БАҚЫТ ЖАЙЛЫ ОЙЛАСАМ

РУХАНИЯТ

БАҚЫТ ЖАЙЛЫ ОЙЛАСАМ

(немесе балама хат)

«Құдай бар ма?!. Бар болса неге жақсы адамдарды алып кетеді де, жаманды сайрандатып ұзақ өмір сүргізеді?» деген сауалды адамдардың аузынан жиі естимін. Осы сауал барша адамзатты толғандыратыны секілді кезінде мені де жиі мазалайтын. Бұл өмірде дүниенің қызығына белшесінен батып, қарақан басын ғана ойлайтын, қажет десеңіз, Отанын, туған жерін, елін ақшаға бір мезетте оййланбастан айырбастауға әзір тұратын адамдар қазіргі заманда неге көбейіп барады? Ел тойынып, жағдайлары жақсарды ма десек, керісінше, тойымсыздар мен қанағатсыздар көбейіп, дүниеқоңыздық көзімізді тұмшалап бара жатқаны анық. Неге? Неге?

Осындай ойлар көп адамдардың ойын ойрандап жатыр. Осындай ойлар менің де санамды көп сарсаңға салған еді. Соңғы бірер жылда ден саулығым сыр беріп, ақыр аяғында дәрігерлердің алдынан бір-ақ шығып, күрделі ота жасатуыма тура келді. Астанамызда кейінгі жылдарда пайдалануға берілген Қазақстан Президентінің іс басқармасына қарасты ауруханада жатып, ота жасаттым. О дүниенің есігін қағып, бір сөзбен айтқанда, құдай қолдап аман қалдық. Дүниеге жаңа келгендей сезіндім. Өмірге, айналаға, дүние мен байлыққа, мүлікке деген көзғарасым мүлде өзгерді десем де болады. Алдымен, өзім өмір бойы армандаған, бірақ, жете алмаған биіктерге қол созып, ұмтылып жүрген балаларымның барына шүкіршілік еттім. Сосын, біздер секілді жарты ғасырын адал еңбекпен өткеріп, зейнет жасына жеткен қарапайым адамдардың емделуіне қолжетімді жағдай жасап, әлемдегі ең мықты деген аурухананы салдырып берген қазақ елінің Президентіне алғысымды білдірдім. Осының бәрін ой елегінен өткізе келгенде Алла Тағаланың барына шүбә келтірген кездерім үшін өкініп, құдайдың алдында кешірім өтіндім. Содан да болар, құдай туралы көзқарасым да мүлде өзгере бастағанын сездім.

Сонымен, құдай бар ма? Бар болса ол неге барлық адамдарға бірдей әділ емес?!. Осы сауалдың жауабын да өзім тапқандаймын. Біз адамдар құдайға өзіміз жақындауымыз керек. Алла Тағала сондықтан да, барша тірі хайуаннан өзгеше етіп, адамға сана, ақыл берген. Еркіндік берген. Егерде, біздер, құдайдан қорқып немесе оны мойындап, оны сүйіп, оған қаншалықты жақындай түссек, оның санамыздан берік орын теуіп, қалыптаса бастағанын сезеді екенбіз. Содан кейін барып, оның, Алла Тағаланың өмірімізге оң өзгеріс енгізе бастағанын, көп істерімізге қатысы бола бастағанын көреміз. Тіпті, тереңірек сезінеміз.

Мен мұндай қорытындыға төрт айлығымда – анамнан, жастай – әкемнен жетім қалып, төрт бірдей анадан тәрбие алып, ержетіп, отбасын құраған кезде, немере сүйіп, ата болған шақта келдім;

мен мұндай қорытындыға өзім жетсем деген биіктерді бағындыра алмаған өткен өмірімнің көптеген армандарын ұлым мен қыздарымның орындап, солардың бақытты, базарлы шақтарын көрген кезде келдім;

мен мұндай қорытындыға белгісіз дертке шалдығып, өмірдің бір сәтін өң мен түстей ажырата алмай жатқан шағымда сүйікті жарым Разияның, өмірімнің жалғасы ұл-қыздарымның, немерелерім, келіндерімнің, құда-құдағиларым мен бауырларымның шырылдап, қарлығаштың қанатымен су сепкендей араша түскен сәттерінде келдім;

Өмір маған тағы да есігін айқара ашты. Сайып келгенде, өлім мен өмірдің арасы қас қағым сәт екенін өмір тағы да есіме салды. Олай дейтінім – өткен өмірімнің үзігіне көз салып, ой елегінен өткізсем осы жасыма дейін он бір мәрте… тура келген ажалдан аман қалыппын. Өз тағдырыма осыған дейін өзім ғана қожа болып келген, мен, оның бәрін тізбектеп жатуым қажет те емес шығар…

Ең соңғы мәрте өмір мен өлім арасында жатқан сәтімде өзім еңбек етіп жүрген Каз МУ-дегі әріптестерім, дос-жарандарым үнемі байланыста болып, ыстық тілектерін жеткізді. «Көп тілегі – көл» деген, осындай-ақ болар. Бір қызығы дәл осы күндерде БАҚ саласындағы еңбегім ескеріліп, Елбасымыздың «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен наградталдым. Алматыдағы «Баспалар үйі» баспасынан «Айналайын» деп аталатын балаларға арналған кітабым жарық көріп, менің әлсіз соққан жүрегіме жылу сыйлады. Бұл кітап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді.

