«Аспан асты елінің» ұлттық мерекесі тойланды

«Аспан асты елінің» ұлттық  мерекесі тойланды

 

         Шығысымыздағы көршіміз Қытай елінің жыл сайын тойлайтын ұлттық мерекесі «Көктем мерекесін»          Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасының студенттері де атап өтті. Аталмыш мереке өзінің сән-салтанатымен басқа мерекелерден ерекшеленеді. Жаңа жыл қарсаңындағы өткізілетін салт-жоралар мен іс-шаралар сан түрлі.  «Чүнзие» қытай тілінен аударғанда «Көктем мерекесі» дегенді білдіреді. Қытай дәстүрлі мәдениетіндегі ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл болып есептеледі. Бұл қытай ұлтының ең салтанатты дәстүрлі мерекесі. Бұл мейрамды тойлау Қытайда б.з.д. 140-86 жылдар аралығында басталған. Оны өткізуде бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрлерінің біразы сақталса, енді біразы қазіргі заман талабына сай өзгертілген. Алайда бұдан мейрамның құндылығы қазіргі күнге дейін жоғалмаған. Оны қытай елі екі апта бойы дүркірете атап өтеді.

Қытайтану кафедрасының өнерлі студенттері қытай тілін ғана меңгерумен шектелмей, бұл елдің мәдениетін де назарларынан тыс қалдырмауда. Оған осы мейрамды жоғары деңгейде көрсете білуі дәлел бола алады. Онда студенттер қытай елінің әнін әуелете шырқап, биін мың бұрала биледі. Қытай жаңа жылы қарсаңындағы міндетті түрде орындалатын айдаһар биі мен тайзичуан биін де студенттер көрсете білді. Іс шара соңында «Қытайтану апталығының» аясында қытай тағамдар күні, қытай тілінен шешендік өнер сайысы, қытайдың каллиграфия және қағаз қию өнері сияқты ісшаралар қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Бұл мерекені тамашалауға келген Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының студенттері мен Конфуций институтының өкілдері өз ризашылықтарын білдірді.

 

C.Сапанов

А.Арзықұлов

Қытайтану кафедрасының оқытушылары