Тәуелсіздік мерекесіне жаңа жыл мерекесі көлеңкесін түсірмесін!

      Тәуелсіздік мерекесіне жаңа жыл мерекесі көлеңкесін түсірмесін!

%d0%b4%d0%b2-%d1%81%d1%82%d1%83%d0%b4%d0%b5%d0%bd%d1%82%d0%be%d0%b2

Тәуелсіздік- ең басты құндылығымыз! Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 25 жыл ішінде тәуелсіз қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен  аман өткізіп келеміз.

16-желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздің алған күні. Бұл күн – төбемізден қара түнек кетіп, күніміз көкке көтерілген күн.  Бұл күн –бодандықтың бұғауы быт-шыт болып бұзылған күн.

Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз,себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.

Дегенмен,қазіргі таңда өзге елден енген жаңа жыл мерекесі асқақ арманымыз Тәуелсіздіктің күнін тойлауға кедергі болуда.

Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесінен, тіпті 3-4 жылдан бері Тұңғыш Президент күнінен де бұрын құрылып алатын жаңажылдық безендірулер мен шыршаларға қатысты сын-пікір жыл сайын айтылады. Дегенмен, бұл көрініс қоғам қарсылығына тап болғанымен,бәрібір қараша айынын ортасынан бастап шыршалар қайтадан бой түзеп алады. Ақиқатында Тәуелсіз елдің тарихында Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күнінен асқан қасиетті күндер болмауы керек. Әсіресе Тәуелсіз елдің қадірін ғасырлар бойы азаттықты аңсаған,талай жылдар тәуменді елдің күнін кешкен еліміз жете түсінуі керек еді.

Түсіне білген адамға өзге елден келіп, дәстүрімізге еніп кеткен Жаңа жыл мерекесі мен ғасырлар бойғы арманымыз, батыр бабаларымыз тіпті азат ел атану үшін өмірін қиған Тәуелсіздіктің арасын салыстыруға келмейді емес пе? Ал бүгінгі күні Тәуелсіздік мерекесінің тіпті Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қоюы елдігімізге сын екені анық.

Әрине, Жаңа жыл мерекесі тойланбасын демейміз.  Тойлансын. Бірақ, әр нәрсенің өз деңгейінде болғаны дұрыс емес пе?!

Жаңажылдық мерекені тойламақ түгіл, шырша құрудан өзара сайысқа түскен әкімдердің әрекеті шынымен халықты қынжылтатындай-ақ болып тұр. Тәуелсіздік мерекесін  жаңажылдық дайындықтың тасасында қалдыру халықтың да қалауы емес.

Шын мәнінде, Тәуелсіздік мерекесі өткеннен кейін де Жаңа жылға дейін бақандай он шақты күн бар. Шын дайындық жасаймын деген адамға он күн де аз уақыт емес.

Тәуелсіздік – шындығында, ұлы мейрам. Ал оның қадірін білмеудің арты үлкен өкінішке әкеп соқпасына кім кепіл…

 

Ботобаева Жадыра

                                      Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті,

Кафедра эл.БАҚ