* * *

«Қателесіп қайғы шекпеген, қиындық көрмеген кісі ақиқаттың да, бақыттың да не екенін білмейді,» – депті, Мырзакелді Кемел деген ағамыз. Өмір ақ пен қарадан, жақсылық пен жамандықтан, әділет пен әділетсіздіктен тұрады. Содан да болар, адамдар, біздер, сол өмірдің заңдылықтары мен ережелерінен күнделікті шаршап жүреміз. Бақытқа қол жеткіземін деп талпынған сайын алдыңнан жаңа кедергілер көлденеңдеп шығып жатады. Осындайда, сол өмірге байсалды көзғарас принципі біздің ой-санамызға күніне ең болмағанда жарты сағат болса да жалғыздықтың болғанын, жалғыз отырып, оңаша тыныстауды қажет етеді екен. Ішкі жан дүниеміздің тыныштығы алған беттегі бастапқы мақсатымыздан айырылып қалмауымызға, жүйкемізді бір қалыпқа келтіруімізге, ойланып, кездейсоқ сәтсіздіктерден қорғануымызға, айналамызда қоршаған адамдармен түсіністікке, ақылға шақырады.

Африкандықтардың адамдардың бақытты өмір сүру мұратына жету жолындағы принциптері мынаған саяды екен:

  1. Жастай жер жастанып қалмау;
  2. Кедейшілікке ұрынбау;
  3. Қиындаққа ұшырамаудың жолын іздеу;
  4. Өмірдің дәмін ұғыну;
  5. Балаларынды өсіріп, жеткізіп, солардың бақытын сезіну;
  6. Ең соңында, дәм-тұзың таусылатын өміріңнің соңғы күніңде алаңдамай,

ана дүниеге жаныңның қиналмай аттануы;

Халқымызда да бұл туралы: «Бақыт – бостандықта, байлық – еңбекте», деген ғой. Осы ойды Бальзак та айтқан екен: «Бақыт – өжеттік пен еңбек арқылы келеді», деп. Ал, әл-Фараби бабамыз: «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білетіндігінде, адамның мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында», депті.

Басыңа бақыт құсы қонғанда сенен асқан дана жоқ, басыңнан бақыт құсы ұшып кеткенде сүйенерге қасыңда қара жоқ. Сондықтан да, бақытты болғысы келгендер рахат сезіміне шомыламын деп, аса масайып кетпегені жөн екен. Масайып, есін жоғалтқандар жамандыққа ұрынары сөзсіз. Бұл жайында Сенека деген данышпан былай дейді: “Бақытты жандар деп рахат сезімге жирене қараудан рахат ала білетіндерді айтамыз”.

Адам баласының басынан қаншама заманалар айналып өтсе де бұл ұғымдардың ешбір өзгермесі анық.

* * *

Ел секілді мен де бақыт жайлы көп ойланамын. Ат жалын тартып мінген жігіт кезімде болашағыма бір сәт көз жіберіп, үлкен-үлкен армандарға жол тартатынмын. Оның кейбірі туралы әңгімелеп өтсем де болады. Алдымен, суретші болуды армандадым. Қаламмен ақ қағазға сурет салып біраз әурелендім де. Майлы және суға еритін бояулар ол кезде болған жоқ. Оның үстіне салған суреттерімді бағалайтын, жол сілтейтін ұстаз да кезікпеді. Алматыға келіп, Каз МУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Ол кезде біздің топта ақындар көп оқыды. Соларға еліктеп, өлең жазуды бастадым. Бірде, ақын досым Ұлықбек Есдәулетов (бүгіндері қазақтың белгілі ақыны) менің «Қарлығаштар» деген алғашқы жас ақындардың жинағына шыққан өлеңдерімді, балладаларымды оқыпты. Екеуміз сапты аяқ сыраны ішіп, рахаттанып отырғанда, ұмытпасам 1985 жылдың күзінде, былай дегені бар:

– Осы сенен талантты ақын шықпасы анық. Білемін, ортаңқол ақын боп қалыптасасың. Бірнеше кітабың да жарық көреді. Бірақ, досым, ақын болу сенің маңдайыңа жазылмаған секілді. Басыңды жоғалтып алмай тұрғанда, журналистикаңды айналдырып, отбасыңды құрып, шаруаңды түзеп алғаның жөн. Онда қаламақыны да жақсы төлейді.

