зорлық-зомбылықтың барлық формасына қарсы қайрат көрсете алатын күш. Егер қарапайым халық өкілі шені жоғары адамның алдында күле алса, атақ-дәреже аяқасты болады. Қожанасыр мен хан туралы ертегілердегі өткір сын күлкінің осындай әлеуметтік қызметіне арналады. Мәселен, Қожанасыр әңгімелерінің бірінде «жылан жылы туғанмын» деген ханға Қожанасыр: «Е, халықты жыланша шаға беретінің де содан екен ғой»,- деп жауап береді.

Жалпы, әлеуметтік шындық қана күлкі шақырады. Адамзат қоғамы – күлкі мен қайғы патшалығының мекені. Өйткені жер бетінде адам ғана өзі күліп, өзгені күлдіре алады. Қожекең туралы әңгімелерде сана сүзгісінен өткен ақиқат жатыр. Кейіпкер үнемі әрекет үстінде көрінеді. Бар оқиға өмірдің өзінен алынады. Әрине, мұндайда қиялдың қызметін жоққа шығаруға болмайды.

Біздің халық үшін күлу қасиетінен айырылу – бақытсыздық. Оны жоғалту жан дүниенің ең қымбат, маңызды бөлігін жоғалтумен тең.

– Алдаркөсенің алдын орап кеткен кейіпкерлер болған ба?

 

– Қазақ ертегілерінде Алдаркөсенің де алдын орап кететін кейіпкерлер кездеседі. Айталық, Алдаркөседен алданып, атын алдырып қойған Жиренше үйіне жетісімен әйеліне болған жайды баяндайды. Әйелі бос бесікті алып, өзенге тақаған Алдаркөсенің соңынан ілеседі. Алдар өзеннен бесікті алып өтейін десе, әйел: «Бала бір оянып кетсе, барар жеріме

жеткенше тоқтамай жылайды. Одан да өзім алып өтейін, атыңызды беріңіз»,- деп жөнеле береді.

Бұл Жиреншені небір қиын кезеңдерден алып шығатын айрықша ақыл иесі Қарашаш сұлу екен.