Ұстаздың алтын жұлдызы

DSC_0940 02 Молдабеков А DSC_0819

 

ҰСТАЗДЫҢ АЛТЫН ЖҰЛДЫЗЫ

Жарияланды 14.11.2014 01:39

 

Белгілі тележурналист-ғалым Әмір Абусағитұлы Молдабеков осыдан ширек ғасыр бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітіріп, Қазақстан телерадиосында студиядан тыс хабар тарату бөлімінде өзінің еңбек жолын бастаған еді. Содан бергі оның өмірі өзі оқыған білім ордасымен тығыз байланыста болып келеді. Атап айтқанда, журналистика факультетінің жаңадан құрылған «Сана» телестудиясында жетекші, 1993 жылдан бастап университеттің техникалық құрал-жабдықтар мен жаңаша оқытудың технологиясы бөлімінің бастығы (ТСО и СОТ) қызметтерін атқарды. Филология ғылымдарының кандидаты Ә. Молдабеков – «Электронды университет жобасы» авторларының бірі. «Хабардың бес белесі» атты зерттеу еңбегі 2008 жылы «Бес белес» деген атпен қайта толықтырылып баспадан жарық көрді.

 

Сондай-ақ, Ә.Молдабеков 1994 – 2000 жылдар аралығында «Қазақстан» телеарнасынан апта сайын беріліп тұрған «Түрік даналары», «Дара тұлғалар», «Тұлпардың тұяғы» атты тізбекті телебағдарламалардың тұрақты ғылыми кеңесшісі болды. Осы және басқа да телебағдарламалары үшін 1995 жылы оған Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығы берілді. Әмір Молдабеков «Түрік даналары» авторлық бағдарламасы бойынша Түркия, Германия мемлекеттерінде іссапарда болып, тізбекті хабарлар дайындауға белсене ат салысты. «Түрік даналары» авторлық телевизиялық бағдарламаның ұзын-саны 40 сериясын түсіріп, эфирден өткізді. Сонымен бірге, оның түсірген бұл телехабарларын Түркия, Әзербайжан телевизиялары эфирден көрсетіп тұрды. Атап айтар болсақ, «Түрік даналары» телебағдарламасын Түркия мәдениет министрлігінің ұсынысымен «Нихал Атсыз» деген интернет-саиттан қазіргі кезде де тамашалауға болады.

Жақында ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «Қазақстан журналистикасының бүгіні мен болашағы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Осы конференция барысында Қазақстан журналистика Академиясының Президенті, профессор Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев М. Барманқұлов атындағы телестудияны құруға белсене сіңірген еңбегі үшін өз қолымен Академияның «Алтын жұлдыз» сыйлығын Ә. Молдабековке табыс етті.

– Телевидение Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың шынайы өмір серігіне айналған еді, – дейді  С.Қозыбаев. – Көзі тірісінде отандық тележурналистиканың атасы атанып, телевизия туралы көптеген мазмұнды да құнды оқулық кітаптар жазды. Осындай аты аңызға айналған адамның есімін ел есінде қалдыру барысында оның сүйікті шәкірттерінің бірі, жанында бірге жүрген әріптесі Әмір Абусағитұлы Молдабековтың сіңірген еңбегін елемеу мүмкін емес. Бүгіндері журналистика факультетінің ғана емес, бүкіл университет қауымына, студент-жастарға телеөнерінің қыр-сырын танытып, лайықты қызмет көрсетіп келе жатқан телестудияның аяғынан тік тұрып, жұмысының дұрыс жолға қойылуына оның қосқан еңбегі өлшеусіз дер едім. Сондықтан да, Әмір Абусағитұлын осынау құрметті атаққа лайық деп таптық.

Иә, ұстаз атын шәкірті дәріптеп, өзі де оның ұлағатынан шапағатын көріп жатса, бұл да оның азамат деген атқа лайық екендігінің бір белгісі болса керек.

Құдиярбек АҒЫБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Ұлттық Университеттің аға оқытушысы