Оның осы сөзі маған қатты әсер еткені соншалықты мен өлең жазуды біржола тастап кеттім десе де болады.

Оқуымды бітірген соң «жұмысым болса, үйленіп, отау құрсам, менің жұпыны жағдайымды түсінетін, сүйе де, қиыншылығыма күйе де білетін жанға жолықсам, бес-он жылда жеке пәтерге ие болсам, балаларым бесеуден кем болмаса» деп, терең-терең қиялға шоматынмын. Жалпы, бүгіндері өткен өмірім туралы ойласам: «көңілімдегі алған мақсаттарым жүзеге ассын десем,

ол туралы ұзақ, әрі табанды түрде көз алдыма келтіріп отыруым керек» деген қағиданы берік ұстанған секілдімін. Өйткені, кейбір жетістіктеріме қанағат ететінмін де, қол жетпейтіндей көрінер алыс армандарыма қиялым арқылы жетіп, соған да қанаттанып, содан бойым жеңілденіп қалатын еді.

Кейін осы айтқан армандарымның кейбірі біртіндеп жүзеге аса бастағанда, енді, шетелге шығуды, біздің кеңес елінен басқа әлемде өмір сүріп жатқан адамдардың тіршілік-тынысын көргім келді. Бұл арманым да орындалып, Азия, Еуропа елдеріне талай рет іс сапармен барып қайтуға жолым түсті.

Міне, бүгін, қырық жеті жылдық еңбек өтілімен зейнет жасына іліктім. Десек де, адамның асқақ армандарының бәріне бірдей қол жеткізуі мүмкін емес екенін түсіндім. Ең басты шүкіршілік етерім, балаларым мен жеткен биіктерден де жоғары көтеріліп, менің қамқорлығымнан босанып шығып, ендігі жерде өздері маған көмек көрсете алатын дәрежеге жетіпті.

Ұлым хабарласып, Астанадан салынып жатқан коттедждерден үй алғанын хабарлады. «Мамам екеуіңіздің қасымда болғандарыңызды қалаймын. Ақыры менімен бірге тұруды қаламайды екенсіздер, олай болса, қасымда жақын жерде тұрғандарыңыз дұрыс. Жас келгенде балтыр сыздап, бас ауырмай ма. Сондайда, менің де көңілім орнында болады», дейді.

Әкем Молдабайдың өмір бойғы арман еткені – осы қара шаңырақ. «Ана жақтағы өміріме үлкендеу үйден шықсам» деп армандап еді жарықтық. Бірақ, бұл арманына ол кісі жете алмай кетті. Тіпті, менің жиырма жеті жасқа толар толмас шағымда Алматыдай ару қаладан үш бөлмелі пәтерге ие болғанымды да көрген жоқ. Оның асыл арманына, ұлым, менің қолымды жеткізіп отыр.

«Егер, кімде кім өзін-өзі таныса, ол адам өзінің құдайын да таниды» деп жазылған екен Түркістандағы қасиетті Қожа Ахмед Иассауидың кесенесінде. Бірде, қатты аурудан өлім аузынан емделіп, аман қалып, үйге шыққанымда: «Жүрегімде өзімді сеніп тапсыратын жалғыз ием ғана қалды!» дедім, жұбайым Разияға еркелеп. Оның көзінен лезде мұң секілді реніш пе, өкпе ме, әлде бір түсініксіз өзгерісті байқадым. Сосын, ота жасатып, аурухана төсегінде жатқанда шығарған мына өлеңімді оқып бердім:

 

БАҚЫТ ЖАЙЛЫ

Бақыт деген не, өзі?

Шалқу ма екен…

От болып, айналаңды шарпу ма екен?

Жоқ, әлде, сүйіктіңмен оңашада,

Ұмытып, дүние мұңын балқу ма екен!..

Бақыттың ұғымына түсінбедім,

Өңім, әлде, ғажайып түсім дедім.

Сағыныштан туатын сезімдерді,

Қиялымда тербетіп мүсіндедім.

Дей алмаспын, өмірге,

Еркелеттің,

Төрт айымда, анашым, ерте кеттің.

Әкеден де айырылдым жастайымнан,

Тағдыр, сөйтіп, есейтті ертерек тым.

«Жетім қозы – тас бауыр» болмасын деп,

Аида мен Әнелім, Алмасым боп,

Бақыт құсы қонды ма,

Иығыма,

Өмірімнің жаңа бір жалғасы боп?

Муза болып кейде ол, көрінеді,

Өлең болып жанымда өріледі.

Жүрегімнің түбінде жасырынған,

Сазым болып сырларым төгіледі.

Бақыт жайлы толғансам, ойға кетем,

Қалай, оны аялап, қорғап өтем.

Қабағымды күні-түн бағатұғын,

Әлде, бақыт –

ЖАРЫМ боп келді ме екен!?.

Құдиярбек Молдабайұлы

 АҒЫБАЕВ